Бүкіл қазақ, мұсылман жұрты үшін ең ұлық ай боп есептелетін Рамазанның басталғанын жырлайтын жарамазан да ұлттық болмысымыз бен дәстүрлі дінімізді жаңғыртудағы ұтымды жолдардың бірі деуге болар.
Атауы мен болмысы да өзгеріске ұшырап, бұрмалаушылыққа түскен жақсылықтың жаршысы,бүгінгі заманауи қоғамда, жаңғырта түссек рухани жаңғыру жолындағы құптарлық қадамның бірі болары анық.
Ата-бабаларымыз ап-анық әрі түсінікті тілмен жарамазан деп атаған осы бір ораза кезінде айтылатын әуеннің аты неліктен «жарапазанға» ауысып кеткенін жазушы Момбек Әбдекімұлының көп жылдар бойғы зерттеулеріне зер сала келе байқадық.
Бәрімізге белгілі, жарамазан айту – тек ораза айында орындалатын үрдістердің бірі. Осы жарамазанды біреулер «жарапазан» деп айтып та, жазып та жүр. Өйткені «жарапазан» деген мағынасыз атау исламдық ғұрыптар мен ұстанымдардың барлығын аяқасты еткен кешегі кеңес идеологиясы тұсында пайда болған. Анығын айтқанда, әу бастағы аталуы кемсітіліп, айтылуы өзгеріске ұшыраған сөз. Сол кездегі атеистер кеңестік әдебиеттерде жарамазанды жұртқа жағымсыз әрі түк мағынасыз тұрғыда көрсетпек ниетпен оны ораза уақытында кедейлер кеш түсе байлардың үйлеріне барып, ән-жырмен қайыр сұрайтын дағдының бір түрі болған деп көрсеткені аздай, оның атын да өзгертіп жіберген екен.
Мәселен, «Дала уәлаяты», «Түркістан уәлаяты», «Ақжол» сияқты ескілікті, яғни ұлы қазан төңкерісінен бұрын шығып тұрған газеттерде бұл әннің атын «жарамазан» деп жазған. Ал «жарапазан» деген бұрма атауды алғаш рет «Советская степь» газетінің 1928 жылы шыққан 136-нөмірінен кездестірген, жазушы. 1932-33 жылдары дін тақырыбын оқтын-оқтын көтеріп, молда-ишандарды есекке теріс мінгізген «Социалды Қазақстан» газеті де солай жазады. Содан кейінгі жазушы ақтарған кеңестік басылымдардың барлығы да «Советская степь» салып берген жаңа әрі тұрпайы атауды қайталайды. Демек, жарамазанның ортасындағы «м» әрпін «п»-ға ауыстырып, «жарапазан» деген кемсітпе атауды кеңес идеологтары қалыптастырған.
Ал оның шығу тегіне келсек, ертеде арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: «Тұрыңдар. Ұлы айдың сәресі ішетін тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер» деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар «жә-ә рамазан» деп атаған. Сол «жә-ә рамазан» (жарамазан) ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да, исламмен еріп, қазақ даласына келген.
Негізінде жарамазанның бастапқы түбір атауы – жә-ә рамазан. «Жә-ә» сөзін арабшадан аударсақ, қазақша «келді» деген сөз шығады. Сонда «жә-ә рамазан», яғни біздің тілдік үйлесімдікке қарай қалыптасқан «жарамазан» — «рамазан келді», «рамазан айы басталды» деген ұғымды білдіреді. Осыған қарасақ, бұл сөздің пайда болуы рамазан айына байланысты болып тұр.
Бір ғажабы, ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Бірақ қайыр сұрау түрінде емес. Жарамазан айту ежелгі қазақтардың ақынжандылық қасиетіне дөп келген. Қазақтар оны шырқау барысында ақ пейілді көңілмен сәлемдесудің, таза ниетпен тілек арнаудың жарқын үлгілерін өлеңмен құрап, сондай-ақ дінге, исламға қатысты да небір өнегелі сөз шумақтарын жинақтап әуезді әуенге салған. Сөйтіп дос-жарандардың, түтіні бөлек ағайын-туыстардың, тіпті бейтаныс қазақтардың үйлеріне түнде барып айтқан. Оның неше түрлі мақамы бар, бірақ өлең жолдарында біреуден қайыр сұрайтындай сөздер болмайды.
Баяғы кезде жарамазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда, ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарамазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңке ие болуы қажет.
Ал бүгінде жастардың басым бөлігі бұл салт-дәстүрді ерсі көреді. Қызығушылықтары басқаға ауған бұл заманда, Қасиетті айда көшенің сәнін келтіріп, жарамазанды жарыса айтатындардың қарасы жоқтың қасы.
Өнегелі өлең үш боліктен тұрады. Бірінші бөлімі – желдірме деп аталады. Үй иесінің ұйқысын ашып, өздерін жарамазаншылар екендігін айғақтау мақсатында айтылады. Екінші бөлімде жастар ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиеттер айтады. Ал, үшінші бөлімінде үй иесіне тілек тілеп, бата берумен аяқталады.
Жарамазан сөзі:
Желдірме
Айтайын айт дегенде жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағаликум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,
Исламды уағыздау
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.
Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға оқыдым деп қылма міндет.
Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.
Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады.)
Жарамазан батасы
Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!
Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар,
-деп бет сипайды.
Жарамазанның басты мақсаты – ораза ұстаған жандардың көңілін көтеру, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа иманға ұйыту, береке-бірлікпен ізгілікке шақыру. Оған балалар мен жастар белсенділік таныту арқылы өздеріде үлкен өнеге алары анық.
Осы ретте, бүгінгі Тәуелсіз елімізде, өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз тірілген уақытта адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, діннің қадір қасиеті мен тұнығын, оразаны дәріптей жарамазанды жаңғырту арқылы ұтпасақ ұтылмайтынымыз анық.
Діни сенім арқау еткен, өзіндік сарыны бар жарамазанды, дәстүрді ақпараттық технологиялық дамыған заманда насихаттау қиынға түсе қоймас. Елімізге етене еніп, арам пиғылдарымен ел ішіне іріткі салып, жастардың санасын улап жүрген жат ағымдармен күрес жүргізуде де ықпал ете алады. Сонымен қатар, ұлттық мол мұрамызды да дәріптеуге мүмкіндік тумақ.
Қазіргі уақытта төрткіл дүниеге қауіп төндіріп, талай елдің шаңырағын шайқалтқан небір радикалды топармен күресте біздің де мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаруалар шаш етектен. Жат идеологияның құрығына түсіп жатқандардың басым көпшілігі жастар. Оған себеп, жаһандану заманының зардабына айналып отырған әлеуметтік желі деген алапат күшке жастардың тәуелді болып қалуында болып отыр. Осы тұста «таяқтың екі ұшы бар», демекші біз теңізге тамған тамшыдай болсада, сол әлеуметтік желі арқылы дін мен дәстүрді насихаттаудың бір жолы ретінде жарамазанды дәріптеуге болар еді.
Жыл он екі ай жырламасақта, Қасиетті ай келген кезде максималды түрде насихат жүргізіліп, жастардың назарын, жалпы қоғамның назарын аудара білсек, бірте-бірте, жаңа жылдық санаға сіңген жаттанды жырлар сияқты ол да өз орынын ойып тұрып алар ма еді?
Әрине бұл ретте насихаттың мұндай түрі жүйелі түрде қалыптастыруды талап етеді.
Атап айтар болсақ:
– Рамазан айы келсімен тақырыптық мәдени іс-шараларды көбейту;
– Жастарды ынталандыра отырып, айтыс ұйымдастыру;
– Өнер адамдарының репертуарына енгізу, спорт жұлдыздары мен қоғамдағы танымал белсінділер арқылы дәріптелуін қамтамассыз ету;
– телеарналардан қысқа метражды сюжеттер мен бейнероликтер көрсету;
– ҚМДБ-ның бір күндік уағызының тақырыбына арқау ету;
– студент жастар арасында сайыстар өткізу;
– отыз күн бойы болатын ауызашарларда айтылуын әдетке айналдыру;
– уәкілетті ұйымдар тарапынан БАҚ өкілдерін қатысуын қамтассыз ете отырып, іс-шаралар ұйымдастыру;
– болашақта, мектептердегі «Дінтану негіздері» оқулығына енгізу;
Дәстүр мен дінді насихаттаудың мұндай бейстандарт тәсілі нәтижелі боларына сенім мол.
Мәселен айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан айында ауызашарлар көп берілуде. Олар заманға сай сән-салтанаты жарасқан зәулім тойханалада өткізіліп жүр. Ол жерге түрлі салада қызмет қылып, еңбек етіп жүрген жасты-кәрілі жиналатындардың қарасы қалың. Әлбетте күн ұзақ ауыз бекітіп, ораза тұтқан жамағаттың басты қалауы ас ішіп, ауқаттанып алу. Осы ретте арнайы имам да шақырылып, уағыздар айтылуда, сондағы байқағаным, айтылып жатқан уағыздың керекті деңгейде тыңдалмауында.
Мәселе халықтың құлықсыздығында емес, қарапайым адами фактор соған әкелуде. Осы тұста жоғарыда аталған, дәстүрді неге жаңғыртпасқа деген сұрақ туындауы орынды.
Ойлап қарасақ, ауыз ашып ауқаттанып алған соң, халықтың басым көпшілігі мешітке тарауық намазына баруға асығып отырады. Сол себепті көп уақыт алмайтын, өнегеге толы, дәстүрмен дін исламды жырлайтын, мазмұны, отырысқа сай жыр-термелер мен жарамазанды айтуды дәстүрге айналдырып, жандандырсақ, ол да насихаттың әдемі үйлесін тапқан бір түрі болар еді.
Бүгінде қазақ өнерпаздарының арасында діни, насихат өлеңдер айту баршылық. Мәселен: (……) ал жарамазанға арнайы ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, нақышына келтіре орындап жүрген жалғыз топ «Алашұлы» тобы.
Бұдан өзге әлеуметтік желілерден оқтын-оқтын бой көрсетіп жүрген бірқатар насихат орындаулар бар. Мәселен «Facebook» әлеуметтік желісінде жүрген, мына бір топ жастардың орындауларынан дінді де, дәстүрді де, тәлім-тәрбиені де байқауға болады:
https://www.facebook.com/beriksultan.kz/videos/1319623518155072/
Не нәрсе өмір деген өмір деген,
Жақсы адамға жақсы адам төрін берген.
Алдағы алдамшы өмір не сыйларын,
Айнаға мың қарасаң көрінбеген.
Сондыктанда ертенге жоспар жасап,
Қарама болады деп сенім менен.
Еккенің бүтін жыр болып шықпай қалып,
Шығады күтпегеннен егілмеген.
Мүлік жима біртіндеп санап бәрін,
Артық болма сен үшін таратканныңг
Біреу ерте біреуге кеш тұрғанымен,
Бұйыртқаны болады жаратқанның.
Үлкенді сыйлап баққын шамаң келсе
Мен айтқанмен болмай санаң мен ше
Отыз, қырық, елуді сен де бір күн
Басарсың құтты болып қадам келсе
Жиырма жаста ақсақал мәз боларсың,
Айналайын ақиық балам десе.
Олда сенің бір парыз өтегенің
Немересін ақ шашты ана көрсе
Өзендегі өлшеулі жаяғыс бар,
Қарияға қарасаң аяныш бар.
Намыстанба жүре алмай қалса олар,
Кезің келер сенің де таяқ ұстар.
Кішіге жөн сілтей біл айтып ақыл.
Барлығын тәрбиелік жолға шақыр,
Көзің ашсаң бұлақтың кәусәр, кәусар.
Құдайда ол ісіңді көрер мақұл.
Қуанарсың тұлғалы інің болса,
Қарындасың түзетер мінің болса.
Одан артық бақыттың керегі не,
Осы екеуі құрметтеп тіліңді алса.
Ер жетеді бір-ақ сәт қас қағымдай,
Ақылымды айтамын басқа кімге-ай.
Арыстан болып аспаннан ешкім түспес,
Ұмытпағың өзіңнің жас шағыңды-ай.
Ынтамен барлық іске кірісіңіз,
Бақ-дәулет әкеледі бұл ісіңіз.
Терлеп тапқан табысқа қиналмаңыз,
Еңбекпен кеңейеді тынысыңыз.
Ағайын айтқанымды есте сақта,
Нақыл сөзді айтамыз кім үшін біз.
Ақылменен аттасаң әр қадамды,
Кемелінен тасиды ырысыңыз.
Ұрлағанмен болмайды теңге тамақ,
Кеткен соң бойыңызға демде тарап.
Есеп берер бәріне кез келгенде,
Қалмағайсыз әйтеубір жерге қарап.
