Несін айтасың, осыгүні танитын-танымайтындар түгел Пәтіркүлді әңгіме қылатын болыпты. Біреулер жерлесі үшін қуанып, «Содан бірдеңе шығатынын баяғыда сезгем» деп, ал іші күйгендері: «Бақ дегеннің көзінің кінәраты бары рас-ау» десті. Таныстарының арасынан: «Зып-зып етіп, адамның іші-бауырына кіретін жәдігөйлігі пайдаға асқан екен» деп күңкілдегендер де табылды. Елдің бәріне жағасың ба? Не десе о десін, бүгінде Пәтіркүлді бәрі таниды.
Пәтіркүл жас кезінде картамен пал ашатын. Өрістен келмей қалған лағын іздеген кемпірлер мен жігіті туралы білгісі келген қыздар соғып тұратын. Айтқанының біреуі қисынға соғып, үшеуі айдалаға лағып кетіп жатса да өзі картасына сенетін.
Өзің айналысып жүрген ісің нәтиже беруі үшін алдымен оған өзің сенуің керек. Әлдебір тылсымға сенетін қасиет Пәтіркүлге шешесінен дарыған. Шешесі тоқсаныншы жылдары шыжыған шілдеде үш литрлік банкіге су құйып әкеліп стадиондағы мыңдаған халықпен бірге атышулы Қызыл әулиенің емін алып, өзі білетін-білмейтін ауруларынан жазылып кеткен. Ауылға келгесін сонысын қанша күн аңыз қылған. Ол үшін Қызыл әулие ғасырдың құбылысындай еді. Енді ше! Банка толы суға емші алақанын жайса болды, көзге көрінбейтін зарядтар сол бойда дариды. Дәрі дайын. Іш те ауруыңнан жазыла бер.
Ол жылдары халық кісі қарайтындардан аяқ алып жүре алмайтын, тіпті бір көшенің бойынан оншақты емші табылып, олардың биоөрістері бір-бірімен әрекетке түсіп шарпысып қала ма, жел күндері жарық «жалп» етіп өшіп, жаңбыр жауған күні сол көшемен өтіп бара жатқан көліктер қақ ортадағы ұйма батпаққа батып қалатын. Сол «аңыздарды» кішкентайынан естіп өскен Пәтіркүл өсе келе астрологияға, хиромантияға бейім болды. Мектепте қасындағы қыздардың алақанына үңіліп, студент кезде дұға сөздер, мың түрлі сиқыры мен сыры бар энергиялар туралы айтқанда бөлмелестерін ұйытып тастайтын.
Алдыңнан бір есік ашылар кезде бір есіктің жабылатыны рас екен, бір күні «ақша пирамидасына тартты» деп шағымданған ата-ананың арызынан кейін Пәтіркүлді балабақшадағы жұмысынан шығарып жіберді. Бір мекемеге іс қағаздарын жүргізуші болып кірген. Айлығы мардымсыз, жұмысы бірсарынды болса, адам жұмыстан да, күнде автобуста тығылысып бір аяғымен тұрған күйі армандаудан да жалығады екен. Шығып кетті.
Қолы бос адам әрқилы ой кешеді. «Өзіне қызық, жанына рахат сыйлайтын, еңкейіп белі ауырмайтын, ақшасы тамшылап емес, түйдек-түйдек толқын тәрізді бірін-бірі қуалап келіп жататын қандай жұмыс бар?» дегенге ұзақ ойланды. Инстаграмға кірген сайын күрсінеді. Әртіс болып дүниеге келіп, ән салып, елдің қошеметіне бөленіп ақша тапқаннан бөлек, психологиядан сабақ өткізіп, елдің есін кетіріп лотерея ойнатып, электронды шоттағы ақшаңды санап отырмағасын өмір сүрдім дегеннің өзі бекер емес пе? Осы ой Пәтіркүлдің миынан шықпайды.
Бір күні Пәтіркүл балабақшаға психолог болып тұрмас бұрын базарда киім сатқан кезінде екі контейнер әрірек тұрған құрбысы Қарғашқа ілесіп семинарға барды. Семинардан кейін қабағы жазылып, ыңылдап әндете бастады. Бір өзгеріс болғаны анық. Әйтпесе бұған дейін бәрінен жалығып, ештеңеге көңілі толмай жүрген Пәтіркүл ғой.
Соңғы трендтерден хабары бар алымды келіншек пысықтардың психология саласына «инемен құдық қазып» ғұмырын арнамай-ақ тренинг өткізуді күнделікті киімін киіп-шешкендей-ақ дағдылы іске айналдырып, иланымшыл құлақтардан ағыл-тегіл пайда тауып жатқанына қарап тұрып, шындаса өзінің де саусағын қимылдатпай, тек тілі мен жағына сүйеніп, интернет кеңістігінде еркін қалқыған ағыл-тегіл ақылды сатып ақша таба алатынын ұқты. Обалы не керек, мектепте өзінің алдында сабақ айтып кеткен оқушының айтқанын тыңдап алып та шатып-бұтып сабақ айтып, қиналмай өте беретін Пәтіркүл ғой, тренинг, вебинар дегендердің майын ішіп, қазақтың ашықауыз әйелдерін гипнозсыз ұйықтатып-тұрғызып жүргендердің сабақтарынан біраз ілім үйренді, өзі де ізденді, энергоақпараттық коуч, рухани практик, энергиялармен жұмыс істеу дегеннің не екенін түсініп алды (қалай еңбектенгенін «мен өзімді көп іздедім» деп, сұхбат бергенде айтқан). Инстаграмнан шықпай омалып отырсаң да біраз білім жинайды екенсің, енді алақанын ысқылап жіберіп, өзінің парақшасын ашып, бастап кетті. Екі сөзінің бірі рух, жан деп келеді.
Тек қана өзіңді ойлауға болмайды, басқаларды да ойлау керек, жағымды энергияны бөліссең сол күйі қайтады. Ықылас болып. Ақша болып. Пәтіркүлге керегі – екіншісі. Сөйтіп Пәтіркүл сандар әлемі мен астрологияны меңгеріп, сол арқылы жұрттың өмірін жақсартуға, өзі межелеген биікке дейін жетілмегендерді жетілдіруге ынта-шынтасымен кірісіп кетті. Парақшасына ешкім жазылмай қоя ма деген күмәні бірден сейілді. Елдің бәрінің астрология, натальды карта, матрица дей ме, бірдеңе-бірдеңе дегендерге сенетін болғаны қандай жақсы! Бұның да жазылушылары құрала бастады.
Сөйтіп ол әуелі ондаған, жүздеген, сосын мыңдаған әйелге «бақытты қолыңа әкеліп ұстатам» деп уәде беруші коучқа айналды. Бұрын инстаграмдағы әрбір тоғызыншы адамның ретроградты Меркурий туралы жазатынына таңғалатын болса, енді ретроградты Меркурийдің ықпалы басым болып тұрған кезде адам өзін қалай ұстау керектігі жайында өзі де еркін айта алады.
– Жұма күні ай толады, Уран күшіне еніп, адамдардың шыдамын тексереді. Сондықтан Сарышаяндар мен Торпақтар қарым-қатынаста ойламай іс қылудан сақ болыңдар, әсіресе, жылжымайтын мүлікке ақша салам деп жүргендер мұқият болсын.
Ондайда Астанадағы алаяқ компаниялар туралы көп естігендер «сақтықта қорлық жоқ» деп астролог-нумерологтан сыр тартып қояды.
– Мына бизнесті сатып алсам қалай болады, өзін ақтай ма, жоқ па? – деп ақылдасады.
