Еркінбек Шохаев, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы, дінтанушы: ҚАЗАҚ БҰРЫН ДІНГЕ БӨЛІНБЕГЕН
АТЫРАУ. 21 ақпан. E-ISLAM.KZ – Дін мен дәстүрден хабары аз жастарымыздың әр түрлі секталардың жетегінде жүргенін қоғам мойындайды. Көзге көрініп, түрпідей тиіп жүрген мұндай жастар елдің бас ауруына айналғаны қашан?! Жат ағымның соңына ілескен қазақ жастарын өз ортасына қайтаруға мүмкіндік бар ма? Өзгелері оның күйін кешпес үшін не істей аламыз? Діни-құқықтық сауаттылығымызды арттыру үшін не қажет? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы, дінтанушы Еркінбек Шохаевпен сұхбаттасқан едік.
Қазіргі қазақ дінге бөлінгіш. Бұрын қазақта дінге бөлінген бе?
– Әрине мен тарихи даталар мен оқиғаларды жіктеп айтып бере алмаймын. Себебі тарихшы емеспін. Бірақ, менің жақсы білетінім қазақтың тарихында бүгінгідей дінге бөлінушілік болған емес. Сонымен қатар, біздің халқымыз діни негізде ешқашан қақтығысып, бірін-бірі жоққа шығарғанын да тарихтан көре алмаймыз. Өзіміз білетін Қожа Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп, Абай секілді дін тақырыбында өз орны болған тұлғаларымыздың еңбектеріндегі олардың діни көзқарастарында ешбір қарама-қайшылықтарды кездестірмейміз. Олардың барлық діни пікірлері мен ұстанымдары бүгінгі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын «ханафи» мазхабы мен «матруди» мектебінің тәлімінен туындап жатады.
Бүгінде дінді үлкен саяси құрал етіп отырған тараптар бар. Әлемде мұндай озбыр саяси тәсілдің пайда болғаны кеше ғана емес. Кезінде Абдулла ибн Саба хазіреті Алидің уақытында жымысқы саяси мақсатпен мұсылмандардың арасында теріс діни көзқарастарды таратумен айналысты. Осының негізінде мұсылман әлемі сунниттер мен шииттер болып екіге бөлініп кетті. Ибн Саба бастап берген жымысқы жолды бүгінде кейбіреулер жалғастырып жатыр.
Кеңес одағының тұсындағы іске асқан дінге қарсы саясаттың салдарынан, қоғамда дінсіздену немесе діни сауатсыздық орын алды. Мұны діни яғни рухани вакуум деп те атап жүрміз. Мен жоғарыда айтып өткен жымысқы саяси тәсіл осындай өтпелі кезеңде тұрған қазақ қоғамына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан белсенді түрде қолданылуда. Жан‑жақтан әр түрлі діндердің атын жамылып ағылып келген ағымдар мен уағызшыларға әлі есін жия алмай, рухани шөлдеп тұрған қоғамның арбалып қалуы лезде болып жатты. Қазіргі таңдағы қоғам ішіндегі дінге бөлінушіліктің басты себебі осы болды деп ойлаймын.
Діни негізде бөлінген қоғам мүшелерінің біріне‑бірі жаны ашуы мүмкін емес. Сол секілді, ондай қоғамда ауызбірлік пен ынтымақтың болуы неғайбыл. Ал сыртқы күштердің қалайтыны да, мақсаты да ел ішіндегі алауыздық екені белгілі.
Жастардың түрлі сектаға кіріп кетуі білместіктен деп жатамыз. Солардың кері істер жасап жатқанын көре тұра сол сектадан шыға алмауына не себеп?
– Қазіргі таңда біз Дін істері басқармасы ретінде дәстүрлі емес діни ағым идеясына уланған азаматтармен жұмыс барысында көптеген жайттарды байқаймыз. Атап айтқанда, олардың өздері шырмалған діни ағымнан шыға алмауына немесе шықпауына бір емес бірнеше фактор себеп болып жатады.
Ең негізгі себеп, дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде жүрген қаракөз бауырымыз өзін «ақиқат» жолында жүрмін деп есептейді. Менің жолым нағыз дұрысы, мәңгілік бақытқа апаратын жол деп біледі. Сондықтан, оған адасып жүргені қанша айтылып ескертілгенімен, ол бұған шайтанның азғыруы, оны ақиқаттан адастырудың әрекеті ретінде қарайды.
Тағы бірі, теріс ағымдардың көсемдері өздерінің ерушілеріне басқа пікірді немесе уағызшыларды, атап айтқанда елдегі дәстүрлі діни ұстанымның өкілдерін – мешіт имамдарын тыңдауды шариғатқа бұрмалап негіздей отырып тыйым салып, харам етіп тастаған. Бұл деген сөз, олар өз ерушілеріне жан-жақты көзқарастарды салыстыру мүмкіндігін бермейді. Нәтижесінде олар өз көсемдерінің сөзі мен пікірі ғана нағыз ақиқаттың ұшқыны деп жүре береді. Егер олар дұрыс пікір мен көзқарасқа құлақ салса, өз ұстанымдарымен салыстыра отырып райынан қайту ықтималы күшейер еді. Бүгінде біздің пікірімізді тыңдай білген сәләфилік бағыттағы кейбір бауырларымыздың соңында райынан қайтып жатқандары бар. Себебі, ақиқат жалған пікірден әрқашан үстем әрі ақылға қонымды болады.
Сосын, теріс діни ағымдағы жастардың арасында жалған намысқойлықпен де райынан қайта алмай жүргендер байқалады. Себебі, ол ерген ағымның идеясын ұстанатын басқа достары бар. Кеше ғана белсеніп қорғап жүрген идеяны бүгін тастайтын болса, оның достарының алдында абыройсыз қалып немесе олардың тарапынан жазғырылады. Міне осындай қоғамдық-психологиялық фактордың салдарынан райынан қайтпай, жастардың тілімен айтқанда өзінше «еркектік» жасаған болады.
Тағы бір себеп, теріс ағымдардың үлкендеріне, шейхтері мен уағызшыларына байланысты деп ойлаймын. Халқымыз айтады ғой «жеген ауыз ұялады» деп. Ағымдардың барлығы дерлік сырттан келіп жатқаны ақиқат. Демек, олардың қаржыландыруы сырттан болып отыр деген сөз. Сонымен қатар, олар осы ағымның жаршысы болып жүріп іштегі кейбір қалталы азаматтарды да қаржылай пайдаланып үлгерген. Нәтижесінде, өз ағымына қаржылай кіріптар болып жүреді. Сондай-ақ, ондай көсемдердің өзіне ерушілерді жоғалтудан қорқып та жүргендерін кездестірдік.
Жастардың арасында діни сауаттылықты арттыру үшін ең маңызды жолы қайсысы деп санайсыз?
– Біз көп жағдайда жастар, жастар деп тек оқушылармен және студенттермен ғана айналысып кетіп жатырмыз. Дұрыс біз жастардың діни сауатын арттыру шараларын алуымыз қажет. Бірақ, алдыңғы буынды да ұмытпау керек деп ойлаймын. Яғни олар – ата-аналар. Ата-ананың діни көзқарасы мен сауаты төмен болып тұрса, баланың адасуы, теріс ағымға кету ықтималы артады.
Жастармен өткізілетін шараларға барынша ата-аналарды да қатыстырған жөн. Теологтың дін тақырыбындағы оқушыға түсіндіретін мәселелерін ата-ана бірге отырып тыңдаса, әр күні үйде немесе түзде баласының сол айтылғанға қайшы әрекеттерге бармауын қадағалайтын болады. Біз осы мақсатта Атырауда былтыр тұсаукесері болған «Хақ жолы» драмасына тек оқушыларды ғана емес, ата-аналарды қосып шақырттық.
Жастардың санасына жетудің бүгінгі таңдағы ең маңызды тәсілі – ғаламтор екені белгілі. Сырттағы радикалдық және деструктивтік бағыттағы барлық діни ағымдар мен топтардың негізгі құралы осы интернет желісі болып отыр. Бұл құралды біз оларға қарағанда 10 есе артық пайдалануымыз және ол арқылы сапалы ақпарат жеткізуіміз қажет.
Бұл тұста бізге Шешен елінің тәжірибесі үлгі болуы керек сияқты. Олай дейтінім, өткенде интернет сайттарын қарап отырсам, Шешен елінің басшысы Рамзан Қадыровтың ресейлік телеарналардың біріне беріп жатқан сұхбатын көріп қалдым. Р.Қадыров мырзадан журналист «Рамзан Ахматович, Сіздің еліңізде діни экстремизм мен радикализм өте жоғары деңгейде еді, ал қазір осы проблеманы шешіп, санасы уланған тұрғындарды емдедіңіздер. Бұл жетістікке қалай жеттіңіздер?» деп сұрақ қояды. Бұл сұраққа Шешен елінің басшысы: «Біз қоғамның радикалдану үрдісі интернет арқылы іске асып жатқанын байқадық. Сол үшін мен ондаған теолог, дін ғалымдарын жинап, арнайы сайттар ашып халықтың, жастардың дін тақырыбындағы сұрақтарына сауатты, негіздей отырып жауап беруге тапсырма бердім. Нәтижесінде радикалдану пайызы 98-ден 2 пайызға дейін төмендеді» – деп жауап берді.
