Отбасындағы балаларға қарсы және балалардың өз арасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары ұрпақ өсіріп отырған әрбір ата-ананың басты уайымына айналды. Бұл мәселеге қазіргі күні Президенттен бастап барлық жауапты мекеме жіті назар аударып, алдын алудың жолдарын жан-жақты талқыға салып жатыр.
Мемлекет басшысы жуырда көптің аузындағы келеңсіз мәселеге тоқтала келе: «Тағы бір назар аударатын жайт – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек», деген болатын. Қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпей, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын екенін ескерткен Мемлекет басшысы азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құру басты мақсатымыз екендігін айтып келеді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың орын алуына ең алдымен маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік секілді жаман әдеттер себеп болып отырған көрінеді. Жуырда Түркістанда өткен балаларға қатысты зорлық-зомбылық тақырыбындағы дөңгелек үстелде министр Қазақстан қоғамдық даму институтының Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі 2023 жылғы өткізілген жаппай сауалнамасының нәтижесімен бөлісті. «Сауалнамаға қатысқан респонденттердің жартысынан көбі (55,3%) «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі – маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар» деп жауап берген. Сондықтан күрделі мәселелер бір-бірімен жең ұшынан жалғасып жатыр және оны министрлік те жан-жақты зерделеп, өз құзыреті бойынша тиісті шара қабылдап келеді», деді министр. Сондай шаралардың бірі – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолға алынған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 30 күн» акциясы. Министр Дархан Қыдырәлі өткен аптада өзінің Telegram арнасында осы акцияның басталғаны жайында хабардар етті.
Қазақстан қоғамдық даму институты іске асырып жатқан айлық науқаннан қандай нәтиже күтеміз? Әсіресе балаларға қарсы зорлық-зомбылықтардың алдын алу үшін тиімді жобалар қолға алына ма? Аталған институттың Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшы-менеджері Ғалия Байболатованың айтуынша, қазіргі таңда акция аясында өтетін іс-шаралардың жоспары құрылып жатыр. «Әр күні кемінде бір іс-шара өтеді. Олардың қатарында дағдарыс орталықтары мен басқа да қоғамдық орындарда тренингтер, семинарлар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар, Ішкі істер және Мәдениет министрліктері өкілдерінің қатысуымен мәдени-көпшілік іс-шаралар мен қайырымдылық акциялары бар. Әрбір кездесу бойынша БАҚ-та және әлеуметтік желілерде таратуға арналған бейнематериалдар мен брошюралар дайындалады», деді ол.
Институт өкілі дәл осындай бір айлық акциялар әлемнің кейбір мемлекеттерінде сәтті жүзеге асқанын айтады. Зорлық-зомбылықты тоқтатуға бағытталған мұндай бастамалар қоғамда жағымды өзгерістердің орын алуына түрткі болған. «Солардың жұмыстарына қарап отырып, біз де үздік тәжірибелерді өзімізде пайдаланып, өзімізге тән әлеуметтік-мәдени ортамызға лайықтап жүзеге асырамыз», деді Ғалия Байболатова.
«Бүгінгі таңда үйдегі зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларға қарсы әлімжеттік, адамның құқы мен бостандығына нұқсан келтіретін басқа да келеңсіздіктердің көбеюі жанымызға батады. Мұндай жағдайлар бұрын да көп болған шығар. Алайда қазіргі өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған әлеуметтік желілердің арқасында бұл аса өзекті тақырып жиі көтеріліп жүр. Зорлық-зомбылық адамның денесіне ғана жарақатын салып қоймайды, оның ең қауіпті жері – бүкіл өміріне психологиялық дертін қалдыруы. Қоғам үшін зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және экономикалық зардабы үлкен. Одан бөлек, денсаулық сақтау, сот және әлеуметтік қамсыздандыру салаларына ауыр салмақ салып отыр. Мұның алдын алу үшін тегеурінді шараларды қабылдап, тосқауыл қоймаса болмайды», дейді сарапшы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан акцияның мақсаты да қоғам мүшелерінің зорлық-зомбылық жайында хабардарлығын арттыру, әлімжеттікке ұрынбайтын мінез-құлықты қалыптастыру, тиімді стратегияларды іске асыру үшін мүдделі тараптардың басын қосу арқылы алдын алу шараларына жұмылдыру және халыққа зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қолдау көрсету, осындай жайттарға тосқауыл болу үшін қажетті білім мен тәлім беру екенін атап өтті.
«Бұл бастама қоғамдағы зорлық-зомбылық көріністерін жою үшін адамдардың басын қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үндейтін науқан болмақ. Ол өз кезегінде ұжымдық жауапкершілік және қоғам ішіндегі ынтымақты арттырады. Біз зорлыққа ұшыраған адамдарды далада қалдырмай, оған көп болып көмек көрсетіп, қолдау білдіруіміз керек», дейді институт маманы.
Осы тұрғыда біз қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылық жағдайларының себептері мен шешу жолдары жайында мамандардан пікір алған едік. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография саясаты бойынша комиссия мүшесі, «Аналар» кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаидың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда балалардың болашағына қатысты келелі ойларын іске асыру және зорлық-зомбылыққа себепші болып отырған есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Аналар кеңесі тарапынан бірқатар бастама қолға алынған. «Болашақ ұрпағымыз саналы қоғамда өмір сүруі үшін бүгін кең таралып отырған буллинг, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелерін түбегейлі шешу керек. Осы мақсатта біз, Аналар кеңесі, мектеп жүйесіне «Адам құқықтары» пәнін енгізуді ұсынамыз. Ұрпағымыз құқықтық білімді жастайынан бойына сіңіріп, өз құқын қорғай білетін, біреудің құқын бұзбайтын болып өссе, бақытты болады деп сенеміз», деді ол.
Бұдан бөлек, Аналар кеңесі «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорымен бірге «Жасыл сертификат» жобасын өткізіп, «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясымен бірге вейпке қарсы петиция жариялап, 20 мыңнан астам қолдаушының қолын жинапты. «Вейпті шектеу туралы ұсыныстарымыз Мәжілісте қаралып, қолдау тапты. Дегенмен заң жүзінде шектеумен қатар, қоғамдық бақылау жүргізу өте қажет», деген ол азаматтардың барлығын бала өмірі мен болашағына қатер төндіретін әуестіктен сақтандыру үшін қадағалау шараларына қатысуға шақырды.
Ал «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру» ұлттық ғылыми-практикалық институтының жетекші ғылыми қызметкер Аманғали Мұхтаров балалар арасындағы, соның ішінде мектептегі зорлық-зомбылықтың түп-төркіні туралы айтқанда жәбір көрген бала мен жәбір көрсеткен баланың да болашағы бұлыңғыр екенін айтады. Әрине, егер дер кезінде екеуіне де психологиялық көмек көрсетілмесе. «Бұл қазіргі таңда тек елімізде емес, бүкіл әлемде өте өзекті әрі күрделі әлеуметтік мәселе болып тұр. Зерттеулерге сүйенсек, зорлық-зомбылықтың барлық жағдайын, себептерін жан-жақты талдап түсіндіретін теория әлі де жоқ. Алайда оның аяқ астынан пайда бола қалмайтыны да белгілі. Ешкім ата-анадан зорлықшыл болып тумайды. Олай болса, кейбір балалар неге айналасындағыларға, туысқандарына қатыгездік жасайды деген сұрақ туады. Оның әртүрлі себебі бар. Атап айтқанда, тәрбиеде кеткен қателік, нашақорлық пен мaскүнемдік, отбaсындaғы түсініспеушілік, сәтсіз неке, бала психикaсының бұзылуы, әлеуметтік және қaржылық жaғдaй (жұмыссыздық, кедейлік), рухaни және aдaмгершілік тәрбиенің төмен деңгейі, жaзaсыздық, БАҚ-тың әсері секілді факторларды атай аламыз», дейді ол.
Аманғали Мұхтаров мектептегі зорлық-зомбылықты тоқтату үшін мамандарға арналған ұсыныстарын айтып өтті. Олардың қатарында балалар арасындағы қарым-қатынасты зерттеу, олардың жиналатын «құпия жерлерін» бақылауға алу, топтасуға арналған тренингтер өткізу, агрессор балалардың ата-аналарымен жұмыс, қолдау тобын құру секілді бірқатар тиімді кеңес бар. «Мәселен, АҚШ пен Канада педагогикасында Link-Crew (байланыс тобы) жүйесі жұмыс істейді. Оны әлемнің басқа да елдері қолданады, біздің мектептер қолданамыз десе, толық мүмкіндік бар. Ол үшін көшбасшылық қасиеттері жоғары, позитивті және мейірімді, белсенді оқушылар таңдалады. Олардың ішінен кіші балаларға қамқорлық жасайтын команда құрылады. Жалпы, шетелдік тәжірибе демесек, қамқорлық мәселесі халқымыз үшін де, мектептеріміз үшін де жаңалық емес, тек сөз жүзінде қалып қоймаса болды. Осының моделін педагогикалық ұжымның көмегімен психолог жасай алады. Әр басшыға 3-5 көмекші беріледі. Бастықтар күніне кемінде бір рет өз қамқорлығындағы балаларға барып, жағдайын біледі. Орта мектеп оқушылары жақсы бейімделгендіктен, олар кіші балаларға нақты көмек пен қолдау көрсете алады. Күрделі жағдайлар туындай қалса, топты басқаратын психологке жүгінеді. Америкалық сарапшылар балалардың осындай командаға қатысуға қызығушылық танытатынын атап өткен», дейді маман.
Сонымен қатар балалар арасындағы әлімжеттік, зорлық-зомбылық жағдайларынан хабардар болу үшін мектеп ішіне анонимді «сенім жәшігін» орналастыру туралы да ұсыныс айтылған. Жәбір көрген бала ол туралы үлкендерге немесе мұғалімге айтуға ұялатын болса, осындай жәшіктердің көмегіне де жүгіне алады.
Жоғарыда айтып өткендей, психикасы толық жетілмеген баланың қатарластары немесе үлкендер тарапынан зорлық көруінің ауыр салдары – оның өмір бойына сана-сезіміне келтірілген нұқсан екені сөзсіз. Тән жарасы жазылар, ал жан жарасының емі табыла ма? Бұл жайт қоғамнан балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа бейжай қарамай, бірігіп күресуді талап етеді.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