– Сіз бұл бизнесті қойыңыз, сіздің туған күн саныңызға басқа бизнес сәйкес келеді, – дейді оған. Осылайша оның жазылушылары бір қауым ел болды. Сөз деген ауа арқылы шығатын дыбыс, ал ауа біздің елде әзірге тегін. Әзірге. Пәтіркүл де тегін нәрсені пайдаланды.
Ол адамдардың бақыт пен сәттіліктен үміттеніп күн кешіп жүргенін түсінген бойда сол үміттермен ойнауды бастап кетті. Ешқандай кедергіге қарамайтын жалынды энергетикасымен байыпты, адамның ой-санасына әсер етіп сөйлейді. Әрқайсысына естігісі келіп отырған сөзін айта жүріп әдіс ала бастады. Бір топ адамның ортасына тап болса да, қонаққа барған кезде де айналасын үйіріп, жарқылдап көзге түсіп, даусы саңқылдап, нені болсын жанын сала түсіндіретін келіншекке елдің бәрі аузын ашты.
«Өзіңе өзгерудің қажеті жоқ, егер бірдеңе дұрыс болмаса жұлдызыңның сәйкес келмегенінен». Бұндай жауап адамға жеңілдік береді, әсіресе, өзгергісі келмейтіндерге. Ақшадан қиналып немесе жұбымен дұрыс болмай жүргендер өзін ақтайтын жауап іздеп жүргенде Пәтіркүл оған бәрін білетін ақылды шешесі секілденіп қайткенде ненің дұрыс әлде бұрыс болатынын түсіндіре қояды. Қабағы жазыңқы, жүзі күлмең, тілі майда, сөйлеп кеткенде қатайып отырған адамның өзінің жан-жүйесін қозғап, елжіретіп, тіпті жылата жаздайды.
«Реинкарнация бойынша айтсақ, бұрынғы өміріңде ағылшын лордының әйелі болған екенсің» деген сөздің өзі кейбір еңсесі түсіп жүрген әйелдердің рухын көтеріп тастайтынын өзі де талай байқаған. Әңгіме – сендіре білуде. Осыгүні біреулер қарамағындағы қызметкерді де астрология бойынша жұмысқа алатын жағдайға жетіпті, бұған Пәтіркүл қуанбаса ренжімейді, каспий голдына тыңқ-тыңқ деп ақша түскен сайын арқасы ұстап, сендіре түседі.
Кейде осы кезеңді түсінбейсің, саналарға келмесе де ғаламға бір өзгеріс келді ме, мемлекеттер өзара соғысып, идеалдар құлап, сенімдер күйреп, адамдар сүрініп… сол кезде адам байғұс жанталасып әрнеге бір жармаса ма дейсің. «Біреуге жүгінем, ол жұлдыз кітабын ашып жіберіп, не істеу керегін айтады, соның айтқанын жасап, алда болатын сәтсіздіктен қашып құтылам» деген идеяның өзі кейбіреуге сенім беріп, алда болар бір қиындықтан құтқаратындай. Атышулы …ологтар қызметін қомақты ақшаға бағалап, адамдар сол курстарды бірінен соң бірін сатып алып, кеңірдегінен келсе де «болдым, тойдым» деместен, коучтан коуч қоймай жазылып, өздерін терең зерттеуге кірісіп кеткен.
Ақшасы барлар әр айына, аптасына, бизнесіне болжам жасататын болды. Олар үшін астролог болжамы – өмірлік бағытын көрсететін компас секілді. Қыздар жігіттің өзін көрмес бұрын қай шоқжұлдыз белгісінде туғанын сұрайды, жас аналар балаларын қалай етсе жақсы дамытуға болады деп ұйқысы қашып, күйеуін жаңа даму сатысынан көргісі келетіндер Пәтіркүлге жүгінеді. Егер адам кредитін жаба алмай жүрсе ол үшін өмірдің мәні – ақша, егер ауырып-сырқай берсе – оған керегі денсаулық. Ал ақшасы да, денсаулығы барларға өмірі махаббат керегіп жүретінін Пәтіркүл біледі.
Адамдар әртүрлі ғой, кейде бұдан «арнайы сертификатыңыз бар ма, қайдан оқыдыңыз?» деп сұраушылар да табылады. «Түсіме ақ сақалды ата кіріп, аузыма бірдеңе салып, таңертең осындай болып ояндым» дейтінге иланатын бүгінгі адам ба… Пәтіркүлдің Құдай берген екі көзден бөлек маңдайындағы «көзді» қосқанда үш көзі барын, клиенттің ақшасы бар ма, жоқ па, оны көзден таса қылмай, неше айға дейін сүйреуге болатынын сезетін түйсігін дәлелдейтін сертификаты жоқ еді. Педколледждің психология бөлімін бітірдім дегеніңе таңғалатын жұрт аз. Ендеше астролог-нумерологтік қасиетіне еш күмән келтірмейтіндей бір сертификат керек.
Пәтіркүл оны қайдан тапсам екен деп жүргенде Тірі әулие туралы естіді. Ол Тірі әулиенің болмаған жері, оқымаған оқуы, алмаған сертификаты жоқ екен, атақ-дәрежелерінің жазып бастасаң он екі беттік дәптер лезде толады. Өзі жай адам сияқты бағзыда топырақтан, беріде ет пен сүйектен емес, оттан жаралыпты, жүрегі де от, жарнамасы да лап-лап! Әгәрәки, сол Тірі әулиенің жарнамасындағы суретіне ұзақ қарап тұрса, сол адамның бойы бір ысып, бір суып, энергиясы көбейіп, өзі білмейтін бір қасиеті сол бойда ашылады екен!
Ал егер қабылдауына барсаң, ойпырм-о-ой, тіпті ғаламат көрінеді! Таңғажайып адамның емі де ерекше! Оны көрген де, естіген де бас шайқайды. Науқасты екі аяғының ортасынан өткізіп емдеп, сол жері арқылы ғарышпен байланыса алатын адам туралы дақпыртты естіп, «мен» деген блогерлердің өзі одан сұхбат алуға таласып жатқанын естігенде Пәтіркүлдің қайдан есі кетпесін!
Көргенше тағат таппады. Адамның сенімі түсініксіз нәрсе, қауашағындағы миын шайып жіберсе кез келген өтірікке сенуге дайын. Ол үлкен өтірік пе, кіші ме… неше дипломы болса да сенгісі келіп тұрады. Өйткені, эзотерика елді эпидемия сияқты жайлап алған. Тіпті біреулер Тірі әулиенің сиқырлы таяғын бір ұстап көрем деп жанталасып өңмеңдей жүгіргенде ебедейсіз, қолапайсыздары жолда сүріне құлап, басқалары үстінен тапап кете жаздап… сондай болыпты.
Пәтіркүл ақыры Тірі әуленің қабылдауына барды. От-адамның бір сеансының өзі әжептәуір ақша екен, жиған-тергенін салып, жетпегенін құрбысы Қарғаштан алып, мақсатына жетті ау. Ал көргені… Сахнаға жасы нешеде екенін адам айырып болмайтын кісі шыққанда бәрі орындарынан тұрып, жарты сағат бойы қол шапалақтады. Тіпті ысқырып, қышқырып, орындарына отырмай қойды. Қараса жиналғандар кілең қазақ, қазақтың мінезі сондай ғой, барлық нәрседе шексіздікті жақсы көреді, сөз болса ағыл-тегіл, мақтау болса көл-көсір, біреуге сену керек пе, сәби сияқты аузын ашып тұрып сенеді.
Әулие шынымен ерекше екен, кәрі дейін десе сөйлеген сөзі әрнені айтып қылжақтаған жас жігіттікіндей, жас дейін десе, қарны шығып, төбе шашы сирепті. Оның өзіне-өзі тоқмейіл кейпіндегі «арсыздықтың бір пайдасы – айналаңдағы адамдардың қызығушылығын өз пайдаңа жаратасың» деген жазуды Пәтіркүл қапысыз оқыды. Бірақ, еліріп-есі кеткен жұртқа қараса оның әр айтқан сөзін алтын сияқты қабылдап, күлсе күміс шашқандай қуана түседі.
«Жоқ, бұл адам кәрі емес екен» деді Пәтіркүл оған қарап тұрып. «Осынша жұртты табындырған талант, бір сеансы миллион тұратын бай адам кәрі болмайды». Оған шәкірт болып сертификатын алса, Пәтіркүлден асатын кім бар? Қымбат әтірінің иісі бұрқыраған Пәтіркүл өзге жуас жұрт секілді қабылдаудан соң кете салмай, ебін тауып тірі әулиемен оңаша жолықты. Екеуі бірден тіл табысып кетті, сірә, ол да мұның қасиетін таныған болуы керек, әйтеуір көп ұзамай мұны шәкіртім деп танып, онысын жалпақ жұртқа жариялады. Сертификаттың да қытайдан, тибеттен алғаны керек пе, бірнешеуін бірден иеленіп шыға келді Пәтіркүл.
Адаммен жақсы болғың келсе, оның өтірігіне кедергі келтірме. Олар бір-біріне кедергі жасамады. Шәкірті ерекше жаратылыс иесі – Ұстазына ризашылығын білдіріп, оған аты тарихта қалған батырдың энергиясын жеткізді. Оны ұшақпен әкелді ме, пойызға тиеді ме, қалай жеткізгені жұмбақ, бірақ, табынғандар мен қағынғандар үшін бұл мыңжылдықтар тоғысында да бола бермейтін таңғажайып жаңалық ретінде қабылданды.
Ұстазы да жолдан жығылмады, сол әруақты Пәтіркүлдің өз бойына қондырып беріп одан сайын айран-асыр таңғалдырды. Үлкен залда жаңғырған «Тірі әулиенің құдіретінде шек жоқ екен ғой!» деген гуілден құлақ тұнды. Әруақ деген нәрсе қондырам десе икемге көнгіш пе, әлде жұмсақ топыраққа қадай салатын тал сияқты болғаны ма, кім білсін, содан бері сол әруақ өзінің о бастағы иесін тастап, енді Пәтіркүлдің бойына тұрақтапты-мыс. Өтірік десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ өтірік деген түп-түгел жалған деген сөз емес қой, ол деген басқа шындық. Пәтіркүлдің шындығы. Бәлкім, Тірі әулиенің шындығы да сол шығар…
Өзі о бастан қасиеті бар адамға әруақты қолдан «қондырса» не болуы мүмкін, не болса да бір әлемет болып, Қазақстан шынымен де жаңаша дамып, экономикасы көтерілетін шығар? Жоқ, әзірге ондай ештеңе байқалмады. Тек Пәтіркүл бұрынғыдан да танымал бола түсті. Клиенті көбейді. Туған күнінің сандарын бір-біріне қосып есептеп, шоқжұлдызына қарап, «Сенің жаратылысың бөлек екен, өзіңнің қабілетіңді ашып, дүниені өзгертіп, мақсатыңа жете аласың» деген сөзге иланбайтындар сирек. Жұмысын жеңіл дей алмайсың, кейде бір клиентке екі сағатын арнайды.
– Маған пәтер мен көлік керек, соған қалай қол жеткізуге болады?
– Осы 2023 жылы арманыңыз орындалсын десеңіз, 23 беттен тұратын дәптер тауып, соған 23 күн бойына 23 рет арманыңызды жазасыз. 23 саны магиялық сан. Сол кезде осы сөз сіздің тілегіңізбен тоғысып, түпсанаңыз соған жету жолдарын іздей бастайды.
– Сонда қалай, мен екі бөлмелі пәтер қалаймын дегенді 23 рет жазуым керек пе?
