Астанада білім алып жүрген бір топ жас «Жаңа Қазақстан» бастамасына үн қосу үшін «Жаңа адамдар» деген ұйым құрған болатын. Бүгінде құрамына 250 жас топтасып үлгеріпті. Белсенді топтың өздерін «Жаңа адамдар» деп айрықша атайтындай қандай ерекшелігі бар екенін білу үшін аз-кем сұхбат құрған едік.
Жарты жыл бұрын құрылған ұйымның кеңсесі аса жайлы көрінді. «ЭКСПО» қалашығындағы ғимараттың бір бұрышынан ауданы 100 шаршы метрден асатын кампус ашып алған. Өздерінің айтуынша, бұл кеңсенің жалдау ақысын демеушілері төлеп отыр. Бірақ демеушілерінің кім екенін атаудан бас тартты. «Жастарға жасаған жақсылығымды жарнамасыз-ақ атқарайын», – деп өтініш айтқан көрінеді.
Қойған сұрағымызға қысқа ғана жауап қайырып отырғандарына қарап, сылдыр сөзбен уақыт өткізуден әбден жалыққан, әңгімеден гөрі әрекетке басымдық берген жастар шығар деген ой келген. Бүгінге дейін іске асырып үлгерген бірнеше жобаны байыппен түсіндіруге тырысты. Дегенмен, ең сүйекті деген жобалары әзірге іске аспапты.
«Жаңа адамдардың» астарында «Жаңа Қазақстан» бастамасы жатыр-ау деген тұспалымыз расқа айналды.
«Ұйымның туған күні – Президентпен кездескен күніміз. Ол бір ерекше кездесу болған еді», – деп бастады әңгімесін топ белсендісі, қозғалыс ұйымдастырушысы Алпамыс Әбілов.
Тамызда құрылған қозғалыстың аяқ алысы ұнаса керек, кейін Мемлекет басшысы арнайы уақыт бөліп, ұйым өкілдерімен кездескен екен.
«Былтыр тамызда бір топ студент жиналып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру жайында айтқан тезистерін талқылай бастадық. Бұл Қазақстан қоғамы үшін жаңа ұғым, жаңа бағыт болғандықтан көп дүниені БАҚ-тан іздеп табуға тура келді. Сонда байқағанымыз, «Жаңа Қазақстанды» тіпті жауапты қызметтегі аға буын өкілдерінің өзі әркелкі түсіндіріп жатты. Тіпті бірінің айтқан уәжі екінші айтылған уәжге қайшы келетін тұстар кездесті. Осылайша «Жаңа Қазақстан» дегеннің не екеніне өз жауабымызды беру керек деп шештік. Өз ортамызда түрлі пайымдар айтылып, соның негізінде қалыптасқан ортақ түсініктер бәрімізді қозғалыс жетекшісі Әсел Бәденованың маңайына топтастырды. Қазір ойлап отырсақ, біздің қозғалыс сол кезде пайда болған екен», – дейді Алпамыс Әбілов.