Соңғы онжылдықта белең алған діни радикализмнің буымен қылау беріп жүрген мәселелердің қатарында халқымыздың тарихы мен мәдениетінің маңызды бөлігіне айналған төл мерекелерімізге сыни пікір білдіру, оларды атап өтуді дәстүрлі дінге жат етіп көрсету арқылы мемлекет белгілеген мерекелік күндер мен шараларға алакөздік таныту жиілеп кеткенін байқауға болады.
Мұны дінді біржақты түсінудің ықпалымен ұлттық тарихымызға, мәдениетіміз бен құндылықтарымызға қырын қарайтын, зайырлы мемлекет қағидатына бағынғысы келмейтін әсіредіндарлықпен уланған сананың, дүниетаным мен әрекеттің нәтижесі деп түсінген жөн.
Жалпы, мұндай келеңсіздіктің негізінде ислам дінінің жалпыадамзаттық құндылығын насихаттаудан гөрі оны тар ауқымдағы бітпейтін талаптар мен шексіз тыйымдардың жиынтығы ретінде түсінетін теріс ағым ұстанушыларының еліміздің саяси, әлеуметтік және мәдени-рухани болмысын қабылдамауы жатыр деп те топшылауға болады.
Осы орайда ұлттық дәстүрлерді мансұқтау мен төл дәстүрлеріне шабуыл жасау түріндегі келеңсіз үрдістер біздің елімізде ғана емес, тарихы, ортақ тіл мен дін біріктіретін Орталық Азия елдерінде және Ресейдің Еділ жағалауы мен Кавказдағы мұсылман дінін ұстанатын халықтардың арасында да көрініс тауып отырғанын айта кету керек.
Мұндай үрдістің себебіне үңілер болсақ, оны соңғы ширек ғасыр шамасында әлемге белсенді таралған ислам дінінің жаңашылдықты мойындамайтын қасаң түсінігінің салдары ретінде қарастыруға болады. Ислам діні өркениеті кеңістігіндегі әртүрлі елдер мен аймақтардың жергілікті ерекшеліктерін ескермейтін қасаң фундаментализмнің жаһандық сипаты біздің аймақтағы елдердегі теріс ағымдарды ұстанушылардың заманауи дамуды қаламайтын, зайырлы қағидаттар мен демократиялық құндылықтарды мойындағысы келмейтін, азаматтардың ынтымағын нығайтуды, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етуді көздейтін атаулы мерекелерге қырын қарайтын көңіл-күйінен көрініс тауып отыр деуге болады.
Ата дәстүрді тәрк етіп, өмір сүріп отырған мемлекеттің талабына қырын қарайтын әсіредіншілдер үшін мұсылман баласына ислам дініндегі Құрбан айт пен Ораза айттан басқа мереке жоқ деп есептейді. Олар соған сәйкес жеке адамның туған күнінен бастап мемлекетіміз мереке деп белгілеген айтулы күндердің барлығына дінге қайшы келетін әрекет деп баға береді.
Ал мұндай түсініктің ту сыртынан жоғарыда айтып өткен діннің ұлттық, аймақтық ерекшеліктерін жоққа шығаратын, заманауи даму мен зайырлы мемлекет құндылықтарын көзге ілгісі келмейтін фундаментализмнің құлағы қылтияды.
Осы жерде әсіредіндарларға адамзат қоғамындағы құндылықтардың бәрі уақыт өте келе өзгеріске ұшырайтынын, кез-келген мәдениетке өзіндегі бар оңды сипаттарды басқаларға беріп, өзіне басқалардың озығын алатын синкретизм тән екенін түсіндіре кету артық болмас деп ойлаймын.
Осы орайда әсіредіндарлардың Орталық Азия халықтарының мәдениетінде көне дәуірден терең орын тепкен Наурыз мерекесіне қатысты ұстанымдары көп жайттан хабар берсе керек. Олар бұл мәселеде мұсылмандарға құдайға сенбейтіндерге ұқсауға тыйым салынған, ал Наурыз отқа табынушылардың мерекесі деген дәйекті жиі алға тартады.
Жалпы, осы жерде Наурыз мерекесінің базбіреулер айтып жүргендей отқа табынушы зараостризм сенімінен шықпағанын айта кету керек. Көптеген ғалымдар бұл мерекенің шығу төркіні терең дәуірлерден бастау алатынын, оның күн мен түннің теңелуімен басталатын жыл басын атап өтумен байланысты екенін және, ең бастысы, оның ешқандай дінге қатысы жоқтығын айтады.
Наурыз – адамдардың жүрегіне жылу сыйлайтын жарқын мереке. Бұл мерекені көптеген халықтардың сан ғасырлардан бері үздіксіз тойлап келе жатқаны да, оның бүгінгі заманда халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тарапынан адамзаттың материалдық емес мұрасына жатқызылуы да осыны көрсетеді.
Мен осы мақала тақырыбына үндес болғандықтан отандық исламтанушы-ғалым Қайрат Жолдыбайдың күнтізбелік жаңа жылды атап өтуді шірікке шығарып жүрген әсіредіндарларға қатысты айтқан «…жаңа жыл – мұсылмандардың мерекесі болмаса да, бұл – мемлекеттік мереке. Біз зайырлы қоғамда өмір сүреміз.
Біздің қоғамда жаңа жылға қатысты «кәпірлердің мейрамы», «оны тойлау харам» деген секілді сөздерді айту дұрыс емес, өйткені, дінімізде өзге дін өкілдеріне құрметпен қарау, олардың діни ұстанымдарына төзімділік таныту Құран Кәрім аяттары мен пайғамбар хадистерінде анық, нақты айтылған» деген салиқалы пікіріне сілтеме жасауды дұрыс көріп отырмын. Өйткені мерекелер әртүрлі болса да әсіредіншілердің мемлекет бекіткен зайырлы мерекелерге қатысты уәждерінде аса бір айырмашылық байқалмайды. Олар үшін зайырлы меркелердің бәрі шірік, бәріне тыйым.
Осы жерде біздің өмірімізге кеңес заманында енген Жаңа жыл мерекесінің ешқандай дінге қатысы жоқ екенін және оның жылдың күнтізбелік ауысуын білдіретін күн екенін біле жүргеніміз де жөн.
Жалпы, біздің мемлкетіміз аумағында мереке деп белгіленген барлық айтулы күндердің халқымызды ортақ рух пен ортақ құндылықта тәрбиелеу ісінде өз орны мен маңызы және атқаратын функциясы бар екенін ескеру қажет-ақ. Сондықтан мемлекетімізде аталып өтілетін айтулы күндер араздасудың емес, ұлт тұтастығын паш ететін ортақ қуаныштың мерекесі ретінде қабылдануы тиіс.
Мейрам ИМАНБАЕВ,
сарапшы