Соңғы кездері қалың қауым халықтың арасында дін мен дәстүр өзек­ті мәселе болып отырғаны  мәлім. Шынында да, осы бір қасиетті  ұғымдардың аражігін ажыратып, бөле-жара қарауға бола ма, әлде олар бір-бірімен  астасып, үндесіп  кеткен түсініктер ме? Бұл сауалдарға дін мамандары өз пікірлерін ортаға салды.

Діни экстремизм мен терроризмнің көріністерін алдын алуға және болдырмауға бағытталған №8 мобилдік топтың жетекшісі Жеңіс Пәрімбековтың айтуы бойынша, дін де, дәстүр де қоғамды бірік­тіруші рухани бастаулар болып табылады. Сондықтан қоғамдық санада дін қа­ғидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қай­­шылық болмауы қажет.

– Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз  ислам дініндегі құндылықтармен синкреттелген, біте қайнасып, сабақтасып кеткен. Кез келген мәдениетіміздегі құндылықты, салт-дәстүрді алып қарасақ діннен негізін табамыз. Қарапайым халық олардың дін­дегі сүннет, мұстахат, уәджіп екенін біл­меуі мүмкін. Бірақ, ол діндегі негізгі құн­дылықтардың бірі.

 

Ал, дәстүрдің анық­тамасына тоқтала кетсек, «салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақ­талып, өмір­дің өзі тұрғызған мінез-құлықтың үлгілері. Күн­делікті қолданыстағы бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін мінез-құлық ережесін немесе әлеу­меттік әре­кет­терді жөнге келтіретін термин,-дейді топтың жетекшісі.

Ержан қажы Малғажаұлының айтуынша, ислам діні ұлттық ерекшеліктерді жоюға, әрбір тілдің табиғи заңдылықтарын мансұқ етуге мүлде шақырған емес әрі шақырмайды да. Керісінше, әрбір елдің өзіне тән жағымды әдет-ғұрыптары мен қалыптасқан заңдылықтарының сақталуына ерекше мән берген.

-Дәстүр мен ислам дінін екі бөлек дүние ретінде қарайтындардың негізгі қателігі өз халқының тарихы мен ділінен, тілі мен рухани әлемінен бейхабар болуы. Сондықтан ұлтымыздың генетикалық жадында ғасырлардан бері сақталып келе жатқан өзіндік болмысын, дәстүрі мен мәдениетінің тамырына балта шабады. Қазақ тіліне араб не түрік тілінің заңдылықтарын әкеп тықпалап, таза қайнарының тұнығын лайлайды. Сөйтіп, қазақ тілінің емлесі мен грамматикасына «ерекше жаңалық» енгізгісі келеді. Әрі соларын үлкен абырой, білімпаздық деп таниды,-дейді Ержан Малғажаұлы.

Ержан қажы қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық әсіресе жастардың арасында басым екендігін алға тартады. Яғни, мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңілкүйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады екен.

– Жасына жетпей шейх атануға құлшынады. Құран мен хадистің негізгі мұраттарын түсінбей, қателіктерге жол береді. Нақтылы үкімдерді қамтитын мухкам дәрежесіндегі аяттарды ысырып қойып, қоғамда жаңалық ашуды көздегендей екінші дәрежелі ұқсас ұғымды муташабиһ дәрежесіндегі аяттарды алға шығарып, ғалымдар арасында түрлі көзқарас тудырған мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады.

Мұндай келеңсіздіктердің басты себебі діни білімге ие болғандардың шала сауаттылығы немесе албырттық көңіл-күйлері. Нақ сондайлардың арасында өз ұлтының талай ғасырлардан бері қалыптасқан құндылықтарын, мәдени мұраларын, тіпті, тарихы мен қазіргі болмысын жоққа шығаратындар да табылады. Егер олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді,-дейді қажы.

Жеңіс Пәрімбековтың айтуынша, уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп,  қоғамға бейімделіп келеді. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.

-Салт-дәстүрдің тәрбиелік маңызы ерекше. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрыптарының бірі – «Жол беру». Жасы кіші адам үлкенге бөгет жасамай, жол босатады, үй ішінде төрге отырғызады, астан дәм татар кезде де осы әдеп сақталады. Батыс елдеріне іс-сапарда болғанымда, қазақ жерінде қонақта болған шетелдік азаматтар осы әдеп-ғұрпымызға ерекше тоқталып, сондай қызыға, таңғала қарағанына бірнеше рет куә болдым. Ол жақтағы үрдіс белгілі — «Кто первым пришел – того и место»,-дейді Жеңіс мырза.

Ал Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтардың қатары әлі де бар екендігін айтады.

-Ардақты Пайғамбарымыз: «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге еш зияны тимейтін адам» – деген. Ал, бүгінде жасыратыны жоқ өзін мұсылман-намазханмын деп жүріп, ата-анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, өз ұлтынан жиреніп, ұлттық ғұрыпты харам деп, салт пен сүннетті қағыстырып жүрген бауырлар бар.

Мұны әлбетте олардың діни білімсіздігінен деп білгеніміз абзал. Ондайлардың көзқарасына бола Исламға шошына, үрке қарауға болмайды. Ол діннің кемшілігі емес, дінді дұрыс түсіне білмеген, оны даналықпен өміріне ендіре алмаған, дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра түсінбегендердің өз кінәсі,-дейді имам.

Ислам ғұламалары да ар мен иман, намыс жайлы көптеген ғибраттар қалдырған. «Кім маған тілі мен ар-намысын (ұятын) қорғау жайында уәде беретін болса, мен оған жәннатты уәде етемін» деген хадистен осыны байқауға болады (Бухари, Риқақ 23).

Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», — деген. Міне, исламдағы ар мен ұят ұлтымыздың нақылдарымен өзара ұштасып жатыр.

Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Дін мен дәстүрді айыруға болмайды.  Олар  біртұтас  құбылыс. Дін дәстүрдің ішкі мәні-мағынасы болса, дәстүр оның сыртқы келбеті. Сондықтан, біз дінді  айтқанда  дәстүрді, дәстүр дегенде дінді айтамыз, екеуін  бөліп ажырата алмаймыз.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу