Коронавирусқа қарсы вакциналардың егіле бастағанына да жарты жылға жуықтады. Бірақ екпе алғандар туралы статистикалық деректерге қарап, күзге дейін 10 миллион халықты қамтимыз деген жоспардың орындала қоймайтынын байқау қиын емес.
Вакциналау процесі неліктен баяу жүріп жатыр? Мамандар мен министрлік тарапынан қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, осы уақытқа дейін халықтың вакцинаға деген сенімі орнықпауында бір кілтипан бар ма немесе антиваксер болуға не итермелейді? Осы және өзге де вакцинаға қатысты сауалдарға жауап іздеп көрейік.
Антиваксерлер деген кімдер?
Қазір тек біздің қоғам ғана емес, жалпы адамзат ваксерлер және антиваксерлерге яғни вакцинаны қолдайтындар мен оған қарсы болып бөлінгенін байқауға болады. Антиваксерлер дамыған және дамушы елдерде де бар. Бірақ жалпы дүниежүзі бойынша олардың үлесі әлем халқының 5 пайызына жетеқабыл ғана деген ақпарат та кездеседі. Десек те, коронавирусқа қарсы вакциналарға теріс көзқарастағы адамдар мен олардың пікірлері қазір өте көп талқыланатын тақырыпқа айналып отыр.
Алдымен антиваксер болуға итермелейтін көзқарастарға шолу жасап көрейік. Осы жерде айта кететін мәселе, COVID-19-ға қарсы вакцинаға теріс көзқарастағылар көбінесе басқа вакциналарға сенім білдіретінін аңғару қиын емес. Оған вакцина уақыт өте келе адамның денсаулығына зиян келтіріп, өлімге әкеп соғады деген көзқарас ықпал ететін сияқты. Оның сыртында жалпы коронавирустың өзі де сондай мақсатта жүргізіліп жатқан саясат деген жалпы түсінік жатыр.
Сонымен, антиваксерлердің арасында ең көп тараған түсінік – «вакцина өлімге әкеледі». Немесе мұның астарында сыртқы күштерден (көбінесе бұл –мемлекет немесе әлемді уысында ұстап отырған билік иелері) қорқу болады. Антиваксерлер вакцина қауіпті, тіпті өлімге әкеледі деп санайды. Олар билік вакцинаның жанама әсерлері мен одан болған өлім-жітімді жасырады деген пікірде. Бұл пайымдарын олар жер бетіндегі халықтың саны көбейіп кеткенін, індет пен вакцина адамзаттың санын азайту үшін жүргізіліп жатқан астыртын саясат деген аргументпен дәйектейді.
Одан кейінгі ең көп тараған «сенім» – «вакцина арқылы чиптейді» немесе мұны өз өмірін бақылаудан шығарып алуға қорқу деп айтуға болады. Мұндай пікірдегілер екпемен бірге белгілі бір жасырын мақсаты бар чип енгізіледі деп есептейді. Біреулер психикалық қабілеттерді басқару үшін, екіншілері не істеп не қойғаныңды, қайда барғаныңды бақылау үшін, ал енді біреулер ойды өзгертіп, сананы басқару үшін чип салынады деп ойлайды.
Одан кейін діни ұстанымға байланысты вакцинадан бас тартушылар да бар, бірақ олар тек коронавирусқа қарсы екпеге ғана емес, жалпы вакцина атаулыға қарсы.
Кең тарала қоймаған, бірақ айтылып жүрген сенімдердің бірі – «вакцина салдырған адамдар ауру таратады». Яғни олар вакцина алған адамдармен байланыста болғанда біртүрлі өзгерістерге ұшырайды деген пікірге сенеді. Оған қоса, вакцина алғандар да індет жұқтырып жатыр деген ақпарат халықтың вакцинаға деген сеніміне селкеу түсіріп отыр. Осыған қатысты дәрігер, медицина сарапшысы Қайырғали Көнеевтің пікірін білдік.
Қайырғали КӨНЕЕВ, дәрігер, медицина сарапшысы:
Екпе алғандар да вирус жұқтыруы мүмкін, бірақ ауруды жеңіл өткереді
– Иә, вакцина алғандардың арасында да вирус жұқтырғандар бар, бірақ олар ауруды жеңіл өткеріп жатыр. Вакцина – дүниежүзі бойынша індетті тоқтататын жалғыз жол деп қарастырылып отыр және оның растығына статистикалық мәліметтер арқылы көз жеткізуге болады.
Мысалы Үндістанды алайық, бұл ел тек 200 миллион халықты вакциналауға қауқарлы болып отыр. Бұл Үндістанның жалпы халқының 10 пайызына да жетпейді. Көптеген елдің халқы өзінде вакцина таусылғандықтан, көрші елдерге барып алып жатыр.
Ал бізде керісінше, вакцина паспортын сатып алып, екпеден қашып жүргендер көп. Бұл – мүлде дұрыс емес, себебі, біріншіден жалған вакцина паспортын жасатқандар денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлықтың тамыр жаюына ықпал етіп жатыр, екіншіден олар вакциналанған адам ретінде тіркелгендіктен, олардың вирус жұқтыруы вакцинаға деген сенімге нұқсан келтіріп, дискредитацияға ұшыратып отыр. Яғни тек халық арасында ғана емес, мемлекеттік мекемелер мен ғылыми орталықтарда да вакцинаның тиімділігіне қатысты теріс көзқарас қалыптасады, – дейді дәрігер.
Әлеуметтік желіде болмасын, шынайы әңгіме барысында болмасын, вакцина туралы негатив ақпаратқа сенетіндер көп екені байқалады. Тіпті ел алдында жүрген танымал адамдар, әсіресе шоу бизнес өкілдерінің арасында халықты вакцинаға қарсы табанды түрде үгіттеп жүрген антиваксерлер жетерлік. Халық та маманның емес, жарқырап, күнде көрініп жүрген танымал адамдардың сөзіне сенетінін вакцина өндіру саласының маманы Батырбек Айтжанов та растап отыр.
Батырбек АЙТЖАНОВ, Вакцина өндіру саласының маманы,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі:
– Қоғамда әлі де болса вакцина туралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина туралы небір жағымсыз ой-пікірге сеніп алған. Маман айтты ма, жоқ екпеден мүлде хабары жоқ адам айтты ма, мән бермейді. Біреулер оны дәрі екен, ауруға шипа екен деп ойласа, енді біреулер керісінше зиян екен, ДНҚ-ны өзгертіп жібереді дегенге сенеді. Тіпті чиптеп жатыр, осы арқылы қырып жатыр дегенге де иланып жатыр. Қандай ел, қандай үкімет өз халқына қастық ойлайды? Бұл – біріншіден.
Ал екіншіден, вакцинадан ДНҚ өзгермейді. Екпе арқылы чиптеуге немесе ДНҚ өзгертуге ғылымның әлеуеті де жете қойған жоқ. Екпе жасушаға барса да, оның ядросына бара алмайды. Адамның ДНҚ-сы, генетикалық материалы ядроның ішінде болады. Оның бәрі – бос сөз.
Қазір вакцинаның не екенін білмейтін, бұл саладан хабары жоқ адамдар да ақыл айтып кетті. Бір-бірінен естігенін айтады, сөйтіп халықты жалған ақпаратпен адастырып жатыр. Желіде тараған кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сенген дұрыс. Шын мәнінде адамзатқа расымен қастық ұйымдастырылатын болса, оны індет таратып, вакцина арқылы іске асырудан гөрі әлдеқайда оңай әрі сездірмейтін жолдары көп деп айтар едім, – дейді маман.
