Қыркүйек айының соңында Польша астанасы Варшава қаласында «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл құнды кітапты қос тілде жазып шыққан тәжірибелі дипломат Марғұлан Баймұқан мен білікті саясаттанушы, тарихшы, Жандос Каринбаев аталған еңбектің екі ел арасында алтын көпір болатынына сенімді. Сондай-ақ кітаптағы он екі бөлімнің әрқайсысы деректі фильм түсіруге сұранып тұрғанын айтады. Үш жарым жыл бойы екі елдің рухани жәдігерлерін саралап, ұмытылғандарын еске түсіріп, құнды да қымбат қазына қатарын толықтырып, күні кеше ғана елге оралған Жандос Әуелбекұлымен кездесіп, әңгімелескен едік.
– Біз сұхбаттасқан кейіпкердің көбі мамандық таңдауда мектептегі мұғалімдерінің айрықша ықпалы тигенін айтады. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, сіздің де тарих пәніне ден қоюыңызға әлем картасын ашып, дүниежүзін таныстырған мұғаліміңіз себепкер болған шығар деп топшылап отырмын. Солай ма?
– Дәл солай. Түркістан облысы Төле би ауданына қарасты Аққұм ауылында туып-өстім. Онда қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушы Құрасбек Тыныбеков атындағы орта мектепте оқып жүрген кезде бірнеше сабақты, соның ішінде тарих пен география пәндерін сүйіп оқыдым. Осы екі пән десе ішер асымды жерге қоятынмын. Өлкеге есімі белгілі ұстаз, ұлт тарихын жетік білетін Әбдіхалықов Тұрсынбай ағай сабақ сайын тарихқа деген қызығушылығымды арттыра түсті. Ағаймен бірге мектепте мұражай жұмысын жүргіздік. Ол кісі ауыл ішін аралап, көне заттар мен жәдігерлерді жинап, мұражайға әкеліп қоятын. Тарихты көркем әдебиет туындысын түсіндіргендей сипаттап, егжей-тегжейлі айтып беретін. Дәйек келтіріп айтса да, шебер сипаттайтын еді. Сөйтіп, ол кісінің ықпалымен оқушы кезімнен осы салаға қызыға бастадым. Бұл пәнге қатысты барлық жарысқа қатысып, белсенді болдым. Мектеп бітірген соң ойланбастан Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Тарих факультетіне құжат тапсырып, бакалавриат, сосын магистратура бөлімінде білім алдым.
– Ал қазақ-поляк байланысының тарихына қызығуыңызға, сосын Польшада халықаралық қатынастар саласы бойынша докторантурада біліміңізді жетілдіруге не түрткі болды?
– Бакалавриатта жалпы тарих мамандығы бойынша білім алған мен онда әлем тарихын зерттедім. Әлем тарихымен халықаралық қатынастар өзара астасып жатыр. Тарих – халықаралық қатынастардың негізі. Бакалавриатта XVIII ғасырдағы орыс-түрік қатынастары туралы дипломдық жұмыс қорғадым. Зерттеу барысында Польша мен Литва елдерін біріктірген Речь Посполитая мемлекеті туралы көп дерекке тап болдым. Сөйтіп, бірте-бірте 1918 жылы құрылған, бірақ оған дейін Ресей, Прусия, Австро-Венгрия елдері тортты бөлгендей бөліп алған, ұзақ уақыт отарда болған Польша Республикасының сыртқы саясатының тарихына қызығушылығым ауды. Кейін магистратурада оқығанда «Польшаның Қос соғыс аралығындағы сыртқы саясаты» деген тақырыппен диплом жаздым. 2015 жылы Польша сыртқы істер министрлігінің арнайы грантын ұтып алып, Торунда Николай Коперник атындағы университеттің жанындағы халықаралық қатынастар институтында біржылдық тағылымдамадан өттім. Сосын елге оралып, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да алты жылдай оқытушы болып жұмыс істедім. Тағылымдамадан өтіп келгеннен кейін қазақ-поляк байланысының тарихына әуестігім одан бетер күшейе түсті. Алматыдағы Шығыстану институтына ізденуші ретінде тіркеліп, Польшаға қатысты ғылыми тақырыпты зерттей бастадым. Өкініштісі сол, барлығын жазып, енді қорғаймын деп дайындалып жүргенде Қазақстан Болон декларациясына қосылып, реформа өзгерді. Ізденуші, аспиранттың орнына PhD докторы атағын бекітті. Осылайша, зерттеуімді елде қорғау мүмкіндігі болмаса да, ізденуді бір сәтке болса да тоқтатпадым. Бірақ бір айта кетерлігі, қазақ-поляк қатынастарының тарихын зерттеу – менің хоббиім, сүйікті ісім. Ал Варшава университеті халықаралық қатынастар және саяси ғылымдар факультетінің докторантура бөлімінде зерттеген тақырыбым мүлде басқа. Онда мен Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының аумағы қиылысқан жерде орналасқан қақтығыс ошағы Ферғана аңғарындағы ұрыстардың тарихын зерттеумен айналыстым.
