Бүгін жұмысқа келе, әріптесімнің бірі мешіт жанынан ашылған діни сауат курсында оқыған шәкірттің бірі радикалданып кеткенін жеткізген болатын. Осы орайда Мұхаммед пайғамбардың «Егер қандайда бір жамандықты көрсең, оны қолыңмен тый. Оған шамаң келмесе, онда аузыңмен айтып тыюға тырыс. Оған шамаң келмесе, онда бұл істі жүрегіңмен жек көр» деген өсиеті есіме түсіп, facebook-тегі жеке паракшама «Мешіттегі кейбір ұстаздардан білім алған шәкірттер неге радикалды көзқарасқа жақын?» деген көпшілікке сұрау салып жазба қалдырған едім.
Тақырыптың өзекті екенінің белгісі болса керек, дін саласында қызмет етіп жүрген тұлғалардың біразы пікір білдіріпті. Сала мамандарының бұндай ойлары тек фейсбукте қалып қойғанынан, сайтта тұрғанын дұрыс көріп, оқырмандарға ұсынып отырмыз.
Жазылған жазбаға дінданушы Жалғас Асхатұлы «Мұсылман қандай ұстаздан білім алса да, ақылын іске қоспай алған ілім оны соқыр еруге «тақлид» жетелейді. Нәтижесінде, алғаны, білгені ақиқат болып көрінеді де өзгемен санасуды білмей радикал болып шыққанын аңғармай қалады» деп алғаш пікір қалдырған екен.
Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышқан жоғарыда қалдырған сұраққа көлемді жауап бере кетіпті.
«Дінді ғылымсыз (жалаң) үйреткендіктен! Өйткені діни мәселелерді ғылыми деңгейде (жан-жақты) қарастыруға ұстаздың да өресі жетпеген. Ал догмалық, эмоциялық деңгейде үйретілген дін міндетті түрде радикализмге сүйрейді» деген.
Сондай-ақ Кеңшілік Тышқан радикалды көзқарастың бес түрлі шығу себебін атап өтті.
Олар, біріншіден, радикализм ұғымына, шекарасына анықтама (жан-жақты) берілуі керек. Кейде бес уақыт намазын қаза қылмай оқитын адам басқа біреудің көзіне радикал болып көрінуі мүмкін.
Екіншіден, медресе білім бағдарламасының әдістемелік жетілуін қарау керек. Қазіргі талап, уақыт, кеңістік тұрғысынан.
Үшіншіден, адамдардың дінге келуіне уақыт тұрғысынан баға беру керек. Алғаш дінге бет бұрған кездерде, әсіресе, жастар қаттырақ болуы мүмкін.
Төртіншіден, дін мен қазіргі қоғамдық қатынастарда ұстаздың біліктілігіне талаптар болуы керек. Айтқаны дұрыс болуы мүмкін, бірақ уақыты келмеген болуы мүмкін. Сондықтан, дін саласындағы білім беруге мықты, өжет, мектепте маңдай алды болған жастарды тарту керек.
Бесіншіден, діни білім жалаң болмауы керек. Саясаттан, мәдениеттен, тарихтан, дәстүрден хабары болмаған адам радикализмге бейім болады. Сондықтан дін мен ғылым қатар жүруі тиіс.
Түркияның Кайсери қаласындағы Хасеки академиясының түлегі Роман Бұрқаш мәселеге қатысты төмендегідей пікірін білдірді.
- Қанша Ханафи болсын, Матруди болсын айналасындағы сәлафизмнен бәрі әсерленбей қоймайды. Тіпті ұстаздар да. Оларды сәләфизмнен әсерленген Ханафилер дейміз.
- Қазіргі мұсылмандық теорияда белгілі бір деңгейде радикализм бар. Құл иеленушілік, күң иеленушілік, мұртад, жиһад, рәжм, кәпірлер мемлекетін басып алғаннан соң олжа мен тұтқындарға қатысты мәселелер т. б. мәселелердегі қағидаларда белгілі бір деңгейде радикализм бар. Қазір бұл мәселелер мұсылман әлемінде теория жүзінде оқытылады. Бұлар әрине санаға әсер етпей қоймайды.
Ал, елімізге белгілі дінтанушы ғалым Мұхан Исахан көтерілген мәселенің Алматы қаласында тенденцияға айналғанын жазған.
Қазислам порталының бас редакторы Саясат Идеятұлы «Бұл құбылыс діни білім беру жүйесіне реформа жасау керек екенін білдіретін сияқты. «Адамзатқа әуелі тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабиге телініп жүрген пікірдің жаны бар. Индивидуализм, өзімшілдік өршіп тұрған қоғамда өмір сүріп бастаған балаға діни білімді тарс еткізген соң, осындай радикал көзқарастар өрши берері хақ. Сондықтан бірінші дінді дәстүр арқылы сіңіріп, сосын барып ғылым жолына түсуді мақсат еткен жасқа діни білімді оқыту керек секілді» деген ұсынысын жеткізген.
Жалпы радикалды діни ағымдар идеологиясының таралуы бүгінде бір елдің ғана емес, жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналды.
Радикализм – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстану деген мағынаны білдіреді. Зерттеушілердің пікірінше, радикализм ұстанымы қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Қай дінде болсын діни радикалды идеологияның кез келген елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына төндірер қауіпі зор.
Ислам діні – барша халықты бірлікке, ынтымаққа шақырушы бейбітшілік діні. Өкінішке қарай, әлем сахнасында ислам, мұсылман атын жамылған лаңкестік ұйымдар мен топтар ислам дінін қол шоқпарға айналдыру үрдісі әзірге тоқтар емес?!
«Құдай сақтансаң ғана сақтайды» деген ұстанымды естен шығармаған жөн секілді.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