Еліміздің көптеген, тіпті барлық жерінде, өкінішке орай, қаралы үйде бірінші күнінен бастап мал сойылып, жаназаға қатысқандарға қазан-ошақ құрылып, тамақ беріліп жатады. Алайда, мұндай әдет-ғұрыптардың дінімізде орны қаншалықты екенінен көпшілігіміздің хабарымыз жоқ екенін мойындауымыз керек.
Қандай жағдай болса да адам ең алдымен салауатты ойлауы керек. Неге, қаралы үйде дереу мал сойылып тамақ дайындалады және таратылады? Исламдағы орны қандай? Мысалы, оның пайдасы бар ма, осыларды жасау күнә ма? Сонымен қатар, сауап пен күнә ұғымдарының қайнар көзі неде? Құранда немесе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде осындай тәжірибе немесе кеңестер бар ма?
Осы сұрақтардың барлығына логикалық тұрғыдан ешқандай жауап жоқ. Алайда, Ислам діні ақыл мен ғылымға, сондай-ақ Құран мен Сүннетке сүйенеді. Зер салып қарайтын болсақ, бірде-бір аятта, қандай да бір хадисте немесе басқа да дереккөздерде жаназа шығарылған үйде мал шалып, тамақ дайындау туралы айтылмаған.
Жаназа үйі – көңіл айтып келгендермен көрісу, сабырлылыққа шақыру және қайғы-қасіретті бөлісетін жер. Жаназа шыққан үй мейрамхана, кафе немесе шай ішіп демалып отыратын жер емес.
Көңіл айту, қайтқан адамның туыстарының одан бетер қайғыруы үшін емес, керісінше қайғысын бөлісіп жеңілдететін, сабырлы және бекем болуына көмектесу мақсатында болады. Осы жерде барлық нәрсенің өткінші екендігі, демек, адам Ұлы Аллаға тиесілі екендігі және барлық тірі жан қалай болғанда да Оған баратыны естеріне салынады.
Ислам дәстүрінде және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өсиетінде мүмкіндігінше тез орындалуы керек үш нәрсенің бірі – «жаназаны шығару» болса, жаназаны жерлемей тұрып құрбандық ретінде мал сойып, тойға шақырғандай тамақ беру ақылға да сыймайды және дін тұрғысынан да орынсыз.
Біздің дінімізде құрбандық мал шалу бала туылғанда, шүкіршілік еткен кезде немесе діни мерекелерде қуанышын білдіру мақсатында шалынады. Ал, қазаға байланысты құрбандық шалу дәстүрі жоқ, себебі, өлім шүкіршілікті қажет ететін қуанышты сәт емес. Сәйкесінше, жерлеу рәсімінен бұрын және кейін жаназа үйінде мал шалудың, аста-төк тамақ берудің исламда орны жоқ.
Кейбір жерлерде бүгінгі дәстүрлердің бірі – жерлеу рәсімінің алдында құрбандыққа шалынған малдың етінен үйге көңіл айтуға келген қонақтарға сый-сияпат беру әдет болып қалған. Алайда, қазалы үйге жұбатуға, қайғыны бөлісуге келгендерге тамақ беру дұрыс амал емес.
Себебі, жақын адамы қайтыс болған ағайын-туыстары қайғы-қасірет шегіп, көз жасын төгіп жылап жатқанда, сол шаңырақта дастархан жайылып, ас ішу қайтқан кісінің туыстарына құрметсіздік емес пе?
Сол сияқты, қазалы үйде орын алған осындай орынсыз әрекеттермен қатар, жаназа табытқа салынған соң да исламға сай келмейтін әрекеттерді көріп жатамыз.
Мәселен, ешқандай діни негізі болмаса да, жаназаға қатысқандарға және сол шараны атқаруға көмектескендерге ақша таратылады немесе жыртыс ретінде әртүрлі бұйымдар беріліп жатады. Бұл әдет жаназа шығарылған үйдің егесінің бай немесе кедей екендігіне қарамастан, діни бір міндет сияқты осы дәстүрге айналып кеткен.
Бұл дәстүр бұрындары болған жоқ емес, болды. Алайда, ол кезде егер қайтыс болған кісі жасы егде тартқан, өзі абыройлы танымал кісі болса сол кісінің көзіндей көріп жүру үшін тәбәрік ретінде оның киген киімдерін таратып беруші еді. Ал қазір болса, бір қажеттілікке жарай ма, жарамай ма белгісіз, тарату керек деп базардан барып сатып аламыз да соны үлестіріп жатамыз. Кей жағдайларда, оны алған адамдар да ештеңеге пайдаланбастан тастай салады. Бекерге ысырап болған дүние.
Соған қарамастан, қазалы үйдің иесі мен туыстары кедей болса да, жаназаға қатысқандардың алдында ұятқа қалмайын деп немесе намыстанып қарыз алса да бұл әдет-ғұрыпты орындауға мәжбүр болады. Осының салдарынан көптеген адамдар рухани қайғы-күйзеліспен қатар, бірнеше ай бойы қиналып төлейтін, тіпті кейде төлей алмайтын ауыр қарызға батуға мәжбүр қалады.
Негізінен, жақынын жоғалтып, қайғы-мұңға салынып отырған шаңырақта қайғыларына байланысты өзгеге тамақ беру былай тұрсын өздеріне қарауға шамасы келмей жатқанда, оларға көршілері мен туыстары тарапынан тамақ беру секілді ел ішінде керемет дәстүр болған еді.
Алыстан ат арылтып келгендер, демалып тынығып алуға қажет болғанда сол үйлерге барып демалып, ас-су ішіп алады. Осы дәстүрді қайта жаңғырту, насихатату керек-ақ. Мұның тысында мал шалып ас беру немесе ақша тарату секілді ғұрыптарға Құран мен Пайғамбардың сүннетінде орын жоқ.
Бұл айтылғандардан «қайтыс болған адамның артынан ешнәрсе жасауға болмайды» деген тұжырым шығаруға болмайды. Керісінше, қайтқан адамның ағайын-туыстары жерлеп болғаннан бірнеше күн өткеннен кейін өз-өздеріне келген соң мүмкіндігіне қарай қайтыс болған жақынының аруағына деп садақа берсе болады, кедейлер мен мұқтаждарға тамақ беріп, көмек көрсетсе болады. Бұған дінімізде ешқандай кедергі жоқ.
Қайтыс болған адамға жақсылық жасағымыз келсе, оған пайда әкелетін амалдар жасауға тырысуымыз керек. Мысалы, оның атынан кедейлер мен мұқтаждарға садақа тарату, Алладан кешірім сұрап Құран бағыштап дұға ету, артында қалған ұрпақтарына демеу көрсетіп, көмектесіп тұру, т.б. сияқты амалдар жасау сауапты іс болады.
Бүгінгі күні «мен ту бие сойдым», «саба-саба қымыз алдырдым» немесе «қымбат бұйым тараттым» деп астамшылдық жасап, мақтанатындарды көріп жүрміз. Бұдан қайтқан адамға еш пайда болмайды. Керісінше, мақтаншақтық пен астамшылдыққа ислам діні барынша тыйым салады.
Әрине, мұндай салт-жораны ұстанатын қоғам үшін бұл әдеттен бас тарту қиын. Сонда да, дін тұрғысынан парыз еместігін және әлеуметтік жағынан туғызатын қиындықтарды ескере отырып, жаназа шыққан үйде ас беру тетіктерін реттейтін арнайы құжат қабылдау – заман талабы.
Балғабек МЫРЗАЕВ