Ислам дінінде тазалықтың орны ерекше болғандықтан, фиқһ кітаптары осы тазалық тақырыбынан бастау алады. Пайғамбарымыз мұсылмандарға ұдайы таза жүруді өсиет ететін. Алайда, пайғамбарымыздың айтқан бұйрықтарының бәрі парыздықты білдіреді ме, әлде уәжіптікті білдіреді ме немесе сауапты істер қатарына жатады ма? Мұны фиқһ ғалымдары осы тақырыпқа қатысты барлық хадистерді жинақтай отырып анықтайды. Сондықтан, фиқһ методологиясында Құран және сүннетке негізделген басты шариғат принциптерінен алынған ережелер бекітілген. «Кез келген бұйрық райында айтылған іс парыздықты білдірмейді» деген қағида осындай негізгі қағидалардың біріне жатады. Енді, осы мәселеге қатысты Имам Ағзамның ең беделді екі шәкіртінің бірі Имам Мұхаммедтің қалай жауап бергенін келтіре кетейік.
Әбу Саид әл-Худри мен Әбу Хұрайрадан келіп жеткен хадистерде әр балиғат жасына толған кісінің жұма күні ғұсыл алуы уәжіп делінген. Тіпті, Әбу Хұрайраның риуаят еткен хадисінде жүнүп болған жағдайдағы секілді ғұсыл алу уәжіп делінген. Бұл хадистерді келтірген имам Мұхаммед: «Жұма күні ғұсыл алу абзал, бірақ, уәжіп емес. Өйткені, бұған қатысты көптеген хадистер бар» деп олардың бірқатарын келтіреді
Хаммад Ибраһим ән-Нәхәиден жұма күні хажамат жасатуға қатысты, айт күндеріндегі ғұсыл алу немесе алмау жайлы сұрағанда ол: «Ғұсыл алсаң жақсы, бірақ, алмасаң да оқасы жоқ» дейді. Сонда Хаммад: «Пайғамбарымыз жұма намазына баратын адам ғұсыл алсын» деген жоқ па?» деп, қайта сұрағанда: «Иә, бірақ ол уәжіптердің қатарынан емес» деп, Құраннан мына «Сауда-саттық жасаған кезде куә әкеліңдер» («Бақара» сүресі, 282-аят) деген аятты келтіріп, «Куә әкелген адам жақсы амал жасаған болады, алайда әкелмесе де күнә жазылмайды. Тағы да Алла тағала Құранда «Жұма намазын оқып болған соң жер бетіне тараңдар», – деген («Жұма» сүресі, 10-аят.). (Саудасын жасау үшін) тараған адамдарға ешқандай күнә жазылмағаны секілді мешітте отырған адамның атына да қандай да бір сын айтылмайды» деп жауап берген (Шәйбәни, Муатта, 46-47.). Сондықтан да, біздің және өзге де мәзһаб ғалымдарының көпшілігінің пікірі бойынша, жоғарыда атап өткен хадистегі бұйрық парыздықты білдірмейді. Ол сүннет болып табылады.