Расында да біздің қоғамда нақты бір саланың мамандарының айтқанынан гөрі жұлдыздардың пікірі өтімдірек екені жасырын емес. Оларға мұндай құдіретті әлеуметтік желі беріп отыр. Қазір қаншама миллион халық оқитын кей өнер адамдары, блогерлер дәлелденбеген ақпарат таратып жатыр. Халық арасында вакцинаға қарсы пікірлердің сан алуан болуына бұл да қатты әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Оған қоса дәрігерлер мен медицина мамандарының атын жамылып, қисынсыз мәлімет таратушылар да көп бүгінде. Осы мәселеге қатысты психолог маманның пікірін білген едік. Маманның сөзінше, жауапты мемлекеттік мекемелер халықпен жұмыс істеу бойынша баяу әрекет етіп жатқан көрінеді.
Ержан МЫРЗАБАЙ, психолог:
Мамандар мен мемлекеттік мекемелер ақталушы позицияға түсіп қалды
– Ең алдымен, жалпы психологиялық тұрғыдан адам қандай нәрсеге қарсы болады? Егер сол мәселе жайлы толыққанды ақпарат білмесе. Яғни бұл жағдайда жауапты мемлекеттік мекемелер халықпен жұмыс істеу бойынша баяу әрекет етіп жатыр.
Дұрыс, нақты, толыққанды ақпараттың аздығынан халық «чип салады», «ауру болады» деген сияқты түрлі сөздерге сеніп, вакцина алудан бас тартып жатыр. Жалпы адам табиғатынан негатив ақпаратқа сенгіш келеді. Бір жағынан мемлекеттік мекемелер «вакцина салдыру керек, ол біздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды» десе, екінші жақтан сол саланың маманы болмаса да, блогерлер, әншілер, танымал тұлғалар «вакцина салдырмаңдар, оның ішінде чип бар, бізді өлтіреді» деген сияқты мәлімет таратып жатыр.
Бір блогердің, яғни танымал адамның бірнеше миллиондық аудиториясы болады. Оның айтқан сөзі, жариялаған посты тікелей сол адамдарға жетіп, көп жағдайда шынайы ақпараттың алдын орап кетіп жатады.
Сонымен қатар ақпараттық күресте мынадай бір маңызды фактор бар: ақпаратты кім бірінші жеткізсе, халық көбінесе соған сенеді. Яғни қоғамға ықпалы бар адам бір ақпаратты елге жарияласа, оны жоққа шығарушы екінші тарап ақталып жатқан сияқты көрінеді.
Мемлекеттік мекемелер «Вакцинада чип бар, салдырмаңдар» деген мәліметке «Жоқ, оның ішінде чип жоқ, біз қазір сізге түсіндіреміз, олай ойлап қалмаңыздар, негізі былай…» деген сайын ақталушы позицияға түсіп қалып отыр. Сондықтан, біріншіден жауапты мемлекеттік органдар, екіншіден осы саланың мамандары, дәрігерлер, вирусологтар, иммунологтар белсенді түрде халықпен жұмыс істеуі керек.
Одан кейін мемлекеттік мекемелерге қарағанда жеке тұлғаларға қызығушылық көбірек болады, сол да ескерілуі керек. Денсаулық сақтау саласында да сөзіне халық сенетін тұлғалар бар.
Сонымен қатар маман жалған ақпарат тарату заңмен қудалануы керек екенін айтты. Тағы бір айта кететін нәрсе – фейк ақпарат пен шын ақпарат ешуақытта бірдей тарала алмайды, яғни жалған ақпарат тез жайылады. Менің ойымша, құзырлы органдар танымал екеніне қарамай, жалған ақпарат жариялағандарды жауапкершілікке тартуы керек. Сол кезде өзіне мүлдем қатысы жоқ салаға қатысты ақпарат тарататындар азаяр еді. Ең бастысы – осы.
