Осы жұма күні атқарылатын ғибадаттың басқа күндерден сауабы мол. Сондықтан, шынайы мұсылман жұма күннің қадір-қасиетін жақсы біледі, әрі бұл күнді ерекше өткізуге әрекет етеді.
Құран Кәрімде: «Ей, мүминдер! Жұма күнi жұма намазына азан шақырылса, Алланы еске алуға (намазға) асығыңдар да, сауданы тоқтата тұрыңдар. Біле-білсеңдер, сендер үшін осы жақсы» («Жұма» сүресi, 9-аят),– деп бұйырылады.
Жұма намазына барған адам мешіт әдептерін сақтауы тиіс. Яғни, дүние сөзін сөйлемейді, тыныш отырып, имамның уағызын тыңдайды, адамдардың үстiнен аттап өтпейді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жақсылап дәрет алып, жұма намазына барып имамның уағызын тыңдаса, бос сөз сөйлемесе, имам сөйлегенде үндемей тыңдаса, ол адамның екі жұманың арасындағы қате кемшіліктері кешіріледі ол адамның осы жұма мен алдынғы жұма арасындағы күнәлары кешіріледі»,– деп бұйырылған (Муслим мен Тирмизи).
Осыдан байқағанымыздай, Жұма күні мешітке барған адам Имам уағызға шыққанда бос сөздер сөйлемесе, Имамның хұтбасын үндемей тыңдаса жоғарыдағы хадисте айтылғандай мол сауапқа кенеледі екен.