АТЫРАУ. 21 сәуір. E-ISLAM.KZ –ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы Батыржан қажы Берденұлымен сұқбат
Нұрбек Бекбау: – Батыржан аға, күні кешеге дейін, еліміздің батыс бөлігінде, радикалды ағымдардың ылаңы ушығып тұр еді. Ал бүгінде олардың аттары көп айтылмайтын болды. Олар жайындағы хабарлар саябырсыды. Бұл не деген сөз? Олардың жеңіліп, елден кеткендігі ме? Әлде, бұлар позициясын өзгертіп, жымысқы саясатқа көшкені ме?
Батыржан Берденұлы: Бұл сұраққа екі ұшты етіп жауап беруге болатын шығар?! Бір белгілісі, расымен де, түрлі радикалды ағымдар бұрынғыдай жария түрдегі жұмысын саябырсытты. Біріншіден, біздің Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы аталмыш радикалды ағымдармен насихат жүргізуді көркем түрде қолға алып отыр. Кім бағытынан адасқан болса, оның қателіктерін дәлелді түрде көрсетіп, бетін бері қаратып жатыр. Қазақ халқының мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман екенін, бүкіл дәстүрі Исламның негіздерінен алынғандығы дәлелденіп отыр. Осы жұмыстардың арқасы шығар, адасып жүрген көптеген бауырларымыз, өз қателігін түсініп дәстүрлі дінімізге, яғни қалыпты исламға бет бұрып келеді. Себебі Ардақты Елші (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Әй, үмбетім. Орта жолды ұстаныңдар. Дінді тым ауыр етпеңдер әрі тым жеңілдетпеңдер. Шектен, шеттен шықсаңдар, діннен шығып кетесіңдер», – деген.
Кей бауырларымыз – дінді өздеріне тым ауырлатып тастаған. Тіпті жұрттың барлығы өздері секілді, дінді ауыр етіп ұстануы керек деп санайды. Адамдарды намаз оқымағаны үшін мұсылман санатынан шығарғысы келіп, талай жанның тыныштығын да бұзып еді. Соңында пенденің діни тіршілігіне қарап, айыптағандары үшін ол жамағаттар өздеріне әртүрлі лақап алды. Бүгінде «тәкфіршілер т.б. пәленшелер» дегендер көбейді. Мұның барлығы сайып келгенде дін ұстанымдарын дұрыс түсінбегендіктен туындап отыр. Әлгі жоғарыдағы хадисте айтып өткеніміздей шариғаттық кей үкімдерде шектен шықты. Негізіне келгенде біздің қазақтың қай үйіне барсаң да мұсылмандық жоралғының исі мүңкіп тұрады. Намаз оқымайтын қазақтың кез келгені Құран оқылғанда тыңдайды, бата жасағанда қол жайып әмин деседі, жатарда бісмілләсін айтады. Қысқасы, төрінде Құраны, аузында бісмілләсі бар қазақты қалайша көзің қиып, кәпір деуге болады!
Н.Б: – Шынын айтайықшы. Қазақтың бүкіл дәстүрін ширк санап, қазақты кәпір дейтіндерді дұрыс танымаймыз. Жалпы жұрт вахабистер екен дей салады, оларды. Бұқара үшін, сақалы бар ма, намаз оқи ма, болды вахабис деген стереотип қалыптасып келе жатыр. Сіз, олар біртұтас емес… Бөлек-бөлек ағымдарға бөлінген түрлі лақаптармен аталып отырғандығын айтқыңыз келеді. Сонда мынау тәкфиризм дегеніміз не?
Батыржан Берденұлы: Такфир дегеніміз – жеке адамды немесе тұтас қоғамды, кәпірлікпен айыптау деген мағына береді. Жоғарыда айтып өткеніміздей такфир жамағатының негізгі «кәсібі» – адамдарды түрлі әрекеттеріне қарап, кәпірге шығару. Мәселен, қандай да бір күнә жасаған немесе намаз оқымай жүрген мұсылманды діннен шықты деп есептейді.
Ал өзгені дінсіздікке ұйғаруға бұлар неге сонша құштар десеңіз, оның арғы жағында «кәпірдің малы халал, яғни олардың дүниесін тартып алуға болады» деген де қатігез пәтуалардың амалы жатады. Өзін мұсылман санаған адам үшін мұндай әрекетке барудың өзі күна саналады. Өйткені шын мұсылман адам өз қолының еңбегі арқылы табыс табады және сонымен тамақтанады. Мен Жаратқан Алла тағалаға иман келтірдім, өзгелер мен үшін табыс табуы керек, яғни «алма піс аузыма түс» деген теріс пікірден аулақ болу керек. Екіншіден, сақалдының барлығын әлгіндегідей «вахабис» деп айтудан аулақ болуымыз керек. Мұндай түсінікке барсақ, онда кезіндегі бабаларымыздың барлығын айыптаған боламыз. Сақал қойғандардың ішінде өзіне де өзгеге де жақсылық ойлайтын талай салихалы жандар бар.
Н.Б: Бұлар өздігінен пайда болған жоқ қой? Сырттан оларды қолдаушылар, солардың жұмысына көмек берушілер бар ма?! Кімдер олар?
Батыржан Берденұлы: Бізге белгілісі, бұлардың шет елге қашып кеткен бірнеше ұстазсымақтары бар. Солар, еліміздегі «шәкірттеріне» уағыз айтып, ненің «дұрыс» ненің «бұрыс» екенін айтып отырады. Әлгі соңынан ергендер үшін олардың «а дегені ақ, қара дегені қара» болып отыр. Тіпті жұма күндері уағыз айтып отырсаңыз айтылып жатқан уағызды естімеу үшін (бастан құлақ садақа дегендей) құлақтарына наушник тағып отырады.
Олар үшін адамды кәпір санау түкке тұрмайды. Намаз оқымаса, туған әке-шешесін де кәпірге шығара салады. Себебі, олардың көзқарасы бойынша, кімде-кім кәпірге такфир жасамаса (яғни кәпір деп қарамаса), сол адамның өзі кәпір. Осыдан келіп, отбасындағы қарым-қатынасқа сына қағылады. Ата-ананы сыйлаудың ең жақсы амал, ата-анаға қарсы шығудың ең ауыр күнә екенін естен шығарған олар үйден безінеді. Туыспен байланысты үзеді. Сондай-ақ намаз оқымайтын адам сойған малдың етін харам санайды. Базардың еті былай тұрсын, әкесі сойып, анасы асқан астан бас тарта салу олар үшін түк емес. Намаз оқымайтын туған-туыс, дос-жараннан іргені аулақ ұстауға тырысады. Осылайша адамдарды өзінен ғана емес, діннен алшақтата бастайды.
Н.Б: Осының салдарынан екен ғой, көп жұрттың намаз оқыған адамнан шошып қалғаны?
Батыржан Берденұлы: Иә, осындай топтың кесірі күллі Исламға тиіп жатыр. Ата-аналар «менің балам да сондай болып кете ме?» – деп, намаз оқуына мейлінше қарсы болады. Оларды да түсінуге болады. Бірақ, ата-ананың бұл әрекеті серіппені (пружина) қатты майыстырған сияқты дүние. Қанша майыстырған сайын ол серпіле береді, серпіле береді. Бір уақытта қолыңыздан тайып шығып кетеді. Дін, құлшылық адамға ауа мен судай қажет нәрсе. Осы арада мынадай мысал келтірсек: Нәресте шыр етіп дүниеге келгенде оның мойнына жүктелген бір ғана шаруасы болады екен. Ол оны істеуге міндетті немесе соны еріксіз істейді. Ол ему. Нәресте қарны аш болса да, болмаса да еме береді. Оған оны ешкім үйретпейді де, одан оны ешкім талап етпейді де, бар болғаны ол көзін аша салысымен айналадағы дүниенің бәрін тек ему құралы деп біледі. Еме береді, еме береді. Анасының омырауынан тыс, берсең – о қасықты емеді, жөргектің шетін, саусағын, әйтеуір ему керек оған. Себебі, Алла оны соған бейім қылды, жүктеді. Ембесе тұра алмайтыны содан.
