Сұрақ: Жұмаққа кімдер кіреді?
Жауап: Бұл сұрақ әрбір мұсылманды мазалайтыны белгілі. Бұған қатысты көптеген мұсылман ғалымдары арнайы тақырыптар арнап, кітаптар жазған. Қалай болғанда да бұл сұрақ ақырзаманға дейін күн тәртібінен түспек емес.
Сіздің бүгінгі сұрағыңызға жауапты періштелердің өзара болған әңгімесін баяндайтын төмендегі риуаяттан іздеп көрелік. Оқырман сұрағына қатысты жауапты өзі табады деп ойлаймын.
Бір күні Пайғамбарымыз ұйықтап жатқан еді. Сол сәтте жанына бірнеше періште келді де, өз араларында сөйлесе бастады. Біреуі:
– Мұхаммед ұйықтап жатыр, – деді.
Келесі бірі:
– Оның ұйықтап жатқанына мән берме, оның көзі жабулы болса да, жүрегі ояу, – деді.
Періштелердің бірі:
– Оның жағдайын баяндап беретін керемет бір мысал бар, соны айтайық, ол тыңдасын.
– Жарайды, бірақ ол айтқандарымызды естімейді ғой!
– Айтқанымдай Оның көзі ұйқыда болса да, жүрегі ояу.
Періштелерден бірі былай деп бастады:
– Аса қымбатты бір адам үй сала бастады. Үйін салып бітірген соң, оны тойлауға шешім қабылдады. Адамдарды шақыру үшін арнайы хабаршы жіберді. Шақыруды қабыл алғандар шақырған үйге барып, мейрамға қатысты. Ал шақыруды қабыл алмағандар үйге де бармады, мейрамға да бармады, – деді.
Дәл осы арада періштелердің бірі араға кіріп:
– Салынған үй қандай үй? Мерекеге қатысқан адамдар кім? Мұхаммедтің түсінуі үшін осы нәрселерді де ашып айтсаңдаршы, – деді.
– Айтқанымдай ол ояу! Ол сендерді естиді де, түсінеді де. Және жаңағы сұрақтарымның жауабын бер.
– Бұл мысалдағы үй – жұмақ. Адамдарды сол үйді көруге, мерекеге шақырған хабаршы ол – Мұхаммед. Мұхаммедтің шақыруын қабыл алып, оған мойынсұнғандар – Аллаға мойынсұнғандар. Оның шақыруын қабыл алмай, оған қарсы шыққандар – Аллаға да қарсы келгендер болып саналады. Мұхаммед – мүмін мен иман келтірмегенді бір-бірінен айыра алатын адам» (Бұһари 7281).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