Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған Республика күні – Қазақ елінің жалғыз ұлттық мерекесі. 1995 жылдан бастап ұлттық мереке, 2001 жылдан мемлекеттік мереке ретінде тойланып келген бұл күн 2009 жылдан кейін атаусыз қалғаны белгілі. Ал екі жыл бұрын 29 қыркүйекте Президент Жарлығымен «ұлттық мереке» мәртебесі беріліп, елдің басты мейрамы ретінде қайта жаңғырды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев: «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды» деді.
КСРО – конфедерация болды ма?
Қайта оралған тарихи күнді бүгін, міне, үшінші мәрте атап өтіп жатырмыз. Бұл өткенге көз жіберіп, жетістігіміз бен қателігімізді саралап, тарихтан сабақ алар сәт. Тар жол тайғақ кеше жүріп тәуелсіздікке жеткенімізді, азуын айға білеген алып империяның құрсауынан қалай құтылғанымызды ой елегінен өткізер мезет. Иә, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдау оңайға түспегені белгілі. «Азат ел боламыз» деп алға талпынғандар да, «Мәскеудің етегінен ұстамасақ, өз күнімізді көре алмаймыз» деп артқа тартқандар да көп болды. Бірақ уақыт – әділ төреші. Ақыры аңсаған азаттық орнап, ақиқат салтанат құрды.
Жалпы ХХ ғасырдың екінші жартысы әлемде «бөліп ал да, билей бер» саясатының құрбанына айналған отар елдердің тәуелсіздікке қол жеткізуімен ерекшеленгені белгілі. Азия мен Африканы түгел қамтыған «азаттық шеруі» 90-жылдардың басында КСРО-ның қоластына қараған республикаларға да табан тіреді. Осы арада көп адам байқай бермейтін бір қызықты дерек бар. Кеңес одағының 1977 жылғы, яғни соңғы конституциясының 76-бабында «Одақтық республика – егемен кеңестік социалистік мемлекет» деп жазылған болатын. Ал Қазақ КСР-інің бір жылдан кейін қабылданған, яғни 1978 жылғы Конституциясының 1-бабында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы – социалистік бүкілхалықтық мемлекет» делінген. Қарап отырсаңыз, екі құжатта да КСРО-ны құрайтын республикалар «мемлекет» деп аталады. Бір мемлекеттің ішінде республика немесе автономиялы республика болуы мүмкін, бірақ басқа бір мемлекет болмауға тиіс. Бұл – үй ішінен үй тіккенмен пара-пар. Ал КСРО дейтін «біртұтас мемлекеттің» ішінде тағы 15 мемлекет қалай жүрген? Бұл – конституция бойынша кеңес одағының 1977 жылдан бастап федерация емес, конфедерация болғанын көрсетпей ме? Ең бастысы, осы тақырыпқа сол кезде неге ешкім көңіл бөлмеген деген заңды сұрақ туындайды. Бәлкім оны байқаған адам болмады, болса да ол кез мұндай мәселені көтеретін уақыт емес еді. Мәскеуді құдайдай көрген заманда КСРО-ны конфедерация деп айтуға кімнің батылы жете қойсын?!
Сол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталған біздің газетімізде елдің саяси аренасында болып жатқан барлық оқиға жаппай жазылып жатты. Осыдан 34 жыл бұрынғы сарғайған газет беттерін парақтап отырып, саяси ахуалдың егжей-тегжейін бажайлауға болады. Мәселен, КСРО конституциясындағы «мемлекет» мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген адам Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің төрағасы Ерік Асанбаев болғанға ұқсайды. Оның «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 17 қазандағы санында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы жобасы туралы» атты депутаттар алдында сөйлеген баяндамасы жарияланыпты. Бұл Жоғарғы кеңес депутаттарының күзгі сессияға келіп, декларация жобасын қызу талқылап жатқан кезі болатын.
«Басқа одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР-і КСРО Конституциясына сәйкес егемен социалистік мемлекет болып табылады. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана «мемлекет ішіндегі мемлекет». Шындық мынадай: қоғамның тіршілік қызметінің барлық саласындағы шектен тыс орталықтандыру басқа одақтас республикалар сияқты Қазақ КСР-інің нақты егемендігі формальді болып шығуына апарып соқтырды. Оның тәуелсіздігі мен егемендігі барынша азайтылды. Елімізде республиканың ішкі және сыртқы саясатының барлық мәселесін орталықтың егжей-тегжейлі тәптіштеуінің кеселді практикасы қалыптасып, конституциялық жағынан тұжырымдалды» деп жазады ол.
Жобадағы жер дауы
«Құланның қасуына – мылтықтың басуы» демекші, егемендіктің елең-алаңында, «ел боламыз ба, жоқ па?» деген мәселе күн тәртібінде тұрған тұста, Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің он екінші шақырылымына сайланған халық депутаттарының құрамы – ел тарихындағы ең білімді әрі мықты депутаттық құрам болғанын айтады білетіндер. 1990 жылдың наурыз айында Жоғарғы кеңеске сайлау өткені белгілі. Ал 4 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «су жаңа» депутаттардың тізіміне назар салсақ, Өзбекәлі Жәнібеков, Салық Зиманов, Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Шалбай Құлмаханов, Сағадат Нұрмағамбетов, Заманбек Нұрқаділов, Камал Смайылов, Иманғали Тасмағамбетов, Сауық Тәкежанов, Нұрлан Оразалин, Жармахан Тұяқбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Асқар Жұмаділдаев, Ұзақбай Қараманов, Серікболсын Әбділдин, Оралбай Әбдікәрімұлы, Рәтбек Нысанбаев, Бірғаным Әйтімова, Қуаныш Айтаханов, Мұрат Әуезов, Өмірбек Байгелді секілді шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін ел ағаларын көруге болады. Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасы талқыға салынып, қиян-кескі текетірес болғанда осындай сөзі де өтімді, қабілеті де қарымды халық депутаттары «Кімнен егемендік аламыз? Қайда барып оңамыз?» деген кейбір «Мәскеуге қарап үрген» әріптестеріне тегеурінді қарсылық көрсетіп, құжаттың қабылдануына шешуші ықпал еткені сөзсіз.
«Сол жылғы Жоғары кеңеске шын ұлтжанды, жалған сөйлемейтін, тек шындықты бетке айтатын нағыз майталман азаматтар депутат болып сайланды. Бұл ел өміріндегі шешуші кезең еді. Наурыз айында КСРО-ны «Егемен республикалар одағы» ретінде сақтап қалу туралы бүкілодақтық референдум өтіп, оны кеңес халқының 64 пайызы жақтап дауыс берді. Енді жаңа одақ құрамына кіру үшін тиісті құжат керек еді. Осыған орай депутаттар алдында Мемлекеттік егемендік туралы декларация жобасын жасап, талқылап, қабылдау міндеті тұрды» деп еске алады сол кезде Жоғарғы кеңес депутаты болған Қуаныш Айтаханов.
Оның айтуынша, көктемгі сессия аяқталғаннан кейін декларацияны дайындау үшін арнайы комиссия құрылып, оған атақты заңгер, академик Салық Зиманов басшылық етеді. Депутаттардың көп бөлігі жазғы демалыста жүргенде жұмыс тобы құжат жобасын толық дайындап, 7 тамызда халықтық талқылауға шығару үшін баспасөзде жариялайды. «Социалистік Қазақстан» газетінің беттерін парақтап отырсақ, сол күзде егемендік мәселесі кеңінен талқыға түскенін байқауға болады. Басылымның 2 қазанда жарық көрген санында Қазақ КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Досмұхамед Кішібековтің «Шын мәніндегі егемендік керек» деген мақаласында жер дауы мәселесі көтеріліп, КСРО халық депутаты С.Васильева Ертістің оң жағын, Қазақ КСР-і халық депутаты В.Водолазов Орал өңірін Ресейдің жері деп шу шығарып жүргенін тілге тиек етеді. «Талқыға салынып отырған Декларация жобасында мұндай арандатуларды, республика территориясының қалыптасқан қазіргі шекарасына қол сұғуға тырысқандарды әшкерелейді, оларға заң бойынша шара қолдану керек деп отыр. Бұл өте дұрыс, әділетті ұсыныс. Халық санасында ұлтшылдық қиқымын шашып, халықтар достығына іріткі салған адамды қастандық әрекет жасаушы деп қарау керек» деп жазады ол.