Енді адам есейеді. Адамның да мойнына жүктелген бір міндет бар. Қаласа да, қаламаса да соны жасайды. Ол құлшылық қылу. Енді ол таба алса анасының омырауын емген сәби секілді, Хақ Исламға бас ұрады, таба алмаса қасық, жөргек, саусақ сорған нәрестедей, адасқан ағымдардың айтағына ереді. Мұнан түсінеріміз – балаға әу бастан дұрыс жол көрсетуіміз керек екен. Дұрыс жол дегеніміз – дұрыс білім. Ислам туралы дұрыс білім алуы керек. Балаңызды намаз оқығысы келсе, ол әрекетінен тыймаңыз. Мешітке жетектеп апарыңыз. Құдайға шүкір, білімді-білікті ұстаздарымыз бар. Оған дұрыс, толыққанды білім бере аламыз. Ал, мынау өзге ағымдарда қалай? Оларға белгілі хадистерді ғана топтастырып, соны ғана үйреткен. Соған қатып алған. Басқа хадистер, басқа пәтуалар, қысқасы басқа тіршілік үшін дүниелерді қабылдамайтындай деңгейге апарған.
Н.Б: Сонда, мынау адасып кеткен бауырларымыз да дұрыс білімнің жоқтығынан адасып жүр ғой?
Батыржан Берденұлы: Иә, сол білімсіздіктің кесірі ғой. Дәл осы білімсіздіктің салдарынан кезінде, халифа Осман (р.а.) сахабаның тұсында да осы секілді ағымдар пайда болған. Оларды тарихта «харижиттер» дейді. Төртінші халифа Әлидің кезінде тіпті күшейіп, олардың саны 12 мыңға жетті. Осы тұста мына бір детальды айта кету керек. 12 мың адам патшаны кәпірге шығарып, оған бағынудан бас тартқан соң, Әли оларға ғалымдар арқылы әсер етуді ойлап, сахаба Абдуллаһ ибн Аббасты насихатқа жібереді. Ибн Аббастың түсіндіруінен кейін, 8 мың адам өз ойларынан бас тартып, тәубеге келеді де, өзгесі алған беттерінен қайтпай қояды. Онымен қоймай, өздеріне мойынсұнбағаны үшін сахаба Абдуллаһ ибн Хабаб ибн Аррат пен оның айы күні жетіп отырған әйелін қинап өлтіреді. Осы оқиғадан кейін Хазіреті Әли шектен шығушыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болады.
Исламтанушылар осы оқиғаны мысал ете отырып, мынадай тұжырымдар шығарады. Біріншіден, ол заманда да, бұл заманда да шектен шығушылар білімсіздерден құралған. Екіншіден, олармен күресудің ең бірінші һәм тиімді жолы – оларды білімді адамдар арқылы дұрыс жолға шақыру. Үшіншіден, білім жеткеннен кейін де мемлекетке қарсы әрекет еткендер болса, заңды жауапкершілікке тарту.
Н.Б: Заңды жауапкершілік дегеніміз сонда абақтыға қамау ма? Онсыз да радикалды ағымдар түрмеге түсіп жатыр. Оларды түрмеге тоғытумен, радикалды сенімді ауыздықтай алмаймыз ғой. Сондықтан, мешіт қызметкерлері түрмеге барып, сондай кісілермен сөйлесе ме? Олардың бетін бері қарату қаншалықты мүмкін дүние? Қалыпты мұсылман қылу мүмкін бе?
Батыржан Берденұлы: Оларды заңды жауапкершілікке тарту дегеніміз міндетті түрде абақтыға жығу деген сөз емес. Расын айтқанда бірнеше бауырларымыздың абақтыда отырғандығы жасырын емес. Ол тағдырдың сынағы да болар. Дегенмен қазіргі таңда мешіт қызметкерлері, яғни имамдарымыз аптасына барып уағыз жүргізіп отырады. Осы насихаттарымыздың арқасында қаншасының беті бері қарады.
Қысқа айтарым, радикалды ағымдармен күрес ол тек ҚМДБ мен күштік құрылымдардың ғана жұмысы емес, ата-ана, қоғам бұл іске араласуы керек.
Нұрбек Бекбау: – Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін рақмет.
Сұхбатты жүргізген – Нұрбек БЕКБАУ, арнайы E-ISLAM.KZ порталы үшін