Шымкент қалалық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар арасындағы дін мен діншілдік» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық форум өтті. Форумға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев қатысып, баяндама жасады.
«Мәуереннаһр деп аталып келе жатқан Орталық Азияда, оның ішінде қазақтың жерінде сонау ІХ ғасырдан бастап Жамбыл төңірегіндегі Қараханид мемлекетінің тұсында Ислам мемлекеті болып саналдық. Содан бері 11 ғасыр, яғни мың жылдан астам уақыт бойы сүннит бағытымен, Ханафи мәзһабымен біз асыл дініміз – Ислам дінін ұстанып келеміз. Одан ешқашан ешқандай зиян шеккен жоқпыз. Салтымыз бен дәстүрлерімізді Исламнан алыстатпай, сонымен қабыстырып, астастырып бізге, ұрпаққа қалдырған ата-бабаларымызға алғыс айтуымыз керек. Исламға қайшы дәстүрлер болғанда, баяғыда қалып кетер еді. Асыл дінімізге қарама-қайшы келмегендігінен, қазақтың үлкенді сыйлау, бата алу, қолға су құю, әйелдердің ер адамның алдын кесіп өтпеуі сынды салт-дәстүрлері өміршең болып бүгінге жетті. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының болмысы Ислам дінімен біте қайнасқан. Оған еш шүбә келтіруге болмайды» деді Кенжеәлі қажы Мырзабаев.
Айта кетейік, форум жастарды деструктивті діни идеологиялардың ықпалынан сақтау, оның алдын-алу, жастар арасындағы дін мен діншілдік тақырыптарын талқылау бағытында ұйымдастырылды.