Олай болса, бізге қазіргі таңда осы ақпараттық кеңістікте белгілі бір деңгейде ұтылып жатқанымызды мойындап, ақпараттық-насихат шараларын белсендіру керек. Дәстүрлі ислам құндылықтарын кеңінен әрі сапал етіп насихаттау қажет. Бүгінде халқымыз сәләфилердің кесірінен исламнан, намаздан қорқатын жағдайға душар болып отыр. Біз дәстүрлі емес діни ағымдардың идеясына өзіміздің дәстүрлі құндылықтарымызбен ғана қарсы тұра аламыз деп ойлаймын.
Жат ағымдардың соңына ілескен жастарды өз ортасына қайта оралуы үшін не істей аламыз?
– Мұндай жастарды салыстырмалы түрде үш санатқа бөлуге болады. Біріншісі – теріс ағымның идеясымен жоғары деңгейде уланған, белгілі бір деңгейде ағым идеологиясының теориялық негіздемелерін білетін, соны насихаттап жүрген, біршама ерушілері бар және сол ағымның ғана ұстанымын абсолюттік ақиқат деп есептейтіндер. Екіншісі, ағым идеясымен санасы уланған, бірақ оның теориялық негіздемелерін біле бермейтін, солай бола тұра оны нағыз ақиқат деп қабылдайтындар. Бүгінгі таңда теріс ағымға ерушілерінің басым көпшілігі осы санаттағылар. Үшіншісі, өзі еріп жүрген ағымның уағыздары мен үгіт-насихаттарын енді ғана тыңдап, жаңадан уланып екіленіп жүргендер.
Жоғарыда аталған топтардың әрқайсымен арнайы жұмыс тәсілі болуы керек. Үшінші санаттағылармен жұмыс аса қиынға соқпайды. Бірнеше түсіндіру жұмысы немесе ақыл-кеңес айтумен ғана райынан қайтарып, дұрыс жолға салу мүмкін болады. Себебі, ол құздан ары қарай құлап үлгермеген адам.
Екінші топтың негізгі проблемасы – өз көсемдерінің пәтуасы негізінде олардан басқаны тыңдамауы. Демек, бұл санаттағы санасы уланған азаматтарға білікті теологтарды тыңдата алсақ, бірнеше дәрістерден кейін олар да түзелуі мүмкін. Сондықтан, оларға дұрыс уағыздар мен көзқарастарды тыңдатудың жолдарын қарастыру қажет.
Ал енді, бірінші санатқа қатысты мәселе меніңше өте күрделі. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұларды ақиқатқа бет бұрудан тосып тұратын факторлар да күрделі. Сондықтан, бұл санаттағылармен жұмыстың тәсілі түсіндіру шараларынан басқа шеңберде болуы қажет секілді.
Тағы да айта кетерім, біз ақпараттық майданда ұтылмауымыз қажет. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдаланып ақпараттық жұмысты күшейтуді жалғастыру басты міндет деп санаймын.
Замандасқа айтар тілегіңіз?
– Мені бүгінгі қазақ жастарының діни негіздегі әр түрлі топтарға бөлініп, бірін-бірі жақтырмай жүргені қатты алаңдатады. Бір топтың көсеміне айналған адам шын мәнінде өз халқы мен дініне қыруар еңбек еткен тұлға болуы мүмкін. Солай бола тұра, оның идеясын алға тартып жеке топ немесе жамағат болып қалыптасу қоғам тұтастығына зиян әкелуі әбден ықтимал.
Сондықтан, діни негізде топтарға бөлінудің қаупі туралы ашық әрі топтардың атын атап тұрып үнемі айтып жүремін. Өткенде ҰЛТ.КЗ сайтына жарияланған «Ешкімге қатысы жоқ қарапайым мұсылман. Ол кім?» мақалам да осы жанашырлықтан келіп туған еді. Бұлай ашық айтумен кейбір топтарға ұнай қоймаспын, бірақ мен үшін ұлттың, үмметтің мүддесі және өзара ауызбірлігі барлығынан жоғары тұрады.
Сөз соңында жастарға, жалпы еліміздің мұсылмандарына ешбір топтың жетегінде кетпей, Діни басқарманың ұстаздары мен имамдарының пәтуасын құрметтеп, оны басшылыққа алатын «қарапайым мұсылман» болуды тілеймін.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін.