Сұхбат

«Қарекет» қоры: «Мың теңгеге – баспана»

Халықтық пейіл көл көсір. Сол далиған даладай, сайын сахарадай кең халық үме, асар, сауын айту арқылы бітпей жатқан талай үлкен шаруаны оңайлатып, көп болып атқарып тастаған. Бүгінгі күні де сондай жақсы іске мұрындық болып жүрген жандар баршылық. «Қарекет» қайырымдылық қорының басшысы Алғадай Əбілғазыұлы сондай азаматтың бірі. Интернет көмегімен алған сұхбатты назарларыңызға ұсынып, 1000 теңгеге баспаналы болу хабардар етпекпіз.

– 1000 теңгеге баспана деген ертегідей естілгенімен нәтижелі іс екеніне куә бола бастадық. Алдымен осы идеяның қайдан туғанын айтып берсеңіз.

– Негізі «Қарекет» қорын құруға бір жігіттің идеясы түрткі болды. Бұл бастама былтыр әлеуметтік желіде жарияланып, «Қазақстанда 10 млн. қазақ бар екенбіз, әрқайсымыз 1 теңгеден жинасақ, барлығымыздан жиналған ақшаға бір айда бір отбасыға үй алып беруге болады екен» идея ортаға тасталғанда оқып, ойландық. Бірақ оның сол қалпында іске аспайтынын түсіндім. Содан бұл идеяны іске асыру жолдарын біраз ойландым. Бірақ ол ой күйінде жүректің бір түкпірінде жатты.

Мешітте бір жыл жұмыс істедім. Ал онда көмек сұрап жесір әйелдер жиі келеді. Тұрмыстың тауқыметін тартып, оның үстіне баспанасыз жүріп бала асырау қандай қиын? Жетім-жесірлердің пана іздеп келетін жері осы мешіт екен. Көмірі жоқ болса да, жарығының, жылуының ақшасын төлей алмаса да, баласы ауырып емдетуге қаражаттан қиналса да мешітке келеді. Мешіттің баспасөз қызметінде жұмыс істеп жүргеннен кейін келген кісілердің өтініштерін тіркеу менің міндетім болды. Күнбе-күн торыққан жандарды көру оңай емес. Сол жерде жүргенде, қиындықа кезіккен жандарды көрген сайын осы кісілерге қалай жәрдем берсе болады екен деп бас қатты. Өйткені өтініш айтып келгендердің барлығы дерлік пәтер жалдап тұрады. Ішінде 6-7 баласы бар кісілер де бар. Тіпті, басында бір адам балаларының ауру екенін, баспана жоқтығынан сыз жертөледе тұратынын айтты. Кейін ол кісіні таба алмай қалдым. Адамның тұрақты үй-жайының болмауының қаншалықты үлкен проблема екенін бұрын да білесің ғой, ал мұнда тіпті өте анық көрінді. Қабырғаң қайысады тіпті. Сөйтіп жүргенде Фейсбук әлеуметтік желісінде Гүлмира деген апай «1000 теңгеден жинап көрсек баспана алуға болатын сияқты ғой, қалай қарайсыздар» деп ұсыныс жасады.

Бірден ол кісінің жекесіне шығып, «тәуекел, әрқайсымызда желіде 5 мыңнан астам дос бар екен, 5 мың адам мың теңгеден жинаса 5 млн. теңге болады ғой» деп хабарластым. Ал мұны желідегі жұрт «жақсы идея екен, іске асырайық» деп қолдап кетті. Содан Гүлмира апаймен бірлесіп, «құласақ нардан құлайық, нақты іске кірісейік, баспанасыз жылап жүрген қазақтың көз жасын сүртейік» деп шештік.

Әуелі қор құрып, ортақ есеп шот ашуға бел будық. Игілікті іске «бәрекелді, бастаңыздар» деген көпшілік үддесінің бір арнаға тоғысуы тағы күш берді. Ал енді бастайық дегендерді сараласақ, олардың барлығы дерлік алматылықтар болып шықты. Гүлмира Мұқанқызы «онда мен Астанадан Алматыға барайын, құлшынып тұрған қыз-жігіттерді бір жерге жинап ақылдасайық» деді. Алматыда біздің үйге жиналып, ақылдасып, содан кейін қор құратын мекемеге бардық. Бармастан бұрын жұртшылықты хабаландырып, кім құжаттарымен келеді дегенде, аталған мекемеге сол кезде 6 адам жиналдық. Арасында бір-екі кісіні танимын, ал қалғандары желі арқылы дос, көрмеген адамдар. Содан қажетті қаражатты жинап шығарып, құжаттарды тапсырып, бір ай күттік.

Осылайша біздің «Қарекет қоры құрылды.

– Қордың атын қалай таңдадыңыздар?

– Оның атын таңдарда бізге егер сіздер ұсынғандай басқа бір ұйым бұрын тіркеліп қойса болмайды деген соң қордың атына лайықты-ау деген 30 шақты ат ұсынған болатынбыз. Солардың ішінен саралай келіп, іріктегенде Қазақстан бойынша «Қарекет» деген ұйым, бір бірлестік, не бір қордың атауы болмай, бізді тіркеді. Бұл ат өзімізге де ұнады.

