«Жеті жарғыда» мал жазасы (мүліктік компазиция) «құн төлеу» деп аталды. Жалпы, «Жеті жарғыда» мынадай қылмыстарға құн төлеу жазасы қарастырылды:
Біріншіден, «Жеті жарғыда» «қысасқа қысас, аңдаусызға құн» принципі, яғни қасақана адам өлтіру ісі орын алған жағдайда, жәбірленуші тарап қанға қан, жанға жан жазасын сұрауға құқылы-тын. Сондай-ақ, жәбірленуші тарапқа орын алған жағдайға салауат айтып, кешірім беріп, жазалауды құн төлеумен алмастыруға да мүмкіндік берілді. Егер, өлген кісі ер адам болса мың қойды, әйел адам болса бес жүз қойды қылмыскер жәбірленушіге (өлген кісінің туыстарына) төлейтін.
Екіншіден, қазақ халқының ел билеу дәстүрінде саяси билік төрелерге, діни билік қожаларға берілуіне байланысты жай қарашадан төре мен қожаның жеті есе құны жоғары болды. Тіпті, төре мен қожаға тіл тигізген қараша тоғыз мал, ал қол жұмсаса жиырма жеті мал айыпқа құн төлейтін. Төрелердің мәртебесінің жоғары болу себебі – олар мемлекеттің тұтқасы саналды. Ал, қожалар елдің руханиятына жауапты еді. Мемлекет пен дін халықтың бейбіт һәм қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ететін аса маңызды институт болатын. Бұл функцияны жүзеге асыратын төрелер мен қожалар болғандықтан, олардың жай қарашадан жеті есе құны жоғары болып белгіленді.
Үшіншіден, «Жеті жарғыда» үстеме құн төлеу нормалары да қарастырылды. Мысалы, өнер құны бойынша аузымен құс тістеген ділмар шешендер мен билер, ақын-жыршылар, әскери өнерді жан-жақты игерген қолбасылар, жауырыны жер иіскемеген палуандар, оқымысты ұстаздардың құны жай адамнан екі есе құны жоғары саналды. Үстеме құн төлеудегі өнер құнын адам құқығын алалау деп түсінуге болмайды. Бұл сол адамның бойына біткен ерекше дарынын ескеру болып есептеледі. Сондай-ақ өлген кісінің сүйегін өлтірген адам әртүрлі себептермен жоқ қылып жіберген жағдайда сүйек құнына екі есе үстеме құн төленді. Себебі, ағайын үшін мәйітті арулап ақырға сапарға шығарып салу аса маңызды рәсім болып саналады. Ал кісі өлтіруші сүйекті жоқ қылып жіберсе, өлген туысының алдында ағайын қасиетті борышын өтемеген болып шығады. Ағайыны үшін бұл қорлану болып табылды. Осыған байланысты сүйек үшін екі есе құн төлеу жазасы белгіленді.
Төртіншіден, қылмыскер адамды мерттіктірген жағдайда дене мүшесінің маңыздылығына байланысты құн жазасы көзделді. Мысалы, көздің құны елу тайлақ, бас бармақ жүз қой, шынашақ жиырма қой болып белгіленген. Ал, құл мен күңнің құны өте төмен болды. Олардың дене мүшесіне қатысты нақты үкім көрсетілмеген. Бірақ, кісі қолынан қаза тапқан жағдайда, бүркіт пен тазының құны төленді.
Бесіншіден, «Жеті жарғыдағы» айбана жазасы бойынша ұрлық қылмысы үшін мүлік сол қалпында қайтарылуымен қатар үстіне үш тоғыз төлену тиіс болды. Мысалы, орыс зерттеушісі Н.Рычковтың жеткізуіне қарағанда, ХVІІІ ғасырдағы қазақтардың әдет заңыңда ұрланған бір жылқы үшін айыпты жақ жиырма жеті жылқыны қосып төлеген. Үш тоғыз деп аталатын бұл жазаның өзі қасқа тоғыз, түйе тоғыз, жылқы тоғыз, өгіз тоғыз, тоқал тоғыз болып беске бөлінді.
Алтыншыдан, бидің үкімі бойынша жәбірленушілер қылмыскердің мүлкін талауға салуға құқылы болды. Талауға түскен мүліктің белгілі бір мөлшері қарастырылмады Әркім қалағанынша талаудан мүлік ала алатын. Бірақ, қазақ қоғамында талауға салу оқиғалары өте сирек орын алды.
Жетіншіден, «Жеті жарғыда» қылмыс емес, бірақ теріс қылықтар үшін де «азусыз ат, жиексіз шапан» деген жаза түрі қарастырылды. Аты айтып отырғандай бұл ауыр жаза болып саналған емес. Көбінесе теріс қылықтар үшін айыпты жаққа бір қой, мата-кешек секілді т.б. жеңіл жаза түрлері белгіленді.
«Жеті жарғыдағы» құн төлеу мөлшерлері шариғатта басқаша қаралғанымен, жалпы келтірілген зиянның орнын мүліктік компазициямен өтеу шариғатқа қайшы емес. Шариғатта құн төлеуді дийат деп атайды. Алайда, құн мен дийат мазмұндық тұрғыдан бір ұғымды білдіргенімен, «Жеті жарғыда» көшпелі қазақ қоғамының тұрмыс-тіршілігіне сай құн мөлшері белгіленген еді.