– Алдымен «Мен қалаймын» деген сөзден қашу керек. Одан да «мен пәтер алдым, менде көлік бар» деп сөйлеу керек.
Пәтіркүл өзі осыған сеніп отырып айтады. Өйткені, күні кешеге дейін әлдекімнің 16 шаршы метрлік жатақханасын 70 мың теңгеге жалдап жүрген еді, бүгінде Астанадан Хан шатырдың қасынан үш бөлмелі пәтер сатып алған. Өзінің аппақ мерседестің иесі екенін ойлаған сайын даусы нық шығады.
Клиенттер көбіне интернет, әлеуметтік желі арқылы сөйлеседі, кейде бетпе-бет жолыққысы келетіндер бар.
– Сіз туғаннан интуициясыз туған екенсіз, – деді скайппен қосылған ажарлы әйелге. Анау аузын ашты.
– Соның кесірінен әркімге алданып қаласыз, адам танымайсыз, бәрі сізді пайдаланғысы келеді.
– Рас, рас, – деп басын шұлғыды ана әйел.
– Тіпті жақындарыңыз да сіздің жұмсақ әрі сенгіштігіңізді пайдаланады. Сосын сізге біреу дуа салған, қасыңызда жүрген адам…
– Дәл айтып тұрсыз, – деп жанары жасаурады келіншектің. – Бір сіңліме кредит әпергем, ақыры өзім төледім, ал құрбым деп жүрген әйел күйеуімді алып кетті.
– Интуицияны қалыпқа келтіруге болады, оның жолдары бар, – деп үміттендірді Пәтіркүл.
– Сөйтсеңіз жақсы болар еді. Жақсылығыңызды ұмытпаймын. Не істеу керек, маған көмектесіңізші. Жолым ашылса екен. Әйел жылап жіберді.
Сол келіншек екі жыл болды, Пәтіркүлге әлі келіп жүр.
Өзіне риза болғандардың жақсы пікірін жазып алу – Пәтіркүлге шабыт береді. «Мен бұған дейінгі өмірімді күңгірт жерде өткізгендеймін, неге бұлай болғанын түсінбей келіппін. Пәтіркүл әпкенің есептеуінен кейін бәрі өз орнына келді, біз адамдар өз ақымақтығымыздан мына өмірде бәрі бір-бірімен байланысты екенін түсінбей ақымақтықтар жасаймыз, – депті бір қиялилығы асқынған клиенті.
Енді бірі: «Бұл нумеролог емес, өмір бойы қасымда жүрген адам сияқты, мен енді жеке мәселелерімді шешіп қана қоймай, өзімді дамытудың жаңа сатысына шықтым» деп леп белгісін қойған. Оның бәрін Пәтіркүл парақшасына салады. Бұл басқа клиенттердің аяқ жолына жарық түсіріп тұратын шам секілді, бұған қарай бастап әкелетін жол болмақ.
Тірі әулиемен кездескеннен кейін орталық ашып, баяғыда фермада мал доғдыры болып, кейін молда болып кеткен нағашысын жұмысқа алды, алдына алжапқыш байлаған молданың келген науқасқа ингаляция қойып, ине шаншып жатқанына сүйсінгендер қаншама! Бұл молдалардың алға дамып кеткенінің дәлелі ме әлде медицинаның қадірі кеткенінің белгісі ме, ол жағын кім ойлап жатыр дейсіз. Пәтіркүлге шаруасы жүрсе болды. Өзі басқа өңірлерге барып өмірлік бағытын таппай жүргендерге арнап семинарлар өткізіп тұрады. Бұны көргенде бәрі қол шапалақтап қарсы алып, қаумалап, қолпаштайды. Өзіңе риясыз сенген жұрттың назарында болу – кәдімгідей масайтады екен.
Пәтіркүлге сенгендері сондай, кейбір келіншектер «күйеуіңізбен тағдыр сандарыңыз сәйкес келмейді екен, алда ажырасу күтіп тұр, осынша уақыттан кейін басқа бір жақсы адам кездеседі, оның шоқжұлдызы осындай, ол сізді аялап ұстайтын болады» дегеннен кейін күнде қасында жатып жүрген күйеулеріне күмәнмен қарай бастады.
Енді біреулері Пәтіркүлдің айтуымен әмияндарын, банк карталарын айдың жарығы түсіп тұрсын деп терезе алдына қоятын болды. Айдың сәулесімен суарылған әмияннан ақша үзілмейді-мыс. Ал Пәтіркүлдің өзі өйтпейді, ұйқыға жатарда ақшасының бәрін есептеп, көңілі толып, өзіне және Тірі әулиесіне риза болып, келер апта бұдан да табысты болса екен деп жатады. Ал оянған бойда «Маған келсеңіз, энергофоныңызды психоэмоционалдық жағынан кедергі болып жүрген қажетсіз түсініктерден тазартып берем, маған келсеңіз, жаңадан күш қосылып, жасарып, байлыққа кенелесіз» деп жарнама жасайды. Ал адамға жастық, денсаулық, байлықтан басқаның керегі де жоқ.
Парақшасына қосылып жатқан адамның санынан өзі шатысты. Дегенмен, танымалдық артқан сайын дұшпан да көбейеді екен, өткен жолы баяғыда бірге оқыған құрбысымен келісіп, мектепте жас балаларға нумерологияның қыр-сырын түсіндірген. Әлгі балалар оны да білеміз, мұны да білеміз деп дұрыс тыңдамай қойды. Сөйтсе, мұның алдында ғана әулетімен бермен қарай жәдігөйлікпен айналысып келе жатқан үшінші дәрежелі сиқыршы келіп, балаларға қара күштен қорғанудың тәсілін үйретем деп мұның алдына түсіп кетіпті (амал жоқ, оның жұмысына магиялық блок қойып таста деп сібір жақтағы танысына телефон шалды).
Сөйтіп жүргенде жұртқа пайдасыз ақыл айтқыштар мен бақсы-құшынаштарды сараптайтын, алаяқтарын анықтап, шын білгірлерін қалдыратын орталық ашылады екен деген хабар дүңк ете түсті. Соңғы кезде елдің бәрі өтірік айтатын дертке шалдығып, нумерологы қайсы, әкімі қайсы, астрологы мен депутаты қайсы, айыра алмай қалғасын, миы ашып кеткен үкімет Жапонияға арнайы бірегей жобамен тапсырыс беріп, бір керемет аппарат жасатыпты. Ол аппараттың кереметтігі – өтірікші адам аузын ашса болды, айтқанын екінші адамға естіртпей, сол жерді бажылдаған жаман дыбысқа толтырып жібереді екен (жалған сөйлегеніңді әлдебір сымдарды таңып қойып анықтайтын детекторың жолда қалады екен). Кеңседе ме, үйде отырсың ба, шығыста әлде батыстасың ба, бәрібір, аузыңды ашып өтірік айта бастасаң, өз даусыңды өзің естімейтін көрінесің. Сол аппарат келгелі ананы істедік, мынаны істедік деп халықты алдап, жолдың, көпірдің ақшасын жеген шенеуніктер мен елді жоқ аурудан емдеп, «дуасын алып», алдап ақша тауып жүргендердің сегіз мыңдайы сотталып, алды түрмеде отырған көрінеді.
Пәтіркүл алаяқ емес, десе де үкіметтің бұл жаңалығынан іш жиып қалған. Соны естігелі уайымнан ба, әлде ұстазы қондырып берген «әруақ» әсер етіп жатыр ма, соңғы кездері Пәтіркүлді шалықтап сөйлеп, аузына келгенді айтып кететін болыпты дейді.
Жадыра ШАМҰРАТОВА