Жақсы ісіңді жайсаңдар үлгі етеді,
Тағдыр кесіп, тектіні тербетеді.
Өмір деген осынау аз ғұмырда,
Сіз-біз десіп өткенге не жетеді, деп сөзі мен әуені әдемі үйлесім тапқан насихаттың бұл түрі ауызашар кештерінде орынды болмақ.
Осы сынды өзге де жарамазандар, тәрбиелік маңызы мен құлақ құрышын қандырар насихат өлеңдер әлеуметтік желілер арқылы рамазан айының көркін кіргізіп жүр.
https://www.youtube.com/watch?v=gwwPFYyNe2g, https://www.youtube.com/ watch?v=ulDsfpZIP9w сілтемелерінде халық көп шоғырланған базарларда жырланса ,https://www.youtube.com/watch?v=1IlZ5AFZNTE,
https://www. youtube. com/watch?v=9ojXY39qfDE, https://www.youtube.com/watch?v=T_ibHBVAuRI сілтемелерінде берілген бейнежазбаларда ауызашарларда жарасымды көрініс тапқан. Аталмыш орындаулардың барлығында «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады.
Қазіргі таңда жарапазанның қоғамдағы рөлі айрықша деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Жарапазан секілді жырлар рухқа күш беретін, жанға байлық пен нәр сыйлайтын, кедейлердің қанағаты мен байлардың шапағатты болуын, ең бастысы қайырымды болуын көздейтін дүние. Жарапазан халыққа қайталанбас мерейдің үстемдігі мен жарықтығын сезіндіреді.
Осы орайда жарамазанда айтылатын өлең жолдарын мемлекеттің мүддесіне сай қолдануға әбден болады. Мәселен төрткүл дүние көз тіккен Қазақстанның басты ерекшеліктерінің бірі де бірегейі ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулықты, отансүйгіштікті жырға қосып, насихаттасақ, ол да өз кезегінде ниеті бөтен жат діни ағымдардың алдын алуға септігін тигізбек.
Төменде берілген өлең жолдарын мысал ретінде қарастыруға болады.
Нәсілдерге нәсіп болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын,
Татулығын жырға қосам көп ұлттың,
Мақтан тұтып ұлыстардың бірлігін.
Достық тапса діндер менен діліміз,
Үйлессе екен дәстүр менен дініміз.
Жарасса егер дінаралық келісім ,
Кемел болмақ келешекте күніміз.
Елдігіңе ширек ғасыр толғанда
Нәубеттерден аман жеттік дамуға,
Мәңгі елдің биік ұстап байрағын
Бірлігіміз берік болып қалуда.
Діні бөлек болғанымен тілек бір
Бұл тілекке әлем көзін тігіп тұр.
Қадірін біл қолда барда алтынның,
Адаспай бабаң салған жолменен жүр.
Қуаныштан желпілдейді түндігім,
Рамазандай бірлік тойы күн бүгін.
Халқым мәңгі ғұмыр кешсін бақытты,
Бір тамырмен байлап қойған кіндігін!!!
––––––––––––––––––––––––––––
Қара жамылу – салты ғой араптардың,
Бұлжымайтын бұйрығы емес Жаратқанның.
Мұсылманға баласаң өзіңді егер,
Жөн болар салт-дәстүрмен санасқаның.
Қауға сақал, жат көрінер халқымызға,
Шолақ балақ болмаған салтымызда.
Құдай үшін сырт келбетің маңызды емес,
Маңыздылық сенің ішкі қалыбыңда.
––––––––––––––––––––––––––––––
Ақиқат жолынан адасып,
Шалыс басты пенделер.
Имамдарды елемей,
Уаххабты олар «шейх» көрер.
Ұмытып мақсат-мұратын,
Ауыстырып, шын атын.
Туған-туысты, қас санап,
Сирия асты бас сауғалап.
Адастың неге аңдамай,
Бұның не қолда қаруың?
Тынышын алып еліңнің,
Өршіттің желдің дауылын.
Қайда ата-ана берген тәлімің?
Отанды саттың бауырым.
Айдақтанқан ит құсап,
Ойланшы, дұрыс па лаң салуың.
Адаспа досым, кеш емес.
Айдар ӘБУОВ,
Мәдениеттер мен діндердің
халықаралық орталығы директоры,
философия ғылымдарының
докторы, профессор