Сұрақ: Құрылыста жұмыс жасаймын, түскі асты әрқайсымыз бөлек ішеміз. Жұмыс барысында бірге араласып, түстенген уақытта бөлек-бөлек тамақтанған бір түрлі екен. Бұған дініміз не айтады?
Жауап: Пайғамбар (с.ғ.с.): «Көпшілікте – берекет, бөлінуде – азап бар», деп айтқан. Демек, ауызбіршілік пен ұжымдық тек жұмыс кезінде емес, одан тыс уақытта да маңызды рол ойнайды. Тіпті тамақ жегенде де басқалардан бөлінбей немесе оқшауланбай бір дастархан басында тамақтану керек екен.
Тамақ жетпей қалады деп уайымдау дұрыс емес, керісінше, дастархан басындағы әр адам қолындағы асын ортаға қойса тамақ берекелі болады. Бұған Уаһши ибн Харб есімді сахабаның оқиғасы да дәлел:
«Бір қатар сахабалар пайғамбарға келіп:
– Уа, Алланың елшісі! Тамақтанамыз, бірақ тоймаймыз, – деді. Мұны естіген пайғамбар:
– Шамасы, бөлек-бөлек ішетін шығарсыңдар? – дейді.
– Иә, дұрыс айтасыз. Біз, солай жасаймыз, – деді. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Тамақты көпшілікпен ішіңіздер, «бисмиллә» деп айтыңыздар. Тамақтарыңыз берекелі болады, – деп кеңес береді».
Жалғас САНДЫБАЕВ