Кітаптың тұсаукесер кешінен
– Докторлық диссертацияңыздан тыс тағы бір үлкен зерттеу жүргізіп, соның нәтижесі ретінде кеше Варшавада тұсауы кесілген «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітап шығарғаныңызға қарағанда бұл хоббиден де үлкен іс секілді…
– Жоғарыда айтып өткен Торень қаласында тағылымдамадан өткен кезде тың деректер таптым. Польшаның азат ел атануына бар күшін салған Юзеф Пилсудски Ресей езгiсiндегi халықтарға тәуелсіздік алуына көмектесу, оларға саяси баспана, қаражат беру үшін Прометей ұйымын құрғанын тарихтан білесіздер. Сол ұйымның қатарында Мұстафа Шоқай атамыз бастаған Түркістан халқы да болған. Сол секілді поляк жұртымен байланысы бар біздің тұлғаларымыз көп екенін байқадым. Тағы да тосын деректер табамын-ау деген мақсатпен іздене түстім. Тәжірибелі дипломат, қазір Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұқанмен кездескенде «Қазақ-поляк байланыстарын тұлғалар негізінде зерттейік» деген идея туындады. Осылайша, екеуіміз уәделесіп, бұл еңбекті жазып шығуға үш жарым жылдай уақытымызды сарп еттік. Негізі, бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ биыл аталып жатқан Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толуына арналған. Алдымен қазақшасын жазып, кейін аудармасын жасадық. 12 бөлімнен тұратын бұл кітапта екі елдің біртума азаматтары туралы тың деректер қамтылған. Біздікілер Адольф Янушкевич туралы көп жазды, бірақ олар оны әдетте революционер ретінде сипаттайды. Расында, олай емес, ол – өз халқының азаттығы үшін күресіп, кейін сол әрекеті үшін тұтқынға түскен азамат. Қазақтар оның саяхаты туралы білгенімен, шыққан тегі туралы білмейді. Ал поляктар, керісінше оның отбасын жақсы білгенімен, қазақ даласына жасаған саяхат кезінде кездескен тұлғалардан бейхабар. Сондықтан ол туралы жария болмаған деректерді екі халық білсін деген мақсатпен кеңінен баяндадық.
Қолтаңба беру сәтінен
Сондай-ақ кітапта айдауда жүрген кезінде қазақтар туралы алғашқы поэма жазған Густав Зелинский, Шоқан Уәлихановтың ұлты поляк ұстазы Глярий Гонсевский, саяхатшы, суретші, Маңғыстауда айдауда болған Бронислав Залесский, Алматы қаласының дамуына ерекше із қалдырған архитектор, инженер Ян Козелл-Поклевский, ұлы Абаймен достық байланыс орнатқан Северин Гросс, музыка зерттеушісі, композитор, этнограф Александр Затаевич туралы тарқатып жаздық. Интеллигенция өкілдерінен бөлек, патшалық кезеңде қазақ даласында дәрігер болған поляктар, сондай-ақ біздің дәрігерлер туралы да мәліметтерді кіріктірдік. Сонымен қатар Варшавада оқыған қазақтар, атап айтсам, Қазақстанның тұңғыш прокуроры Қанай Боранбаев, ветеринар-ғалым Әбілмәжін Күшіковті де ұмыт қалдырмадық. Кітапта Қажымұқанның бәйбішесі, ұлты поляк Бәтима туралы да деректер бар. Мұнымен қоса, поляк халқына атағы жер жарған балуанымызды кеңінен таныстыруды көздеп, оның танымал поляк балуандарымен белдескені туралы да деректер жетерлік. 1936 жылы Солтүстік Қазақстан мен Алматы облысына аударылған поляктарды жергілікті қазақтар құшақ жая қарсы алып, өз үйлерінің бір бөлмесін, бір уыс бидай мен бір үзім нанын бөліп береді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бізге көшіп келген поляктардың да бетін қайтармаған. Кейін олар Польшаға қайтқанда қазақ халқының жасаған жақсылығы туралы поляк тілінде естеліктер жазған. Мұны қазақ оқырман да оқысын деген ниетпен барлығын аударып, осы кітапқа енгіздік. Жалпы, тарихты жазудың бірнеше жолы бар. Фактологияға сүйеніп, құрғақ дәлелмен жазатындар бар. Бірақ мұнда бірнеше ақын, жазушы, инженер, ұстаздың ғұмыры мен еңбегін ғылыми көпшілік бағытта жазып, мейлінше қызықты етіп сипаттауға тырыстық.
