Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Отпан» ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен балалар күніне орай «Бақытты елдің бақытты балалары» атты мазмұнды мереке аталып өтті.
Шараға «Жусан» репатрианттары және олардың балалары қатысты. Бұл игі істің басты мақсаты: балалардың санасында «Балаларды қорғау күні» туралы түсініктерін қалыптастыру. Сондай-ақ қоғамға бейімдеу және әлеуметтендіру жұмыстарын сапалы жүргізу. Сонымен қатар балаларды өзін құрметтеуге, әлеуметтік мәнділік сезімін және жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу.
«Бүгінгі күн – ерекше, мағынасы зор күн. Сіздерді осы мейраммен шын жүректен құттықтай отырып, ибалы, инабатты, білімді, тәрбиелі болып өсулеріңізді тілеймін. Бүгін сіздер үшін көңілді де қызықты мереке ұйымдастыруға тырыстық. Біздер үшін басты байлық – сіздердің күміс күлкілеріңіз бен шат-шадыман көңіл-күйлеріңіз», – деді “Отпан” ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығы” қоғамдық қорының төрағасы Азамат Нұғманұлы.
Осы ретте ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Ануар Ізімбайұлы «Бала болашағы — бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның, халықтың, тұтас бір ұлттың бүгіні мен ертеңін жалғастыратын алтын көпірі, асыл мұраты іспеттес», – деген құттықтау сөзін жеткізді.
Ұйымдастырушылар тарапынан балалардың қуанышын үстемелей түсу үшін аниматорлық ойындар мен сайыстар қойылды.
Мереке соңында балаларға сусындар мен тәттілер беріліп, түрлі сыйлықтар үлестірілді.