Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдайтын кезде қиян-кескі талас-тартыс пен пікірталас жүрді. Сол оқиғалардың бел ортасында тарихи сәттің куәгері болғандардың бірі – белгілі қоғам қайраткері Жигули Дайрабаев. Мереке қарсаңында Мәжіліс депутатымен арнайы жолығып, декларацияның қалай қабылданғанын, Республика күніне қатысты ойын білдік.
– Жигули аға, сіз 1990 жылдың басында Жоғарғы кеңеске депутат болып сайландыңыз. Сол жылы көктемгі және күзгі сессияда ел тарихындағы ең тағдыршешті құжат талқыланды. Есіңізде не қалды?
– Иә, алдымен Ресей империясының отары, кейін КСРО-ның қол астында болған Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығына 1990 жылдың 25 қазанында қолы жетті деуге толық негіз бар. Өйткені бұл декларация тәуелсіздікке баратын жолды ашып берді. Мен осы тарихи оқиғаның куәгері болып, аталған құжаттың қабылдануына үлесімді қосқаным үшін өзімді бақытты санаймын. 1991 жылғы «Тәуелсіздік туралы» конституциялық заңды да біздің шақырылымдағы депутаттар қабылдады.
1990 жылы Балтық жағалауы мемлекеттері тәуелсіздігін жариялап, КСРО-дан бөлініп кетті. Қалған одақтас республикалар бірінен соң бірі мемлекеттік егемендігін алып жатты. Сондықтан біз де қызу жұмысқа кірісіп, егемендікке жету жолында аянбай еңбек еттік. Сол шақырылымдағы Парламентте ұлтымыздың елім-жерім деген біртуар азаматтары, атап айтқанда, Салық Зиманов, Сауық Тәкежанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Серікболсын Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Марс Үркімбаев, Тәңірберген Тоқтаров, сынды марғасқалар болды. Үлкен саяси мәні бар құжат көп талқыға түсті. Ақыры осы ағаларымыздың табанды әрекеті арқылы декларация мәтіні толық жетілдіріліп, қорғалып, ақыры қабылданды.
– Сол алғашқы сәттегі көңіл күйіңізді сипаттап бере аласыз ба? Қалай қуандыңыз?
– Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Қазақтың егемендікке, тәуелсіздікке ұмтылғанына көп болды ғой. Азаттық алу ата-бабамыздың үлкен арманы еді. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы бізге, шын мәнінде, еркіндік сыйлады. Кеудемізді кере еркін тыныстайтын күнге жеттік. Несін жасырайық, алғашқыда «Шіркін-ай, біз де шынымен егемен ел болдық па?» деп сенер-сенбесімізді білмегеніміз рас.
Жоғарғы кеңесте 360 депутат болса, соның бәрі бірдей қуанды деп айта алмаймын. Бұл уақытта елде қазақтың саны 40 пайызға жетер-жетпес. Ал депутаттардың жартысынан астамы – өзге ұлт өкілдері. Олардың ішінде декларацияның қабылдануына қасарысып қарсы тұрғандар болмаса да, «Кімнен егемендік аламыз? Өз бетімізбен қайда барамыз?» деп сұрақ қойғандар табылды. Қазір көбі бұл дүниеде жоқ, сондықтан олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын.
– Республика күнінің халқымыз үшін мән-маңызы қандай?
– Егемендік деген бір-ақ ауыз сөздің өзі – баға жетпес байлық. Әлемде азаттықты аңсап, бірақ қолы жете алмай жүрген қаншама ұлт бар. Бір ғана күрд халқын алайық. Саны 50 миллионға тақау, бірақ тәуелсіз елі жоқ. Сондықтан біз осы күнімізге шүкіршілік етуіміз керек. Кезіндегі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді Алаш қайраткерлерінің қазақты әлемдегі бақытты ұлттардың біріне айналдырамыз деген асқақ арманы орындалды.
Содан бері, міне, отыз жылдан көп уақыт өтіпті. Елдігімізді бекемдеп, еңсемізді тіктедік. Шекарамызды шегендедік. Мемлекет құраушы қазақ ұлты 70 пайыздан асты. Көршілерімізбен тату-тәтті достығымыз бар. Біз тәуелсіз Қазақ мемлекетінің болғанына қуануымыз керек. Елді одан әрі дамытуға әлеуетіміз де, байлығымыз да жетеді.
– Тәуелсіздігіміз тұғырлы, азаттығымыз айбарлы болуы үшін бізге тағы не керек?
– Жоғарыда айтқанымдай, біз, қазақ – мемлекет құраушы ұлтпыз. Сондықтан барлық жағынан өзгелерге үлгі болуымыз керек. Мәдениетте, өнерде, экономикада, білімде, қай салада болмасын, өзіміз топты бастап, алда жүруіміз қажет. Бізге сондай үлкен жауапкершілік жүктелген. Қазақ жерінде көптеген өзге этнос өкілдері де қатар өмір сүріп жатыр. Олар – кезінде тағдырдың айдауымен осы өлкеден табылған тағдырлас жандар. Мәселен, соғыс уақытында Сталиннің жарлығымен Кавказ халықтары, Еділ бойындағы немістер, Қиыр шығыстағы кәрістер жер аударылды. Олар да осы мемлекеттің азаматтары және өз араларында патриоттар да аз емес.
Мәселен, Мәжілісте менің жанымда Наталья Дементьева есімді орыс ұлтының өкілі отырады. Мамандығы – мұғалім. Мемлекеттік тілде сөйлегенде, сіз бен бізді жолда қалдырады. Максим Рожин, Снежанна Имашева есімді депутаттарды жақсы білесіздер. Олар да қазақ тілін жетік білетін орыс ұлтының өкілдері. Жүректері «Отаным, елім-жерім» деп соққан сондай азаматтарымыз бар кезде Қазақ елінің бірлігі бекем, ынтымағы жараса бермек.
– Азат ел ретінде алдымызда қандай асқаралы міндеттер тұр?
– Құқықтық-саяси тұрғыда біз – тәуелсіз мемлекетпіз. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болдық. Бүкіл әлем бізді тәуелсіз ел ретінде таниды. Бұл талассыз, басы ашық ақиқат. Алайда тәуелсізбіз деген сөз – шекараны қымтап жауып тастап, қамалып отыру дегенді білдірмейді ғой. Заман көшінен қалмай, дамуымыз үшін басқа мемлекеттермен экономикалық, мәдени, т.б. салаларда қарым-қатынас жасау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біз әлемде көпвекторлы бейбіт саясат ұстанып отырмыз. Біздің екі қапталымызда екі алпауыт мемлекет тұр. Біздің міндетіміз – барлық қоңсымызбен тату-тәтті байланыс орнатып, алыс-берісіміз бен барыс-келісімізді арттыра беру. Ең бастысы, шекарамызға бекем болу қажет. Өзіміздің ұлттық мүдделерімізді қорғауымыз керек. Жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеп, ұлт жолында қызмет қылатын тұлғаларға айналдырғанымыз дұрыс. Әрбір адам отаншыл болуы керек. Осының бәрін бұлжытпай орындайтын отансүйгіш, еңбексүйгіш халқымыз болса, азаттығымызға ешкім де нұқсан келтіре алмайды.
– Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің айырмашылығы жөнінде сұрақтар көп қойылады. Кейде түсінбеушілік те болып жататыны рас. Сіз не айтар едіңіз?
– Менің ойымша, екеуінің арасында бәлендей айырмашылық жоқ. Мемлекеттік егемендік – ол да тәуелсіздік. Декларацияны да, тәуелсіздік туралы заңды да сол кездегі халық сайлаған депутаттар қабылдады. Егемендік пен тәуелсіздік біздің халқымыздың қалауымен жүзеге асты. Содан бері қаншама тарихи кезең мен саяси өзгерістерді бастан кешіріп, міне, бүгінде Әділетті Қазақстанды құру жолына табан тіреп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы, сондай-ақ Республика күнін қайтару туралы шешімі – уақыт талабынан туындаған оң шешім. Бұл – ұлтты ұйыстыратын, тарихи әділдікті қалпына келтіретін үлкен мереке. Азаттығымыз айбарлы, келешегіміз кемел болсын деп тілейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