Одан соң автор кезінде қазақ жерінде тұтқында болған А.Солженицынның орталық басылымдарда жарық көрген «Ресейді қалай гүлдендіреміз?» атты сәуегейлік мақаласына тоқталады. «Сәуегей-жазушы Қазақстанда жергілікті ұлт саны мұнда тұратын халықтың тең жартысынан кем дей келіп, Қазақстанның дербестігіне күмән туғызады. Сонда қазақ халқының мұндай аз болуына кім кінәлі? Оны ол айтпайды. Ал бізге бұл жағдай белгілі: бір жағынан бұған қазақ халқының ашаршылық жылдары тең жартысының қырылып қалуы, екіншіден Қазақстан жеріне сырттан ұлты бөлек адамдардың көптеп келтірілуі кінәлі. Бұларды А.Солженицын неге ескермеген?» дейді.
Тіл үшін тартыс
Халықтық талқылауға ұсынылған декларация жобасының 8-тармағында «Қазақ КСР-інде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ресми тіл болып табылады» деп жазылған еді. Д.Кішібеков өз мақаласында осы бапты сынға алады. «Сонда ресми деген не? Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде ол «айрықша», «ерекше», «арнаулы» деп түсіндірілген. Сонда орыс тілі айрықша не ерекше тіл ме? Неге біз осындай түсініксіз істер жасаймыз? Өткен жылы қабылданған Тіл туралы заңда қазақ тілі республикамызда мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі делінген жоқ па еді? Солай деп неге алынбаған? Республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын қуаттай отырып, оның сегізінші бабындағы жаңағы айтылған мәселелерді көтеру үшін оларды нақтылап, талдап айту керек дер едім» деп сөзін тәмамдайды.
Тіл мәселесі «Социалистік Қазақстан» газетінің 3 қазандағы санында да «Егемендік алдымен тілге берілсін» атты мақалада көтерілген. Оның авторлары, филология ғылымдарының докторлары Бабаш Әбілқасымов пен Сапарғали Омарбеков орыс тілін Қазақ КСР-інің ресми тілі деп жариялау қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін жоққа шығарумен пара-пар екенін жазады.
«Орыс тілін КСРО Жоғарғы советі заң шығарып, Одақ көлеміндегі ресми тіл деп жариялап қойды. Енді осы тезисті Қазақ КСР-і Жоғарғы советі қабылдағалы отырған Декларацияда қайталаудың қаншалықты қажеті бар? Өкіметтің өткен жылы бекіткен заңындағы республикадағы ұлтаралық қарым-қатынас тілі орыс тілі болады, ол республикада мемлекеттік тілмен тең дәрежеде қатар қолданылады деген тезис орыс тілінің тақиясына тар келеді дегенге кім иланар. Заң бір рет қабылданған екен, оны әркімнің қас-қабағына қарап жалтақтап, екі күннің бірінде өзгертіп отыратын болсақ, оның несі заң? Мұндай заңның халық алдында сенімі, қадірі бола ма?» деп сұрақ қояды авторлар.
Айта кетейік, С.Зиманов бастаған комиссияның дайындаған декларация жобасымен қатар Жоғарғы кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» тобы балама декларация жобасын әзірлеп ұсынған болатын. Отыз адамнан құралған бұл топтың жетекшілері – депутаттар Б.Белик, М.Оспанов, Е.Ертісбаев, Ю.Сухов еді. Олар ұлттық мемлекет емес, азаматтық қоғам мемлекетін құруды жақтап шықты. С.Зиманов бастаған комиссияның декларация жобасында жергілікті емес ұлт өкілдерінің мүдделері нашар ескерілгенін, сондықтан Қазақстанның жағдайында тек азаматтық мемлекеттіліктің егемендігі декларациясын жариялау ғана саяси тұрақтылық пен ұлттардың татулығын қамтамасыз ететінін алға тартады. 16 қазанда өткен Жоғарғы кеңес отырысында депутат Ю.Сухов: «Біз топтасуымыз керек. Сондықтан тиісті жағдай пісіп-жетілгенше қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл етіп жариялай тұру керек. Бұл пікірімді бүкіл халық қол соғып құптай қарсы алады деген ойдамын» деп пікір білдірген. Дегенмен, академиктер С.Зиманов, С.Сартаевтар бастаған депутаттар «Демократиялық Қазақстан» тобы ұсынған балама декларацияның кемшіліктерін көзге шұқып көрсетіп, оның қабылдануына жол бермеді.
Газет бетіндегі жарияланымдарға назар салсақ, жобаның аталған сегізінші тармағы, яғни тіл мәселесі баспасөзде ең көп талқыға түскен. Алайда, декларация қабылданғанда оның ішінен осы тіл туралы тармақтың мүлдем түсіп қалғанын көреміз. Осылайша, 1989 жылы қабылданған Тіл туралы заң өзінің күшін сақтап қалды.
Ядролық қаруды сынауға рұқсат бермеді
Мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Айтаханов декларация төңірегіндегі талас-тартыстар тек жер және тіл мәселесімен шектелмегенін, соның ішінде құжаттың кіріспесіндегі «қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып» деген сөзге байланысты да пікірталас өрбігенін айтады.
«Ол уақытта Жоғарғы кеңестегі депутаттардың жартысы өзге ұлт өкілдері еді. Одан қалды, өзіміздің орыстілді қаракөздеріміз бар. Солардың ішінен «Біз неге «қазақ ұлты» деп жазамыз? Қазақстан – көпұлтты қоғам, сондықтан «көпұлтты Қазақстан халқының тағдыры» деп жазбаймыз ба?» деп дау көтергендер табылды. Осы «қазақ ұлты» деген бір сөздің өзін тақылауға екі сағаттан астам уақыт кетті. Сондай-ақ, «Біз егемендік алып, өз бетімізбен қайда бара жатырмыз?», «Кімнен бөлінеміз?» деген әңгімелер де көтеріліп жатқан еді. Бірақ мұндай сөздердің әрбіріне Жоғарғы кеңестегі С.Зиманов бастаған мүйізі қарағайдай заңгер, зиялы қауым өкілдері дәлелді түрде жауаптарын беріп, жеңіп шығып отырды. Декларация мәтінінде 17 тарау болса, соның әрқайсысы үшін жан алып, жан беріскен тартыс орын алды. Міне, бұл құжат осындай қиыншылықпен қабылданды. Декларация негізінен жаңа одақтық шарт құру үшін керек болғаны белгілі. Дегенмен одан кейін Тәуелсіздік туралы конституциялық заңды, сондай-ақ бірінші Конституциямызды қабылдауға да негіз болды. Сондықтан бұл декларацияның мәртебесін басқа ешбір құжатпен салыстыруға болмайды. Ол кеңес империясы әлі де қылышынан қаны тамып тұрғанда қабылданған құжат. Оның ең басты артықшылығының бірі – Қазақ КСР-інің заңдары одақ заңдарына қайшы келіп қалса, Қазақстанның заңы үстем болатынын бекітіп беруі еді. Бұл халқымыздың рухын көтерген күн. Соның арқасында біз көп кешікпей Тәуелсіздігімізді еркін жарияладық» деп ойын түйіндеді Қ.Айтаханов.
