Мешіт – пендені имандылыққа баулитын, барлық жақсылықтың тоғысқан қасиетті сүйіспеншілік мекені. Ocыған байланысты, Қaзaқcтaн Мұcылмaндaры дiни бacқaрмacының баспасөз хатшысы – Ағабек Қонарбайұлымен cұхбaттacқaн едiк.
– Ағабек мырза, мемлекет деңгейіндегі мешіттердің қызметіне тоқталып өтсеңіз. Мешіттердің халықпен байланысы қандай? Aлланың үйі саналатын мешіттерде қандай шаралар атқарылып келеді?
– Ата Заңымыздың 1-бабында мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені көрсетілген. Осы ретте мешітте адам тағдырына, атап айтар болсақ отбасылық кеңес, бала тәрбиесі, ажырасу және басқа да мәселелерге қатысты кездесулер, дәрістер өтетінін айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ, мешіттер мемлекет тарапынан қолға алынған отбасы институтын дамытуға айтырлықтай үлес қосуда. Мешіт – өмірдің ең өзекті мәселелері шешілетін қасиетті орын.
Бір ғұлама «Өмір – мешіттің ішінде, мешіт – өмірдің ішінде», – деген екен. Түйіндеп айтқанда, мешіт пен өмір – егіз ұғым. Расында, мұсылманның өмірі мешіттің ішінде. Дүние есігін ашқан сәтте сәбидің құлағына азан шақырылады. Шілдехана, тұсаукесер сынды діни һәм дәстүрімізде қалыптасқан рәсімдер барысында мешіт имамдары бата беріп, дұға жасайды.
Ержеткен немесе бойжеткен ұл мен қыздың некесі мешітте қиылады. Неке үйде қиылса да бұл рәсім имамның қатысуынсыз жүзеге аспайды. Жас жұбайлар бір-біріне бейімделіп, олардың арасында ортақ түсінік қалыптаспайынша кейде сөзге келіп қалуы әбден мүмкін. Мұндай мысал әр адамның басынан өтіп те жатқаны жасырын емес. Осындай келеңсіз жағдай кезінде отағасы мешіт имамынан кеңес алып, насихат тыңдайды. Демек, мешіт қызметкері отбасылық мәселеге де араласып, екі жасты жарастыруға, олардың арасында сүйіспеншіліктің қалыптасуына өзіндік үлесін қосады. Мешітте адам тағдырына қатысты шариғи үкімдер қабылданады.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көпбалалы отбасылар мен көмекке мұқтаж адамдарға көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, мешіттер де халыққа қызмет етіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық көмектерін аямауда.
Мешіт – қайырымдылық мекені. Қаншама жандар мешіттерден аз-кем көмек ала отырып өмірге деген құлшынысы артып, үміттері қайта жалғанып жатады. Жолда қалғандар мен қарызға батқандар, науқастанған жандар мен көпбалалы отбасылар аз да болса Алла үйінің шарапатына бөленуде.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы облыстың бас имамдарына «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясын ұйымдастыру арқылы халыққа қызмет етуді тапсырған болатын. Аллаға шүкір, акция аясында мешіттеріміз 26 610 отбасыға азық-түлік тарату арқылы қайырымдылық көмек көрсетті. Вирустан сақтану үшін 54 271 бетперде таратты. Сондай-ақ, 264 адамға түрлі дәрі-дәрмектер үлестіріп, 400-ге жуық ерікті жұмысқа жұмылдырылды. Бұл – аз ғана уақыттың ішінде атқарылған қайырымдылық шаралар.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жыл сайын «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Осы бастамаға мешіттеріміз де үлесін қосып келеді. Өткен жылы «Мектепке жол» акциясы аясында 250 158 отбасына мектепке қажетті құралдар мен киім-кешектер таратылды.
– Діни сауат медреселерде алынатыны белгілі. Халықтың рухани білімін арттыруда діни сауат ашу курстарының рөлі қандай?
– Мешіт есігі рухани біліммен сусынданамын деген кез-келген жанға ашық. Алланың үйі мұсылман баласының риясыз құлшылық жасайтын рухани ордасы болуымен қатар оның жан-жақты ілім алуына да көмектеседі. Ұлтымыздың болашағы үшін шыбын жанын құрбан еткен кешегі Алаш арыстары мен халықты діни ағарту ісінде ерен еңбек еткен Абай мен Шәкәрімдердің мешіт-медресе қабырғасында ілім алғаны сөзіміздің айғағы.
Бүгінде еліміз бойынша мешіттерде 985 сауат ашу курстары жұмыс істейді. Бұл курстан халықтың алғашқы сауаты ашылады. Мәселен, 2019 жылы аталмыш 985 сауат ашу курсынан 49 790 адам түлеп ұшты. Оның 32 841-і – ер адамдар, 16 949-ы – қыз балалар. Курста әдеп, Ислам тарихы, Құран әліппесі т.б. пәндерден дәрістер өтеді.
Мешіт пен діни сауат ашу курстары – тәрбие мектебі. Құлшылық үйінен тәлім алған азамат отбасы мен Отанына әсте опасыздық жасамасы анық.
– Діни еңбектерді сараптау мен оны мақұлдау мәселесі қалай жүзеге асып келеді?
– Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жанында Діни сараптама және талдау секторы жұмыс істейді. Аталған сектор діни мазмұндағы еңбектердің мазмұнына сараптама жасайды. Сараптамада кітап шариғатқа қайшы емес пе, ол ұлтаралық немесе дінаралық татулыққа сызат түсірмей ме, мемлекет бастамаларын жоққа шығармай ма, салт-дәстүрді мансұқтамай ма? деген сұрақтар талқыланады.
Міне, діни бағыттағы еңбектерге сараптама жасау жұмысы барысында осы мәселелерге баса назар аударылады. Ғалымдарымыз талапқа сай келмейтін кітаптарға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының рұқсатын бермейді.
– Елімізде мешітті салу мен оған ат қоюдың арнайы тәртібі бар ма?
– Халқымызда «Азаны бар ауыл – азбайды» деген нақыл бар. Мешіт – барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Ол құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, бірлік пен берекенің ошағына айналуда. Тәуелсіздік алған жылдары еліміз бойынша мешіт саны небәрі 68 болса, бүгінде ол 2700-ге жетті. Аллаға сансыз шүкір!
Әрбір облыс пен аудан орталықтарында, кәсіпкерлер мен ізгі ниетті азаматтар қаражатына, сондай-ақ мұсылман елдері демеушілерінің көмегімен сәулеті келіскен мешіттер салынуда. 100, 150 жылдық тарихы бар мешіттер жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне қайта берілуде.
2018 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесі» атты арнайы ереже бекітілген. Бұл – еліміз бойынша типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртібін қалыптастыратын негізгі құжат болып саналады. Ережеге сәйкес, бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады:
- ауылдық (сыйымдылығы – 70-500 адам),
- аудандық (сыйымдылығы – 500-1500 адам),
- облыстық, қалалық (сыйымдылығы – 1000-5000 адам).
Мешітке ат қою мәселесі де шешімін тауып келеді. Мешіт – қасиетті мекен, мұсылмандардың құлшылық жасайтын орны. Бірақ оны белгілі бір ру, тайпа өкілдері немесе ұлт меншігіне айналдыру – қате әрі қауіпті. Бұл – мұсылман үмбетінің ынтымағына сызат түсіретін көрініс. Мешіт – Алланың жердегі үйі. Оны кім салса да мұсылман халықтарының бірлігі мен ынтымағы, достығына қызмет етуі тиіс. Бірақ мешіт салуды бәсекеге айналдыруға болмайды. Мешіт ғибадат орны ғана емес, діни руханият орталығына айналуы қажет. Мешіт қала, ауыл шетінде емес, орталыққа, жұртшылыққа ыңғайлы да оңтайлы жерде салынуы лазым.
Мешітке ат беруде, ең алдымен мешіт орналасқан елдімекеннің тұрғындары қатысқан жиналыс хаттамасы, сондай-ақ жергілікті жердің әкімшілігі мен облыс бас имамының ұсынысы және аты берілетін тұлғаның өмірбаяны Діни басқармаға жолданады. Бұл құжаттар ҚМДБ-ның төралқа мәжілісінде қаралып, сарапталып, шешім шығарылады.