Сұрақ: Жаназаны міндетті түрде бір күнде шығару керек пе? Қанша уақытта шығарған абзал?
Жауап: Өлім – хақ, «қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп атам қазақ айтқандай өлімнен ешкім қашып құтылған емес. Ал енді өлген кісіні – мәйіт немесе марқұм дейміз. Бұл мәселеге қатысты Абдулла ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисын жеткізеді:
«Егер сендерден біреу қайтыс болса, оны кешіктірмеңдер және қабіріне қоюға асығыңдар»,– деген (Табарани).
Марқұмның қайтыс болғанын алыс-жақын ағайын-туысқа, көрші-қолаңға хабар жіберіп, жаназа намазы уақытын белгілеп, жерлеу рәсіміне асығу – мұстахаб. Ол аралықта алыс-жақын ағайындары, балалары мен келіндері, көршілес ауылдағы жолдастары мен достары келіп үлгіреді, жаназа намазына қатысады. Себебі, қаражол мен әуе жолдары дамыған мына заманда алыстағы бала-шаға және жақын ағайын жылдам жету мүмкіндігіне ие.
Мәйітті себепсіз ұзақ ұстау, жерлеуді кешіктіру марқұмға абырой бермейді, оның сауабы да жоқ, керісінше, марқұмға құрметсіздік, әрі сүннетке немқұрайлық. Марқұмды үзірсіз ұзақ ұстағанмен пайда жоқ, денені тезірек жерге тапсырған жөн. Алланың елшісі (с.ғ.с.) келесі хадисінде:
«Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына тезірек жеткізіңдер, ал жаман кісі болса, тозақ иелері бізден алыс болсын» деген (Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи. «Бәдәиъус-Санаиъ»).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
2-3 күн ұстау қазақтарда ғана бар дәстүр сияқты.
Солай сияқты. Мен де байқадым.