Ашыла сала әлеуметтік желіге сүйінші сұрап жаздық, есеп шотын көрсетіп, реквизиттерді жария еттік. Жаңылмасам 2,5-3 айда алғашқы үй алынды. Шынын айтқанда әуелгіде 1,5 млн жиналғанша күттік. Ал күткен сома жиналған кезде сол қаражатқа түсетін үй іздедік. Ол үй Алланың қалауымен Сәтпаев қаласынан табылды. Көп қабатты үйден 2 бөлмелі пәтер табылған соң, Сәтпаев қаласынан әкімшілікпен, мешітпен бірлесе іздеп, 7 баласы бар, бір кеңсенің аядай бөлмесінде тұрып жатқан отбасыны таптық. Ол кісіге тоқтаған себеміз, толық отбасы болғанымен тұрмыстары өте нашар және 7 баланы туған әйелдің өзі жетімдер үйінде өскен туған-туысы жоқ жан екен.

Сәтін салғанда ол мәуліт айы еді, соған орай Сәтпаев қаласына «Өнер қырандары» театры келгелі жатты. Сөйтіп сол мәуліт мерекесінде мұқтаж отбасыға кілт табысталды және «Өнер қырандарымен» жолымыз алғашқы шарамыздан-ақ түйісті. Ақылдаса келе, соларға ұсыныс айтайық деп шештік. Себебі, бізді онша ешкім танымайды, сеніңкіремей жатыр, ал «Өнер қырандарын» ел жақсы біледі, өнерлеріне сүйсінеді. Айтқан ұсынысымызды жігіттер ойланып барып, өзара ақылдса келе қолдаймыз деп шешті. Екінші үйден бастап бірлесе жұмысқа кірістік. Осы кезге дейін 6 үй алынды, енді Алла қаласа 7-ші үй аламыз ба деп отырмыз.

– Дұрыс екен. Ал мұқтаж жандарды қалай анықтайсыздар?

– Біріншіден, біз қор қызметі туралы әлеуметтік желілерде, уатсап арқылы жан-жақты таныстырып келеміз. Соны оқыған кісілер өздері хабарласып жатыр. Біз олардан қажетті мәліметтерді жинап, тізімін жинақтаудамыз. Дәл қазіргі күні 400-ден астам адам тіркелді, бірақ күн сайын тізім өсуде. Осылардың ішінен тұрмыс-ахуалы өте төмен отбасыны анықтаймыз.

Мысалы мұқтаж адамдар Шымкентте дейік, біз сол қаладан тізімдегі 10 адамды аламыз, одан Шымкентке барып мешітке, қалалық әкімдікке барып олардағы мұқтаж адамдардың тізімін қараймыз. Содан кейін өзіміз апарған тізім бар, мешіттен, әкімдіктен алғанымыз бар тізімдерді салыстырып осылардың ішінен қатты мұқтаж оншақты адамды таңдаймыз. Содан кейін ақылдасқан адамдар осы аталған барлық үйлерге барып жағдайларын көзімізбен көреміз. Сосын барып бір шешімге тоқтаймыз. Ал жалпы критерийлерді айта кетейін.

1. Балалары мектеп жасындағы немесе одан кіші көп балалы (3 баладан көп) жалғызбасты əйел кісілер;

2. Баласы немесе өзі науқас, мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты əйел кісілер;

3. Жолдасының мүмкіндігі шектеулі, көп балалы əйел кісілер.

– Ал қорға ақша қайдан жиналады, соның жолдарын айта кетсеңіз?

– Негізі ақша көпшіліктің арқасында жиналады. Әрбір пәтер, үй алынған сайын жарнамасын жасап, елді хабарландырып, тағы бір мұсылман үйлі болды деп сүйінші сұраймыз. Сол жазбада осыны оқып отырған жан сіз де ұмытпай үлесіңізді қосыңыз, бір жағы сауап, бір жағы қаншама әпке-қарындастарымызды қуандырып, жетімдердің көз жасын сүртіп жатырмыз, сіз берген мың теңге бір үйдің кірпіші болып қалануда деп уатсап, әлеуметтік желі арқылы хабарландырып таратамыз. Осы хабарлануды оқыған адамдар, әрине біреуді қуандырып, сауап жасағысы келеді. Сондай жандардың арқасында қаражат жиналуда. Біреу 500, біреу мың теңгесін, біреу 5000 мың теңгесін әркім өз шамасы келгенше салып жатыр.

– Болшақтағы жоспарларыңыз қалай, сіздер осылай халықтан ақша жинаумен айналыса бересіздер ме, әлде бұдан көмек жасаудың мүмкіндігін молайтуда басқа да жоспарларыңыз, ойларыңды жоқ па?

– Баспанасыздарға көмек беретін сауапты істі біз үздіксіз жүргізгіміз келеді, бірақ халықтан ақша жинау бұл істің кепілі деп айта алмаймыз. Сонда не істейміз? Оған қосымша сауда орындарын, өндіріс орнын ба ашу керек деген пікірдеміз.

Шағын-шағындап, бірақ өзін-өзі ақтап кіріс кіргізіп тұратын кәсіпорын ашқымыз келеді. Сөйтіп халыққа қол жаюдан арылсақ дейміз, алайда халықтың қатысуы жалғаса береді. Бірақ негізгі кіріс кәсіпорыннан болу керек. Ол кәсіпорында біз жұмысшыларға тек еңбекақы ғана береміз де, өндірістен түскен барлық кіріс тек қайырымдылыққа жұмсалады. Мұндай амалды ислам дінінде Уақып деп атайды. Уақып үздіксіз садақа деп аталады.

– Шынында үлкен сауапты, Аллаға жағар амал екен. Қарекеттеріңізге берекет берсін. Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан Дәулет Серікбай

Show More

Басқа жаңалықтар

Close