Кейінгі кездері адамға жын кірді, жын шығарды деген сөздер көп айтылады. Ал ата-бабамыз мұндай сөзді қолданбай: «Жын ұрыпты, жынның салқыны тиіпті», – деуші еді ғой. Енді бұл ұғым қайдан тарады? Осыған жауап беруге тырысайық.
Негізінен Матуриди ақидасы бойынша «жын кірді» деген ұғым дұрыс емес. Оған мысал ретінде Құран Кәрімде: «Сондай өciм жегендер, (қабірлерінен) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады… (Бақара: 275)», – деп келіп, ондағы «мәс» сөзі «соғып, ұрып» мағынасын беруі және басқа да көптеген аяттар дәлел. Керек десеңіз, имам Шафиғи (Алла одан разы болсын) «жынды көрдім» деген кісінің куәлігі қабыл етілмесін деп бұйырған.
Ал жын тиген адамды Құранмен дем салып емдеуге бола ма десек, әлбетте болады. Оған Бұхариде келген хадис, бір сахабаның «Фатиха» оқып, бір адамды емдегені және сол үшін ақы алғаны дәлел болады.
Сондықтан дем салу да, оған ақы алу да сүннет, рұқсат. Бірақ, оны кәсіпке айналдыру – сүннет емес. Өйткені, ол сахаба одан кейін де сонымен айналысты деген дәлел жоқ.
Қандай да бір білімді адам, өзі имам не ұстаз, не басқа да кәсіп етіп жүріп, бірақ қиналған бір адамды дем салып емдесе, оқасы жоқ. Және ол үшін ақыны белгілеп, «ставка» қоюы да, ықыласпен дем салуға жатпайды. Керісінше, кәсіп етіп, пайда табу жолына айналдырып, қоғамда «жын шығарушы» деген кәсіп түрі шығуына себеп болады.
Енді, «жын кіреді» деген сөз қайдан шықты? Соңғы отыз жылда, шет елдерде оқып, басқа ақида ғалымдарының көзқарастарын алып қайтқан жастар мен әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан ақпараттар сол түсінікті қалыптастырды.
Ал, мұның қаупі неде деп ойлайсыз?
Шариғат бойынша, ақыл-есін жоғалтқан адам «жынды» деп қаралып, оған күнә жазылмайды. Ал «жын кірді» деген түсінік қалыптаса берсе, жастар қылмыстық істерді жасай берулеріне жол ашары сөзсіз. Зина жасаса да, ұрлық істесе де, кісі өлтірсе де: «Мен жасаған жоқпын, жын жасатты», – деп айтуы мүмкін.
Ал бұлай деп айтуы, әлбетте, Алланың алдында да, қоғам алдында да қылмыстық жауапкершіліктен босата алмайды.
Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желілерде «жын шығарушыларды» насихаттайтын подкасттар шығып жатыр. Әрине, осының бәрі біздің бұл мәселеге сауатты, дұрыс көңіл бөлмеуімізден туындауда.
Сондай-ақ, осындай аурулар жынның салқыны тиюден, көз тиюден емес, не физиологиялық, не психологиялық дерттердің кесірінен болуы ықтимал. Сондықтан ауруға шалдыққан адамды дәрігерге қаратып, кейін болмаса дем салдырса құба-құп болады.
Алла баршамызға жар болып, тура жолда жүруге жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА