Ұлы даланы мекендеген ұлтты айтқанда, ең алдымен, қазақтардың текті халық екені еске түседі. Шынында да, қазақ – тектілікті ту еткен халық. Жесірін жатқа бермей, жетімін жылатпаған, досын құшақ жая қарсы алып, дұшпанын бет қаратпаған қайсар ел. Оның әрісі жеті атаға дейін қыз алыспай, ұрпақ саулығын сақтап, ұл-қыздың тәлім-тәрбиесіне әуелден аса мән берген дара ұлт. Сол себепті де жер бетіндегі ұлттардан бұл халықты ерекшелейтін де аталмыш қасиеті. Ол тарихымызды екшеп, түп-тамырымызды айқындап беретін ата-бабаның ізгі жолы.
Қазақ халқы қашаннан ру сұрасуды жөн санаған. Арғы атасын білмегенді «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп сөккен. Алайда, бүгінде үлкен кісілер ғана ру сұрап, кімнің баласы екеніңді білгісі келеді. Ал, жастар одан қашқақтайды. Əрине, бəріне топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, көбісі оны жөн көрмейді. Оған ескі салт-дəстүр деп қарайды. Үлкендер жағы сұрай қалса, «Осыларға менің руымның не қажеті бар?» деп күбірлеп бара жатқанын құлақ естіп те жүр.
Бірақ, əрбір қазақ жеті атасын біліп, ру сұрасқаны жөн. Бұрын ес біліп келе жатқан ұл-қыздарына ата-бабасының өнегесін айтып, жаттатып, оны білмеуді əбестік санап отырған. Үйге кім келсе де, баладан алдымен ру сұрап, жеті атасын айтқызған. Себебі, бұл – сүннет. Сол себепті мұны бұрынғылар тектілік деп баласа керек. Хадисте: «Бір кісі біреумен танысқанда атын, әкесінің атын және кімдерден екенін сұрасын. Себебі, бұл әрекет жақындықты арттырады», – делінген. (Тирмизи, Зуһд, 53)
ИСЛАМ ЖӘНЕ ШЕЖІРЕ
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің Адам (а.с.) атадан бастап, әке-шешеме дейінгі аралықта өткен ата-аналарымның барлығы адал некемен қосылған. Мен сіздерден кісілік жөнінен де, тектілік тұрғысынан да ең қайырлыларыңмын», – деген. [Хаким, «Улумул хадис» 170-бет, Бәйһақи «Дәләил Нубуа» 1/174]
Тағы бір хадисте: «Бір күні пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге көтеріліп: «Мен кіммін?» – деп сұрады. Сахабалар: «Сен Алланың елшісісің. Алланың есендігі мен сәлемі саған болсын», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен Мұхаммед бин Абдулла бин Абдумуталибпін. Алла адамзатты жаратты және оларды екі топқа бөлді, мені жақсы топқа қосты. Сосын ол топты руларға айырды. Мені тағы да ең жақсы руға қосты. Одан кейін руларды отбасына бөлді. Мені ең жақсы жанұяға кіргізді. Содан кейін мені бұл әулеттің ең игісі қылды», – деген. [Тирмизи, Манақиб, 9/236]
Сондықтан біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі тарапынан құпталып, ғалымдарымыздың бір ауыздан растаған бүкіл Ислам әдебиеттеріне таралған ең сенімді шежіресін беріп отырмыз: «Мұхаммед бин Абдулла бин Абдумутталиб (Шайба) бин Хишам бин Абдулманаб бин Қусай бин Қиләб бин Мурра бин Қағб бин Луһәй бин Ғалиб (Құрайш) бин Фиһр бин Малик бин Надыр бин Кинана бин Хузайма бин Мудрика бин Илияс бин Мудар бин Низар бин Мағад бин Аднан». [Табари, «Тарихул Умам уәл Мулук» 1-том, 289-бет].
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) керемет үлгі-өнегеге толы ғұмырын білу – әрбір мұсылманға қастерлі міндет. Кез келген мұсылман үшін Алла елшісінің Абдулланың ұлы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екендігін, құрайыштық, хашимилік, сондай-ақ, Меккеден Мәдинаға қоныс аударғандығын білуі парыз болып саналады [Умдатул Қари шарх Сахихул Бухари, 11-том, 243-бет. Дарул фикр. Бадруддин Айни]
Міне, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай жоғары деңгейде өз шежіресін жетік білген. Сондай-ақ, сахаба Әбу Бәкір (р.а.) шежіренің білгірі болған. Шежірені білуге шақырып, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте тіптен былай деп бұйырды: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке махаббат, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі». [Тирмизи 9/236, Ахмад, Муснад ]
Омар ибн Хаттаб (р.а.) жақын туысқандарына үйленуді әдет еткен Бәни Сәйбтерге: «Аурушаң болып, ұсақталып кеттіңдер. Алыстан некелесіңдер», – деген [Әль Мабдуғ аля һәшими ғұлумуддин лил Ғаззали» 1/473]. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) де: «Жақын ағайын туыстан қыз алмаңдар, өйткені бала әлсіз боп туады», – деген [Зуһайли, «Әл фиқһ исләми уә әдиллятуһу», 8/28].
Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғизуддин Фараж: «Жақын туысқандардың арасындағы некелесу – баланың ауруы мен жаман қасиеттерін арттырады», – деген [Махмуд Абдулхамид Ахмад «Дирасатун фис сақафатил исламия» 127].
ӘДЕБИЕТ ПАРАҚТАРЫНАН
Бірде көрнекті ақын Қадыр Мырза Әли Қостанайға барып, Күнтимес деген ауылға ат басын бұрады. Себебі, бұл Шоқан Уәлихановтың туған жері. Содан бір шалдар келеді. Қадырдан «Қай елдің азаматысың?» деп сұрайды. Қадағаң:
– Батыстың Байбақтысымын, – дейді. Шалдар жамырап жүре береді.
– Ой, құда екенсіз, үйге жүр, мал соямыз!
Қадағаң аң-таң. «Мен сіздерге қалай құда болам?» десе, шалдар:
– Жастар білмейді ғой, атақты Сырым батырдың әпкесі ертеде (1743-45 жылдары) біз жаққа келін болып келді емес пе, сен құда болмай кім боласың, бабалар «құда мың жылдық» деп бекер айтты дейсің бе, қарағым! – депті. («Жалын» журналы. 2007 ж. №4)
ЖЕТІ ЖАРҒЫ НЕ ДЕЙДІ?
Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты – бағзы заманнан институт болып қалыптасты. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.
«Жеті Жарғы» – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, сол негізде «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарды. Бұл «Тәукенің жеті жарғысы» деген атпен тарихқа қалды.
Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы он үш болып белгіленген.
Сонымен бірге, атастыру, айттыру, құда түсу, ғашықтық және басқа да жолмен қосылудың ережелері айқындалды. Қалыңмал берудің тәртібі де ру басылары мен ақсақалдардың келісімімен халықтың әлеуметтік жағдайына қарай оңтайландырылды. Бұның қазақта «бай байға, сай сайға құяды» деген мәтеліне айналғаны белгілі.
ЖЕТІ АТАҒА ЖЕТПЕЙ ҚЫЗ АЛЫСҚАНДАРҒА ҚОЛДАНЫЛҒАН ЖАЗА
Жаза әртүрлі болған. Теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу. Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3-тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе, ең алдымен «теріс бата» берген. Сонымен бірге, қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті өлтіріп отырған. Себебі, бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихқа қалды.
Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал не ана алақанын теріс қаратып жайып, лағынет айтып, қарғыс дұғасын оқыған. Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін «тас ату» арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді.
Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Өлтірмеген.
«ЖЕТІ АТАДАН ҚЫЗ АЛЫСПАУ» ЗАҢЫНАН СОҢ ТУЫНДАҒАН ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАР
Бұл туралы «Қалқаман – Мамыр» ғашықтық жырын мысалға айтуға болады. Онда Қалқаман мен Мамырдың араларындағы туыстық қатынас жеті атаға толмағандықтан ақсақалдар жағынан үйленуге шек қойылады. Сонымен ғашықтардың арасында трагедия туғаны белгілі. Сол себепті Мамырды туыстары атып тастаған – міне бұдан қазақтың жеті ата қағидасының өте қатал заң екенін көруге болады.
«Қалқаман – Мамыр» – 1722 жылы болған тарихи оқиғаға байланысты шығарылған дастан. Авторы – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Жас жігіт Қалқаман мен ару қыз Мамыр бір-біріне ғашық болып қосылғанымен, олардың бір рудан шыққандығына байланысты, екі жас «дәстүрді бұзғаны үшін» өлім жазасына кесіледі. Мамыр өз туысы Көкенайдың қолынан қаза табады.
PS. Кеңес кезінде қазақтың рулық түсінігі «надандықтың салдары», «ескінің қалдығы» ретінде бағаланды. Ру сұрасу ұят саналды. Осы бір отаршылық қасіреттің кесірі әлі өлмеген. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ: ру сұрасуды ұнатпау – отарлаушылар таңған құлдық сананың көрінісі. Әйтпесе, қазақтар руды бөліну үшін емес, бірігу үшін сұраған.
Нұрлыбек МҰСАҒАЛИҰЛЫ,
Ақтөбе облысы, Темір ауданы,
«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің
бас имамы,
Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі