Алла қаласа санаулы күндерден кейін қажылық науқаны басталады. Биылғы қажылық пандемиядан кейінгі араға екі жыл салып өткелі тұрған алғашқы қажылық болмақ. Осы ретте биылғы қажылық науқанына дайындық барысын білу үшін ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітовпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
– Әлемдік пандемия салдарынан екі жылдан бері қажылық жасауға рұқсат берілмеді. Сауд Арабиясы биыл ғана басқа елдердің мұсылмандарына қажылық міндетін атқаруына рұқсат беріп отыр. Королдік тарапынан бекітілген биылғы қажылықтың белгілі бір талаптары бар ма?
– Қажылықсыз өткен пандемия жылдары әлем мұсылмандарына, соның ішінде Қазақстан мұсылмандарына оңай тиген жоқ. Араға екі жыл салып биыл ғана үлкен қажылық маусымы ашылып жатыр. Бұл жаңалықты әлем мұсылмандары үлкен қуанышпен қарсы алды. Алдымен былтыр кезең-кезеңімен ұмра қажылығы рұқсат берілді. Кіші қажылыққа бару арқылы қазақстандықтар үлкен қажылықтың талабына да дайындалып, үйренісе бастады. Биылғы маусымда қажылыққа аттанатын қазақстандықтардың 50 пайызы ұмра қажылығына барғандар болайын деп тұр. Биыл да қажыларға біршама талаптар қойылып отыр.
– Нақты қандай талаптар қойылды?
– Сауд Арабиясы биыл үлкен қажылыққа тек 1 миллион адам қатыса алатынын хабарлады. Оның 85 пайызы әлем елдерінен болса, қалған 15 пайызы ғана сол жердің жергілікті тұрғындар болмақ. Сауд Арабиясына VISA рәсімдеу үшін COVID-ке қарсы екпенің екі дозасын, сондай-ақ ревакцинация алу талап етіледі. Одан бөлек менингококк инфекциясына, сары безгек ауруларына қарсы екпе салдыру туралы жалпы талаптар қойылды. Бірақ ол талаптар барлық елге бірдей жүрмейді.
– Биыл әлем бойынша 1 миллион адам ғана қажылыққа бара алатынын айтып қалдыңыз. Ал біздің елімізден қанша адам қажылыққа бара алады? Қазақстандық қажыларға қандай талаптар қойылды?
– Биыл қажылыққа елімізден 4000 адам бара алады. 65 жастан асқан үлкен кісілер қажылыққа бара алмайды. Сондай-ақ маска тағып жүру, 72 сағат бұрын алынған ПЦР тестінің нәтижесі болуы міндеттелді. Қажылық рәсімін орындауда, Мина және Арафат шатырларында қажылар бұрынғыдай 1 шаршы метр емес, 1,60 шаршы метр қашықтық қалдырып орналасады. Алдағы уақытта Қағбаны айналуда да өзгешеліктер енгізілуі мүмкін. Бұдан артық қиын талап қойылған жоқ. Тіпті пандемияға дейінгі жылдарға қарағанда биыл әлдеқайда жеңіл өтетініне сенімдіміз. Өйткені қажылық науқанына 1 миллион адам ғана қатысады.
– 65 жастан асқан адамдар қажылыққа бара алмайтынын айттыңыз. Біздің елімізде қажылыққа баратындардың басым көпшілігі қарт кісілер емес пе еді? Үлкен кісілер тарапынан реніш туындамай ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. Елімізде қажылыққа баруға өтініш жасағандардың көпшілігі 65 жастан асқан азаматтар болып тұр. ҚМДБ биылғы қажылық рәсіміне қызмет етуге үміт білдірген туристік фирмалар арасында арнайы конкурс жариялады. Осы конкурс негізінде 14 туроператорға қажылық орны бөліп берілді. Осы 14 компанияның статистикасын алып қарасақ, бірінше тіркелушілердің 30 пайызы, енді бірінде 40 пайызы, тағы бірінде 45 пайызы 65 жастан асқан қарт кісілер болып шықты. Сауд Арабиясының қойған талабы бойынша ол кісілердің құжатын қабылдау мүмкін болмады. Мұны олар түсіністікпен қабылдады. Себебі екі жыл бойғы пандемия шектеулері халық осыған тәрбиеледі. Өтініш жіберген ата-апаларымыз бәлкім келер жылы шектеуді алып тастар үміттеніп күтіп отыр. Себебі былтыр Сауд Арабиясы шет елдің мұсылмандарын қабылдамай, тек жергілікті тұрғындардан 60 мың адам ғана қажылық парызын өтейтінін айтқан болатын. Алайда биыл белгілі бір шектеулер арқылы шетелдіктерге де жол ашты. Соған қарағанда келер жылы пандемияның ауылы ұзап, қарт кісілерге де рұқсат беріледі деп үміттенеміз.
– Қажылық науқанында қажыларға қызмет көрсететін 14 туристік қалай таңдалды?
– 14 туристік компания конкурс негізінде таңдалды. Жыл сайын Сауд Арабиясы қажылық орындарын бөлгеннен кейін, ҚМДБ ашық конкурс жариялайды. Биыл 20 туроператор қатысып, оның 14-і 2022 жылғы қажылықты ұйымдастыруға қабілетті деп танылды. Қалғанының тиісті құжаты жоқ болып шықты.
– Елімізден қажыға барушылардың рухани дайындығы қалай жүргізіліп жатыр? Барлық өкілдіктерде қажылар орталығы бар ма?
– Елімізде 2700-ден астам мешіт бар. Соның 530-ға жуығында ұстаз, азаншы секілді әлеуеті бар, аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі мешіттер. Осы мешіттердің сауат ашу курстарын жүргізетін ұстаздар қажылық дәрістерін ұйымдастырып, семинарлар өткізіп жатыр. Тіпті кейбір мешіттерде бірнеше деңгейден тұратын арнайы курс өткізілуде. Кез-келген адам өзіне жақын мешітке барып, ұстаздардан арнайы білім алуына болады. Ұлы сапарға ниеттеніп отырған барлық адам қажылықтың шариғи талаптарын біліп барғаны абзал.
– Биыл қажылық нақты қай кезде басталады?
– Биылғы қажылық маусымы маусым-шілде айына тұспа-тұс келіп тұр. Үлкен қажылықтың уақыты 7-12 шілде аралығы деп белгіленді. Қазақстаннан қажыға аттанушылар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы мен Сауд Арабия мемлекетінің Жидда мен Мәдина қалаларына барады. Олар аталған төрт қаладан 28 маусым мен 3 шілде аралығында аттанып, 15-21 шілде аралығында елге оралады.
– Биылғы қажылық сапарының бағасы қанша болды? Қажылық науқаны жақындаған сайын біздің елдегі қажылық бағасы Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдермен салыстырғанда қымбаттау деген пікір айтылады. Бұл неге байланысты?
– Кейінгі кездері құдайды жоққа шығарып, Ислам дініне қарсы шығатын белгілі бір саяси топтар пайда болды. Қажылық бағасын қымбат дейтіндер де сондай саяси топтардың әрекеті шығар деп ойлаймын. Қажылық – шамаға, қаржыға байланысты дүние. Ал ақша жүрген жерде мұндай әңгіме айтылатыны анық. Алайда біз мынаны білуіміз керек: қажылықтың құны емес, оның рухы маңызды. Қажылық құлшылығы, мәдениеті секілді үлкен мәселелер тұрғанда біздің қажылық бағасының айналасынан алыстай алмай қалғанымыз қалай?! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер кімнің жағдайы келсе, оған қажылыққа бару міндет», – деп, оны бес парыздың бірі етті. «Кез-келген адам» деген жоқ, «кімнің жағдайы келсе» деді. Яғни қажылықтың оңай, арзан нәрсе емес екенін Пайғамбарымыздың өзі ескерткен. Біз осыған мән беруіміз керек.
Ал салыстырмалы түрде алғанда еліміздегі қажылық бағасы әлдеқайда арзан. Биыл ҚМДБ бағаны төмендетуге байланысты көптеген амалдар жасады. Олар да оң нәтижесін беріп жатыр.
– Биыл қазақстандықтарды қандай әуе компаниялары тасымалдайды?
– Қажыларды қасиетті сапарға тасымалдауды Сауд Арабия тарапы талап еткен 50/50 қағидасы бойынша отандық «Air Astana» және «SCAT» әуе компаниялары және Сауд Арабиясы тарапынан «FlyNas» әуе компаниясы жүзеге асырады.
– Қажылық ең алдымен парыз амал екені белгілі. Қажылық қабыл болу үшін қажылар неге мән беруі керек?
– Материалдық дайындығынан кейін қажыға барушының ең бірінші міндеті – рухани дайындығы, ниетінің шынайылығы. Сол үшін де мешітте өткізіліп жатқан дәрістерге міндетті түрде бару қажет. Қасиетті сапарға шығатын адам шариғаттың талаптарын біліп барғаны абзал.
Сұхбаттасқан Жанар ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ
«Мұнара» газеті, №12, 2022 жыл