Статистика бойынша, еліміздегі әрбір екінші неке ажырасумен аяқталады екен. Олардың 83%-ының ортақ балалары бар. 400 000 жалғызбасты ана мен 60 000 жалғызбасты әке бір өзі бала тәрбиелеп, отбасын бағып отыр.
«Рай» дағдарыс орталығының директоры Райхан Бекманқызының айтуынша, неке-отбасы қатынастары түсінігін жандандыру, отбасы құндылықтарын қоғамда кең ауқымда насихаттау ісін ілгерілету ауадай қажет. Жас буын өкілдері үшін арнайы консультативтік орталықтар жұмыс істеуі керек. Әсіресе, ер-азаматтарды әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру қажет. Балаларын жалғыз өзі жетелеп келе жатқан ер адамдар көбінесе қайғы-қасіретін ішке бүгіп, ішкілікке салынып жатады.
Алла Тағала: «Нағыз ерлер (тәрбие беруде) әйелдерге басшы һәм (нәпақамен қамтамасыз етіп) қорған болғандары. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қамқор болу сынды мәселелерде) қабілетті етіп жаратқандығы әрі ер адамдардың қаражат жауапкершілігін арқалағандығы» («Ниса» сүресі, 34-аят) деген.
Райхан ханым отбасының берекесі кетіп, ерлі-зайыптылар өз міндеттерін орындамағаннан кейін өте ауыр жағдайлармен бетпе-бет келеміз дейді.
– Дағдарыс орталықтарында тұрмыстық зорлық құрбандарына көрсетілетін көмек екі түрге бөлінеді. Кейбір жәбірленушілер әртүрлі мамандардан кеңес алуға келеді. Ал өзгелері орталықты паналап, толық бейімделу курсынан өтеді. Өткен жылы орталық 25 әйел мен 67 балаға пана ұсынды. Ал биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде біздің көмекке мұқтаж 16 әйел және олардың балалары уақытша паналау орталығында «бас сауғалады». Былтыр біз 300-ден аса нәзік жандыларға көмек көрсеткен екенбіз, – дейді «Рай» дағдарыс орталығының директоры.
Исламтанушы Самет Оқанұлының айтуынша, Алла Тағала ерлі-зайыптылардың көтерген шаңырақтарын шайқалтпай, жарасымды өмір сүрулері үшін бір-бірінің алдындағы кейбір міндеттері көрсетілген.
– Отбасы мүшелерінің өзара көптеген міндеттері бар. Солардың ең бастысы – өзара сыйластық, жанашырлық. Сыйластық болған жерде иманмен өмір сүру, баланың дұрыс тәрбие алуы, өмір қиындықтарын оңай еңсеру сынды істер өз кезегімен нәтиже бермек. Ал ерлі-зайыптылар бір-бірінен айып іздеп, берекесіздік белең ала бастаған жағдайда отбасындағы қиындықтар шешілудің орнына еселене түспек. «Ниса» сүресінің 34-аятында отағасының қарамағындағы жас балалары мен әйелін асырауы басты міндеті ретінде айтылады. Ел қатарлы жақсы өмір сүрмеу, бала-шаға арасындағы ұрыс-керістің туындауына, тіпті, қоғамда әртүрлі қылмыстардың жасалуына әкеліп соғары анық,– дейді исламтанушы.
Бүгінгі таңда елімізге танымал психолог-тренер Марзия Бекайдардың айтуынша, ер мен әйелдің арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ қарым-қатынасты сақтайтын қарапайым алғышарттың бірі – сенім арту.
-Сіз өмірге әйел болып келдіңіз, әрдайым қолдау мен қорғауға мұқтажсыз. Ал ер-азаматыңыздың міндеті – сізге қамқорлық таныту. Ер азаматтың қамқорлығын сезінбесеңіз, демек өзіңіз кінәлісіз. Неге барлығына әйелдер кінәлі болады? Өйткені, өзіңіздің табиғатыңыздан нәзік жаратылыс иесі екеніңізді ұмытып кетесіз. Әрдайым ер-азаматқа арқа сүйеп, оның сіз үшін қорған бола алатын адам екендігіне сеніңіз. Еріңізге сенетініңізді сездіріңіз, – дейді психолог.
Сондай-ақ исламтанушы Самет Оканұлы ер адамның міндеті тек отбасымен шектелмей, бір ұшы қоғаммен байланысып жатқанын айтады. Аятта әйел кісінің ар-намысын сақтау, бөгде еркекпен көңіл қоспау және отбасындағы сырды сыртқа шашпау басты міндеттері ретінде айтылған. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «Жұмақтың қалаған есігінен кір», – деп айтылады» (Ахмад,1661.)- дейді.
Ал Алматы облысы, Панфилов ауданының бас имамы Ұлан Сарпекұлы дініміз Исламда отбасындағы барлық жауапкершілікті ер адамға жүктегенін айтады.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ер адам отбасы үшін жауапкер және отбасы үшін сұралады», – деп ер адамның міндеті мен жауапкершілігін анықтап көрсетіп кеткен. Әрбір ер кісі отбасындағы береке, бірлік, жарасымды тірліктің баянды болуын калайды. Отбасында еркектін мәртебесі қашанда жоғары тұрады. Сондықтан ер адам өзіне жүктелген аманат пен жауапкершіліктің бар екенін сезініп, отбасына адал жолмен рызық тауып асырауға міндетті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жегендеріңнен оларға да жегізіңдер, кигендеріңнен оларды да киіндіріңдер», – деген. Ер адам отбасының тамағын, киімін, басқа да қажеттіліктерді тауып беріп отыруы қажет. Еңбектенбей, өзіне жүктелген міндетті ескермей, жалқаулыққа салынып отбасына мән бермей, көңіл бөлмей жүрген жандар қияметте жауапқа тартылады, – дейді бас имам.
Самет Оқанұлы әйелі бір тапқанын екіншісіне жеткізбей отырса, жұбайының жұмысқа деген қызығушылығын салқындатып, жұмыссыз қалуына себеп болуы мүмкін дегенді алға тартады.
– Бұл ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керістің туындауына, ажырасуға және әке-шешенің тәрбиесін көрмеген жетімдердің көбеюіне әкеліп соғады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда дінге жаңа бет бұрған кейбір қарындастарымыз, шариғаттың «Отағасы әйел, бала-шағасын бағуға міндетті» деген тұсын біржақты түсініп жүрген тәрізді. Әрине, мұсылман әйелдердің барлығын айыптаудан аулақпыз.
Әйтсе де, хадистегі «Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты» деген жеріне сүйене отырып, кейбір әйелдердің «Мені ерім бағуға міндетті. Мен ешнәрсе істеуге міндетті емеспін» деген сынды түсініктері дұрыс еместігін, отбасындағы әйел адамның да өзіндік міндеттері барын ескерту қажет. Ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып келген қазақ халқының салт-дәстүрі мұсылмандық тәрбие негізінде қалыптасқаны анық, – дейді исламтанушы.
Қарағанды қаласындағы «Әл-Машани» мешітінің наиб имамы А. Тенелов бақытты отбасы болудың кілті асыл дініміздің бұйырған құндылықтарында жатыр дейді. Алла тағала екі дүниемізге қайырлы істерді бекітіп бергендіктен, адамзат баласы осы қағидаттарды орындау арқылы шаттыққа кенелмек.
Еске салсақ, ер мен әйелдің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын қамтамасыз ету саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін және мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдікке жағдай жасауға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілеген.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