Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында латын графикасына көшу жөнінде сөз қозғалғанда қоғамда түрлі пікірлер орын алды. Бір топ жаңа әліпбиді санаға бейімдеу қиын десе, енді біреулері жүйеленген емле болса, қиындық тудырмайтынын алға тартты. Осы жөнінде KAZISLAM порталының тілшісіне Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Жантас Жақыпов баяндап берді.
– Жантас Алтайұлы, латын әліпбиіне көшуде ең бастысы не нәрсеге көңіл аудару керек деп ойлайсыз?
-Қазақ тілінің өзге тілдерден артықшылығы – тұтастай гармонияға негізделген. Гармония деген нәрсе айтарға оңай, алайда ол тұтастай ғаламның дамуына, жарастығына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасырда әлсіреп қалды. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қасиетке ие. Бұл – Елбасымыз айтқан ұлттық кодтың төңірегіндегі нәрсе. Қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады деп сенемін.
Біздің ноосферада өмір сүретініміз белгілі. Вернадскийдің бұл ілімінен соң Тарту университетінің профессоры семиосфера ілімін ұсынды. Бұл әлемдік қолдауға ие болып отыр. Демек, біз таңбалар әлемінде өмір сүреміз. Осы таңбалар әлемінің бір тұсында үйлесімсіздік, бұзылушылық болса, рухани экологиялық апат келді деген сөз. Бұл мәселені тереңдей зерттесе, талай сыр ашылатын сияқты. Осы сияқты терең рухани-танымдық негізді жоғалтпау үшін, сақтау үшін біз тілімізді әліпбиге емес, әліпбиді тілімізге бейімдеуді ұмытпауымыз қажет.
Ал қазір жұртшылық таңба ауыстыру ретінде ғана қарап жүрген сыңайы бар. Латын қарпіне көшуде таза технократтық бағыттар басымдық алып кететін сияқты. Сондықтан бұл жерде тіл фонологиясының, семантикасының мамандары шешуші тұрғыға ие болғанын жөн санаймын. Біз басқа тілден енген сөздерді таңбалауда да, айтуда да осыны ұмытпағанымыз жөн. Мұның бәрін әліпби жайы тек таңбамен ғана таразыланбайтындығын ескерте кету үшін айтып отырмыз.
– Орысша оқығандарға басқа әліпбиге көшу қаншалықты қиындық туғызуы мүмкін?
– Сауаттылық тілдік санаға байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағыдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағыдыланып үйренген. … Қазақ сөздерін алып орыс… сөзінің жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды»,- деп жазғаны бүгінгі күні де алдымыздан шығып отыр.
– Сіз орфографиялық жұмыс тобының мүшесі ретінде емле жобасын сараптау жұмысы қалай жүзеге асқаны жайында айтып бере аласыз ба?
– Қазақ-латын әліпбиі қабылданып, Президент жарлығымен бекіді. Ендігі мәселе – осы әліпбимен дұрыс жазуды үйрететін емле жасау болды. Осы маңызды мәселені жүзеге асыру үшін жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бірқатар ғылыми жұмыстар мен ұйымдастыру шараларын жүзеге асырды.
Атап айтқанда, Тіл білімі институты емле ережелері жобасын әзірлеп, біздің сараптауымызға ұсынды. Жоба жоғарыда аталған жұмыс топтарына таныстырылып, оның ішінде орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтары осы емле ережелерді бірнеше рет сараптаудан өткізді. Алдымен, 4-10 шілде аралығында Ақмола облысының Зеренді кентіндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу-сауықтыру орталығында ғалымдар оны алғашқы сараптаудан өткізді.
Екінші сараптау жұмыстары республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Қапшағай қаласындағы филиалында 22-24 тамыз күндері ұйымдастырылды.
Қыркүйек айының алғашқы күндерінен бастап еліміздің жоғары оқу орындарындағы 52 тіл кафедрасына емле ережелері жобасы жолданды. Жоба кафедра ғалымдары арасында талқыға салынып, ғылыми сараптамалар жасалды, яғни емле ережелері еліміздегі барлық тілтанушы ғалымдарға таныстырылды. Оның бергі жағында орфографиялық және әдістемелік жұмыс топтарына енбейтін тәуелсіз сарапшыларға да сараптауға ұсынылды. Олардың да пікірі алынды.
Осы келіп түскен пікірлерді, ескертпелер мен ұсыныстарды «Тіл-Қазына» орталығының ғалымдары және орфографиялық топ мүшелері сараптап, олардың ескеруге тиістілерін ақылдаса отырып, емле ережелері жобасына енгізді. Бірақ бірауыздылық бар деп айтуға ерте.
Жаңа әліпбидің емлесін бұлайша сынақтан өткізу әліпбиді ауыстыруды тек лингвистикалық құбылыс емес, сонымен қатар әлеуметтік құбылыс деп қарау қажеттілігінен туындап отыр. Сондықтан бұл орайда әлеуметтің көзқарасы айқындалып, жан-жақты сараптаулардан кейін нақты шешім қабылданатын болады.
– Жантас Алтайұлы, сонда бұрынғы емледен жаңа емленің қандай ерекшеліктері болмақ?
– Әрине, сөздің асыл нұсқасын сақтайтын морфологиялық ұстаным екендігінде күмән жоқ. Осы себепті төл-тума сөздердің жазылуында осы қағиданы ұстану керек еді де, кірме сөздерге келгенде фонетикалық қағиданы (қазақша айтылуын) ұстанғанда, қазақ тілінің табиғи заңдылықтары бұлтақсыз орнығар еді.
Жаңа емленің бұрынғы емледен өзгешеліктерін көрсететін жаңалықтарды көрсете кетейік. Жеңіл қабылдау үшін орфограммаларды кирил әрпімен көрсетейін.
Жаңа емледе бұрынғы жазылуы әртүрлі болып келген орфограммалар бір ізге түсірілді (шегара емес, шекара; көгөніс емес, көкөніс, қыргүйек емес, қыркүйек; дауысы емес, даусы, ауылы емес, аулы);
Бірге жазылатын сөздердің емлесі жүйеленді: мысалы, -лық (-лік, -дық, -дік, -тық, -тік) қосымшасымен келген қоғамдық, әлеуметтік лексика; -aр (-eр) қосымшасымен келетін әдет-ғұрып, кәде атаулары; -лар (-лер, -дар, -дер, -тар, -тер) қосымшасымен келетін ботаникалық, зоологиялық атаулар; -қыш (-кіш, -ғыш, -гіш) қосымшасымен келетін құрал-сайман және техника атаулары; -ты(-ті, -ды, -ді), -па (-пe, -бa, -бe, -мa, -мe), -ыс (-іс, -с), -ғы (-гi, -қы, -қ) қосымшасымен келетін лексикаланған тұрақты тіркестер мен зат атаулары бірге жазылатын болды: ортаазиялық, жержүзілік, арампиғылдық, бүкіләлемдік, бірреттік, ашатұяқтылар, balyqqorektiler, ағашкеміргіштер; сабынсалғыш, шаруабасты, немкеттіi, сүйкейсалды; атау сөз орнына жұмсалатын фразеологизмдер және олардың қосымшалы түрлері бірге жазылады: ақсақал, ақсүйек, ақниет, ақниеттік, ақкөңіл, ақкөңілділік, жанпида, жанпидалық, атақоныс, басқосу, атсалысу, атүсті.
Бас әріп емлесінде өзгеріс болады, мысалы, оқу орны, ғылыми мекеме, қоғамдық ұйым, өнер орталықтарының ғана емес, олардың құрылымдық бөлімшелерінің атаулары да бас әріппен жазылады: Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультеті, Тіл білімі институтының Тіл мәдениеті бөлімі, Жазушылар одағы Көркем проза бөлімі, Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кеңесі.
Ағылшын тіліндегі атауы бойынша қысқарған әлемдік мәртебесі жоғары халықаралық ұйым атаулары түпнұсқа тіліндегідей жазылады: UNESСO, USAID, NATO, KAF.
Қосымшалар қысқарған сөздің айтылуына қарай дефис арқылы жалғанады: UNESСO-ның, -ға; USAID-тың, -қa; NATO-ның, -ғa. Шеттілдік сөздерді таңбалауда бүгінгі кирилл жазуы санада жатталып қалған ұрпақ пен кирилл жазуын білмейтін келешек ұрпақты тоғыстыратын емле жасау басты назарда болды.
Мұнда, алдымен, қазақ тілінің шеттілдік сөздерді игеріп айту артикуляциясы, екіншіден, сөздің жазба тұрпатының түпнұсқа тілге жақын болуы мен көзшалымға қораш болмауы ескерілді: манөвр, бруселөз, актөр, амөба, дирижөр, режисөр, сирк, сифр, силиндр, сиркүл, десиметр; медисина, пропорсионал, абзас, кварс, конститусиа, корпорасия, сех; сенари, aбсес, aбсисa, плебисит. парашүт, абасалүт, глүкоза, дебүт, продүсер, лүкс, салүт, валүта, бүджет, бүрократия, сүжет, бүлетен; фүчерс, компүтер, түтор, конүктура, ансәмбл, дүбл, парөл, асвәлт, пүлт, өс.
Сөз соңы мен ортасындағы қайталанған қосар әріп түсіріледі: клас, хол, патисон, комисар, ресор, професор, просесор, асонанс, дисидент, мамология, симетриа, амиак, анарграм, кардиограма, металургиа, елипс, елинизм, колеж, силабус, колоид.
Сөз соңындағы -нг әріп тіркесі ң әрпімен жазылады: паркиң, боулиң, брифиң, рейтиң.
Қазақ тіліне бейімделген нөмір, тауар, пошта, пәлте, пойыз, сиез сияқты кірме сөздер осы күйінде жазылатын болады.
Ағылшын тіліндегі түпнұсқасында w әрпімен басталатын кейбір сөздер у әрпімен жазылады: уатсап, уйкипедиа, уеб-сайт.
– Сіз бұл өзгерістерді қолдайсыз ба?
– Бұл өзгерістерді, негізінен, қолдауға болады. Дей тұрсақ та, кейбір ескертулерімізді айта кетуді артық санамаймыз.
Фразеологизмдердің сөз орнына жүретіні рас, бірақ олар тіркестік қасиетінен айрылмайды, тек «орнына жүретін» сөзбен бір функционалдық-семантикалық өрістен орын алады, сол сөзбен мәндес қана болады. Бұл – қазақ фразеологиясына арналған еңбектерде, тіпті жалпыға белгілі оқулықта да, барынша дәлелденген заңдылық. Сондықтан осы Ережелердің берілген қағида өзгертілуі қажет. Атап айтқанда, «ақниет, ақкөңіл, жанпида, атақоныс, басқосу, атсалысу, атүсті» деген орфограммалар ажыратылып жазылуға тиісті. Мұндай тіркестерді біріктіріп жазатын болсақ, төбесі көкке жетті, төбе шашы тік тұрды, қас пен көздің арасында, көзді ашып-жұмғанша, жұмыртқадан жүн қырыққан сияқты тіркестерді де біріктіріп жазбақпыз ба?!
– Тілдік санамызда дағдыланып қалған сөздерді қалай өзгертеміз?
– Сауаттылық – санадан. Тілдік табиғи санамызда бұлардың моделі ақ ниет (ниеті ақ), ақ көңіл, жан пида, ата қоныс, бас қосу, ат салысу, ат үсті түрінде таңбаланған. Тілге зорлық жасаудың, жасандылықтың қажеті жоқ. Қазақтың тілдік санасында қалыптасқан модель де осындай.
Тілдік сананы зерттейтін психотілтану саласында сөз қабылдау дегеніміз таңбалық форманың іші-сыртында жатқан мәнге бойлау ретінде қарастырылады. Сөзді қабылдаудың бір жолы – жазба сөзді (көрнекі) қабылдау.
Сөз басында Ахмет Байтұрсынұлының көрсеткен проблемасы алдымыздан кесе-көлденеңдеп шығып тұр. Өйткені қазіргі қазақтың тілдік санасы бұзылған. Және тіліміздің бұзылуын даму деп түсініп жүрміз. Ендігі жерде бұл сананы өзгерте аламыз ба? Белгісіз.
– Жантас мырза, латын графикасын сараптауда нендей мәселелермен келіспедіңіз?
– Осы себептен де Орфографиялық жұмыс тобының жазарман халықпен санасып жүргенін дұрыс көрмеймін. Емле әмірлік тұрғыдан құрылғаны жөн еді. Сөйтіп, халықтың санасына ықпал ету жолымен қазақы сауаттылыққа жетер ме едік деп ойлаймын. Әйтпесе, қазіргі қазаққа вагонды – бәгөн я уәгөн, газетті – кәзит, велосипедті – белесебет, ватманды – уатман, вольтті – уөлт, газды – гәз, тракторды – тірәктір, конспектіні кә нспект т.т.етіп жазу өрескел болып көрінеді.
Сол себептен орфографиялық жұмыс тобының «Шеттілдік сөздерді таңбалауда бүгінгі кирилл жазуы санада жатталып қалған ұрпақ пен кирилл жазуын білмейтін келешек ұрпақты тоғыстыратын» емле жасау басты назарында болды.
Сауаттылық санамен байланысты. Жазылым таңбасын санаға сауатты сіңіруге байланысты. Осы сана мен сауаттылықты ұлттық кодымызға бейімдеу керек.
– Пайдалы ақпарат бергеніңізге рақмет!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