Жындардың бар екені ақиқат. Дегенмен, олардың табиғаты тақырыбында көп нәрселер бізге беймәлім. Жындар – сезім мүшелері арқылы анықталатын жаратылыс болмағаны үшін, олар туралы деректің жалғыз қайнар көзі «Уахи» болып табылады. Құран Кәрім мен сахих хадистерде жындар туралы айтылады.
Жындар да адамдар секілді Алла тағалаға құлшылық міндеттері болған, дегенмен жаратылу табиғатына байланысты адамнан басқаша құрылымдағы жаратылыс болып келеді.
Алайда, жын болсын, шайтан болсын Алла тағаланың рұқсатынсыз ешкімге де зиянын тигізуге күші жетпейді. Дегенмен, Жаратқанға сиынудың орнына жындарға сиынғандарды немесе оларға бас игендерге өздерінің үстемдігін жүргізе алады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Жын» сүресінде: «Ішінара ер адамдар, жындардың кейбіріне сиынатын болып алды да, сонымен олар жындарды астамсытып жіберді» (72/6) деп бұйырылады. Дегенмен, жындар ешқашанда «ғайыпты» біле алмайды. Адамдардан ерекшелігі жылдам қимылдауы және біз оны көре алмасақ та бізді көре алатыны секілді сипаттары болуында.
Алла тағала «Фәлақ» және «Нас» сүрелерінде «қараңғылық қаптаған кездегі түннің кесірінен», «түйіншектерге үрленгендердің кесірінен», «сыбырлаған азғырушының кесірінен», «ол (уәсуаса салушылар) жындардан және адамдардан» адамдардың раббысы Аллаға сиынамын деп айтуды бұйырады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірі бойынша барлық нәрсенің кесірінен Аллаға сиынып, үнемі «Фәлақ» және «Нас» сүрелерін және «Аятуль Курсиді» оқып жүргені туралы деректер Бұхари мен Термезидің хадис кітаптарында кездеседі.