– Осы кітапты жазу барысында аһ дегізіп, таңдай қақтырған бірер жайттарды бөлісе отырасыз ба?
– Әлгінде айтып өткенімдей, Янушкевич туралы көп жазылды. Дегенмен оның еңбегінен мынадай қызық деректер таптым. Көтеріліске қатысқан оның екі бауыры Еуропа асып кетеді. Ал Януари деген бауыры өз шаңырағында қалады. Густав Зелинский «Қазақ» поэмасын жазғанда оның жақын досы болған Адольф Янушкевич қатал сыншының рөлін атқарып, оның еңбегін тексеріп, түзетеді. Ал ол еңбектің басылып шығуына Януари үлкен септігін тигізеді. Біздің халық туралы поэманың жарық көруіне Густав Зелинский мен Адольф Янушкевич қана емес, Янушкевичтің жақындары, әсіресе Литвада тұрған інісі Януаридің де атсалысуы мен үшін қызық мәлімет болды. Екінші таңғалдырған тұсы, Янушкевич Абылай ханның баласы Сүйік сұлтан келе жатқан кезде қазақтың музыкасы ойнап тұратыны туралы жазады. Бұдан қазақтың хан-сұлтандарды күтіп алудың қалыптасқан дәстүрі, белгілі бір протоколы болғанын аңғартады. Оның тағы бір жазбасында «Олар ағаштан жасалған лашығымызға келгенде бізбен әңгімелеседі, бірақ көп сөйлемейді дейді» деп жазғаны бар. Демек, сол заманда-ақ хан-сұлтандар өзін көпшілік ортада ұстау әдебінен жаңылмаған. Сосын тағы бір таңдай қақтырған мәлімет – Янушкевич 150 жыл бұрын саяхат кезінде «Ақмола – тұтас даланың келешек астанасы» деп айтқан. Мен мұны айтып тұрған бірінші тарихшы емеспін. Десе де, Янушкевичтің бұл туралы поляк тілінде жазғанын оқып, оның болашақты болжап, сараптама жасай алатын қабілетіне таңғалдым. Тағы бір таңғалдырған дүние – ол айдауда болған жиырма жылдың ішінде анасы, бауыры мен достарына 600-ге жуық хат жолдаған екен. Анасы ол хаттың түгелін сақтаған. Бірақ ол жазбаларының жарыққа шығуына қарсылық білдіріпті. Кейін ол дүние салған соң бауырлары сол хаттары мен күнделігін үлкен еңбек етіп шығарып, шағын таралыммен басып шығарған. Сосын оқырман тарапынан сұраныс артқан соң тиражын көбейтіп, қайта басып шыққан. Бір айта кетерлік жайт, осы кітапты жазу кезінде Шоқан Уәлихановқа тарих пәнінен сабақ берген, ұлты поляк Глярий Гонсевскийдің Вильнюс қаласында жерленгенін анықтадық. Ол туралы зерттеу жүргізген поляк ғалымдары зиратқа инвентаризация жасаған, десек те оның дәл сол зиратта жерленгенін анықтап, ғылыми дәлелдер арқылы бірінші болып біз жаздық. Көп уақытын Орталық Азияның далаларында депортацияда өткізген поляк Бронислав Залесскийдің «Қазақ сахарасына саяхат» деген еңбегі 1990 жылы француз тілінде жарық көрген. Сол еңбегінде ол Есет Көтібарұлымен кездескені туралы былай деп жазады: «Мен Есет Көтібарұлының үйінде қонақта болдым. Ол кісінің пәлсапалық ойлары қызық. Оны би, батыр деп атайды. Тағы да басқа атақтары бар. Бірақ оған бәрінен бұрын батыр деп атаған ұнайды екен. Сосын ол: «Әр адам жабулы сандық іспетті. Онымен сөйлеспейінше оның ойында не бар екенін анықтау мүмкін емес» деді». Мен үшін бұл да бір қызық дүние болды. Осы ретте екі халықты неліктен қатарласып жазғанымызды айта кетейін деген едім. Негізі, қазақ пен поляк – тағдырлас ұлттар. Кезінде екі халықтың жауы ортақ болды, кейін байқап қарасам тағдыры да ортақ. Отарлық езгі. Ұлт мүддесі үшін жан аямаушылық. Батылдық. Оларда көтеріліс болғанда бізде де бүліктер болған. Мысалы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сырдария қазақтарының көтерілісі кезінде поляктар да ереуілге шыққан. Сырым Датұлы, кейіннен Кенесары бастаған көтеріліс кезінде де олар да бүлік бастап, тыншымаған. Варшавада әскери комендант, Францияда генерал болған Ян Козелл-Поклевский елін сағынған соң орыстың консулына Отанына қайтқысы келетінін айтады. Бірақ оны алдап-арбап, қол-аяғына кісен салып, бүкіл шенінен айырып, қатардағы казак ретінде Алматыға жер аудартады. Онда ол көп жобаға араласып, Алматының дамуына атсалысады. Алматыдағы бас арықты қаздырған осы кісі. Балқаш көлін жіті зерттеп, Ілеге алғаш рет кеме түсірген де осы кісі. Осы деректер де маған қызық болып көрінді. Келесі бір қызық мәлімет: әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милош поляктың танымал ақыны, жазушысы Александер Ваттан алған сұхбаты кітап болып шықты. Сонда Александер КСРО-мен арадағы келісім бойынша Алматыда отбасымен табысуға мүмкіндік алған кезде Мұхтар Әуезов үйіне шақырып, оны қонақ қылып күтеді. Сол сұхбатында ол «Лев Толстойға тең келетін қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезовтің үйінде қонақта болдым. Коммунистік-социалистік индоктринадан алыс екені байқалады. Үйі кең, бір шетінде фортепиано тұр. Сөрелерінде Гетенің еңбектері тұр. Менімен сөйлескенде поляк халқының тарихын жақсы білетінін аңғардым» деп тың естелік айтады. Ал оның әйелі Ола баласымен бірге ШҚО-ның Күршім аймағына жер аударылған кездегі жергілікті қазақтардың қамқорлығын былайша еске алады: «Әдепкіде совхозда барақта тұрдық. Сосын күн суып кеткен соң қазақтардың үйінде жаттық. Бір күні үйде отырғанда денем қалтырап, қатты ауырып қалдым. Үй иесі қазанда бұрқылдап қайнап, бетінде майы қалқып тұрған сорпаны үлкен кесеге құйып, оған айран қосып, маған берді. Әдетте қолыма түскен тағамды бірінші балама беруші едім, осы жолы алдымен өзім ішіп көргім келді, іштім. Сонда әр жұтымын ұрттаған сайын тұла бойыма қурап қалған, тақырға айналған далада толассыз жаңбыр жауып өткендей әсерін тигізді. Ертесі айыққанымды сезіндім».
Dimash радиостудиясында
– Варшавада ашылған Dimash радиосының, сондай-ақ Димаштың поляк жанкүйерлерінің басын қосатын фан-клубтың негізін қалаушы Тереса Какол бізге берген сұхбатында сізбен бірге бірнеше бағдарлама әзірлегенін, қазақша және полякша подкаст жүргізгеніңізді айтқан еді.
– Қаныш Сәтбаевтан қалған игі дәстүрді жалғап, сыртта жүрсек те елімізді барынша таныстыруға, шетелдіктер білмейтін жайттарды кеңінен әңгімелеп беруге тырысамыз. Қала берді, фрилансер ретінде екі елдің байланысы мен тарихы туралы мақалалар жазып жүрдім. Ал Димаш Құдайбергеннің күллі әлемде үлкен дүмпу туғызғанын әлі күнге дейін жарыса айтып жүрміз. Димаштың өнеріне тәнті болған Моника Василевсканың қазақтар туралы әзірлеген видеосын көріп қалдым. Өзімен танысқан соң Тересамен де танысудың сәті түсті. Екеуі қазақ ертегілерін зерттейтін Мирелла Гливинска, үйінің бір бөлігін босатып, техникамен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер Збигнев Курзынскимен бірге өз қаражаттарына радиостудия ашып, оның ішін басқа радиолардан кем қылмай жабдықтап, тұрақты түрде бағдарлама жүргізетінді шығарды. Сосын маған сонда сарапшы ретінде қатысуымды өтінді. Жалпы, Dimash радиосында «Қазақстан тек далалар мен киіз үйлер елі емес» деген үш бағдарлама әзірледік. Онда Қазақстанның географиялық орналасуы, тарих, этнография, әр өлкеде көруге тиіс туристік нысандар туралы баяндадық. Сосын «Абайша сүю» деген атпен бірнеше бағдарлама шықты. Қазақстан тәуелсіздігіне арналған бірнеше подкаст әзірледік. Жалпы саны ол студияда он шақты бағдарлама жүргізуге атсалыстым. Айтпақшы, Тересалар «Бізге қазақ тілі қызық. Сондай ұнайды» деген соң мұның барлығын қос тілде жүргіздім. Олардың полякша қойған сұрағына екі тілде жауап беріп отырдым. Жұмыс кестем тығыз болып, кітап, диссертация, бала-шағаның қамымен жүгірсем де оларды барынша қолдауға тырыстым. Жалпы, Тересалар мақтанғанды ұнатпайды, бірақ қазақтар олардың еңбегін бағалап, отандық БАҚ өкілдері олар туралы көптеп жазса екен деген ниет бар. Сіздерге білінбес, бірақ ол жақта расымен қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Қазір Терессалар қазақ тілін оқыту туралы бағдарламаны іске асырып жатыр. Әлбетте, бұған себепкер Димаштың шығармашылығы, сосын ол арқылы қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен тіліне қызығып, өз бетінше зерттеу жүргізіп жатқандар жетерлік. Негізі, поляк халқын қазақтар туралы тек жағымды пікірлер айтады. Терессамен қатар біз де осы еңбегіміз арқылы екі елдің арасында алтын көпір орнатқымыз келеді. Біздің көздегеніміз – кітапты алып оқыған әрбір полякқа Қазақстанды жақсы жағынан таныту, сондай-ақ поляктардың біздің жерімізде біз үшін атқарған еңбегін орасан екенін біздікілер білсе екен деген мақсат. Жалпы, бізді алға жетелеген – шынайы энтузиазм. Ол болмаса әрі еліңе, халқыңа деген сүйіспеншілік болмаса бұл жоба жарық көрмес еді. Сонша уақытымды бөлгенше, тыныш жүріп қана диссертациямды жазбаймын ба?! Бірақ айтып түсіндіре алмайтын бір сезім менмұндалап, маза бермей қойды. Мен Варшавада университетте сабақ бергенде еліміздің тарихы мен салт-дәстүрі туралы көп әңгімелейтінмін. Кейін өз қалтасынан ақша шығарып, біздің мәдениетті насихаттап жүрген Терессалардың көзіндегі отты көргенде менің еліме, туған жеріме деген сүйіспеншілігім еселеп артты. «Мен де жасай аламын!» деп шабыттана түсіп, бұрынғы бағытымнан таймай, насихаттауды еш тоқтатпадым. Марғұлан екеуіміздің бірлесіп жазған бұл еңбегіміз – елді таныту жолында қосқан титтей үлесіміз. Мұндағы 12 бөлімдегі деректің әрбірі деректі фильм түсіруге арқау болады деп есептеймін. Естуімше, Сатыбалды Нарымбетов көзі тірі кезінде Янушкевич туралы фильм түсіріп бастаған. Кейін оның бұл ісін ізбасарлары мен балалары жалғастырып жатыр екен. Мұны жіті зерттеген маман ретінде осындай жобаларды іске асыруға шақырса қуанар едім.
– Күні кеше Варшавада өткен кітаптың тұсаукесеріне поляктардың көптеп келуі оларға екі елдің арасындағы байланыс қымбат екенін аңғаруға болады.
– Иә, Қазақстанның Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әлім Қирабаевтың ұйымдастыруымен өткен ол кешке 50-60 шақты адам қатысты. Әсіресе, «мен – шенеунікпін, сен – қатардағы азаматсың» деген түсініктен ада Еуропарламент пен Польша Парламентінің (Сейм) депутаттары кезекке тұрып, қолтаңба алған кезде бойымды қуаныш кернегенін жасырмаймын. Одан бөлек, профессорлар мен екі елдің арасындағы байланысқа қызығатын азаматтар келіп, қолтаңба алған соң « Жақсы болды, мына кітапты ана ғалымға беремін», «Бұл – біз үшін таптырмас еңбек» деп арқамыздан қағып, ағынан жарылды. Жалпы, бұл кітап Варшава қаласындағы жетекші баспалардың бірінде басылып шыққандықтан, алдымен сол жақта тұсаукесерді өткізу заңдылық. Сосын баспадан шығу шарты бойынша таныстырылым өткен соң Польшаның үлкен қалаларындағы кітапханаларға дереу жөнелтіледі. Әрі қарай поляк оқырманы кері байланыс орнатып, екі елдің байланысын жете тани түседі деп ойлаймыз. Біздің әу бастағы мүддеміз, көздегеніміз де – осы. Бұйырса, жуық арада Астанада да тұсаукесер рәсімін өткізбекпіз. Қазақ оқырманның да көңілінен шығады деп үміттенемін.
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