Иә, Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдау үшін 1990 жылдың 25 қазанында өткен «шешуші шайқас», яғни сол күнгі Жоғарғы кеңес отырысы аттай алты сағатқа созылған еді. Онда декларация жобасын жетілдіру жөніндегі Жоғары кеңес комиссиясы атынан оның төрағасы С.Зиманов сөз сөйлейді. Ақыры 360 депутаттың 71-і қарсы болғанына қарамастан, кешкі сағат 18:55-те көпшілік дауыспен қабылданды.
Бұл күнгі оқиғаны Жоғарғы кеңестің сол кездегі депутаты, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова былай деп еске алады: «Мен ол уақытта Жоғарғы Кеңестің Жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы болғандықтан, Президиум мүшесі едім. Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдауға байланысты болған барлық оқиғаның куәгерімін. 1990 жылдың 25 қазаны тарихта ерекше күн ретінде қалды. Құжат жобасын қорғап шыққан Салық Зиманов ағамыздың айрықша еңбегін атап өткен жөн. Ол өзінің жасына қарамай, 6 сағат бойы мінберде тұрып, әрбір қойылған сұраққа мүдірмей, тиянақты әрі делелді жауап беріп отырды. Біз ол кісіге осы еңбегі үшін тағзым етуіміз керек. Декларация жобасын дайындауда да, оны қорғауда да оның сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі ұшан-теңіз» дейді ол.
Б.Әйтімова Мемлекеттік егемендік туралы декларация несімен құнды деген сұраққа былай жауап берді. «Біріншіден, республикамыз ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту шараларын қабылдайтындығы айтылды. Екіншіден, Қазақ КСР-інің территориясы бөлінбейтіні және оған ешкімнің де қолы соғылмайтыны, сондай-ақ жері мен оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, табиғи ресурстар, мәдени-тарихи қазыналары, жалпы ұлттық байлығы Қазақстанның меншігінде болады делінді. Қазір көп адам біле бермейді, сол кезде Мәсукеудегі қорғаныс ведомствосы біздің жерімізде екі ядролық қаруды сынауға рұқсат сұраған еді. Бірақ біздің үкімет декларацияны алға тартып, рұқсат бермеді. Өйткені, декларацияда «Республика территориясында ядролық қарудың сыналуына тыйым салынады» деп жазылған болатын» деді ол.
Сонымен бірге, мемлекет қайраткері құжатта Қазақ КСР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға құқылы, оның өз азаматтығы бар екені жазылғанын ерекше атап өтті. «Декларацияда одақтан еркін шығу құқығымыз бекітілгені де тайға таңба басқандай көрініс тапты. Тәуелсіздікке кедергісіз жетуіміз де осының арқасында деп есептеймін. Бұл біздің жаңа замандағы мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған құжат. Оның құндылығы шексіз. Біз мұны бағалауымыз керек. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін «ұлттық мереке» ретінде қайтарғаны – тарихи тұрғыдан әділдік салтанат құрған шешім болды» деп ойын түйіндеді Б.Әйтімова.
Иә, осылайша қазақ халқы ғасырлар бойы күткен егемендігіне қолы жетіп, шынайы азаттыққа бағытталған ең үлкен асу еңсерілді. Алайда, арқаны кеңге салуға әлі де ерте еді, өйткені алдымызда талай қиындық күтіп тұрды. КСРО валютасы ғарыштық жылдамдықпен құнсызданып, ел экономикасы бұрын-соңды болмаған дәрежеде төмен құлдилады. Территориямызды талан-таражға салғысы келген сепаратистер әрекеті күшейді. «Қазақтар мемлекет бола алмайды, қаңғып-қаңғып өз «отанына» қайтып келеді» деп сәуегейлік танытқандар да бой көрсетіп жатты. Ал бір жыл өткенде егемендіктен толыққанды тәуелсіздікке өту міндеті алдымызда тұрды. Иә, бұл енді басқа тарих.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