Өз саласына қатысы жоқ мәселеге қатысты пікір айтатындарды өз басым мүлде түсінбеймін әрі осы уақытқа дейін вакцина туралы негізсіз үгіт-насихат жүргізіп жүргендердің неліктен жауапкершілікке тартылмағанына да таңғаламын.
Әрине, демократиялық елде өмір сүріп жатырмыз, пікір білдіруге әркімнің де құқығы бар екенін ұмытпауымыз керек. Бірақ, бұл – тексерілмеген, негізсіз ақпаратты таратуға болады деген сөз емес, – деп түйіндеді Ержан Мырзабай.
«Жалпы жалған ақпарат таратқандар қалай жауапқа тартылады, вакцинаға қатысты жалған үгіт-насихат жүргізіп жүргендер жазаланбай ма?» деген сұраққа жауап іздеп, заңгер маманның пікірін білген едік.
Жалған ақпарат таратқандар жазалана ма?
Айсана СМАН, адам құқықтары жөніндегі сарапшы,
заң ғылымдарының докторы:
Ақпараттың ажиотаж тудырғаны дәлелденсе, барлығы заңмен реттеледі
– Қазір ғаламторда немесе әлеуметтік желілерде белгілі бір ақпарат таралады және соған қарай халықтың, белгілі бір аудиторияның реакциясы пайда болады. Әсіресе, осы коронавирусқа қатысты, вакцинаға қатысты кез келген ақпарат белгілі бір реакция туындатады деп айтуға болады. Ақпаратты таратқан адам өз сөзіне жауапкершілікпен қарауы керек, себебі әр айтқан, әр жазған мәлімет заңнамалық жауапкершілік аясында қаралады. Ол қандай жауапкершілік?
Ақпарат туралы заңда ажиотаж тудыратын ақпарат заңмен реттеледі деп жазылған. Мысалға таратылған ақпарат негізсіз болса және ол қоғамдағы бейберекеттікке, тұрақсыздыққа алып келсе, мұндай ақпарат заңмен реттеледі. Яғни ақпараттың ажиотажға ұласқаны дәлелденсе, ақпарат таратушы міндетті түрде әкімшілік жауапкершіліке тартылады, – дейді сарапшы.
ДДСҰ: Вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін сақтайды
3 тамыз күні өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцина алуы тиіс халықтың 55 пайызы, яғни 5 миллионнан астам халық коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын салдырғанын мәлімдеді. Ал вакцинаны толық алғандардың үлесі 39,8 пайызға енді жетті. Өткен айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы вакцинаға теріс көзқарастағы адамдар туралы пікір айтып, батыстың кейбір дамыған елдері мәжбүрлеу шараларына көшіп жатқанын да тілге тиек еткен еді.
Күні кеше Германия мен Францияда осындай мәжбүрлі вакцинаға қарсы наразылық шеруі өтті. Антиваксерлер «армиясының» өкілдері Америкада да бар.
Жақында америкалық The New York Times басылымы халқының 60 пайыздан астамы вакцина алған және екпе салдырған тұрғындар үлесі 30 пайыздан аспайтын АҚШ елді мекендерін салыстырған зерттеу материалын жариялады. Зерттеу нәтижесі бойынша вакцина салдыру белсенділігі төмен аймақтарда індет жұқтыру көрсеткіші 2 есе, ал өлім-жітім 4 есе көп болып шыққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша вакцина жыл сайын әлем бойынша 4-5 миллион адамның өмірін сақтайды. Аурулардың алдын алу бойынша ешқандай тәсіл дәл вакцина сияқты тиімді болмаған екен. Жалпы, вакцина атаулының адамзат баласына таңсық еместігі аргумент ретінде айтылып келе жатқанына көп болды. Бірақ, қазіргі ахуалға қарап бағамдар болсақ, жалған ақпарат және оның салдарымен күресу індетпен күресуден кем түспейтін сияқты.
Ділдә УӘЛИБЕК