Қазірде елімізде дін саласында беделді еңбек етіп жүрген білікті дінтанушыларымыз бен теологтарымыздың барлығы дерлік осы жолдармен шет елдерде білім алғандар. Алайда, барлығының алған білімдері салт-дәстүрімізбен сабақтас, рухани мүддемізге бағытталған деуге болмайтындығын қазіргі кездегі радикалды, салт-дәстүрге сына қағуға бағытталған өз Отанымыздан шыққан кейбір уағыздаушылардың пікірлерінен көріп жүрміз. Тіпті, мұсылман жамағатын бөле қарап, ел ішіне іріткі салып, әртүрлі теологиялық таластар туындай бастады. Діни жағдайдың күрделенуіне байланысты шет елдердегі дін саласында оқып жүрген көптеген азаматтар елге қайтарылды.

Мәселе мұнымен шешілді деуге болмайды. Өйткені, азаматтардың еркін шет елге шығу құқығына, жекелеген жолдармен жеке оқу орындарында білім алуына түбегейлі тыйым салу мүмкін болмады. Бұдан түсінетініміз, азаматтардың, әсіресе, жастардың діни сауаттылыққа ұмтылысының жоғары болуы, еліміздегі діни білім деңгейінің қанағаттандырмауы басқа жақтан білім іздеуге итермелеуде және бұл діни білімнің бағыттарының өзі әртүрлі сенімдер мен идеологияларға құрылуы мәселені одан әрі күрделендіруде.

Осындай шиеленіскен көзқарастардың алдын алу және болашақ діни-рухани бағдарымызды айқындау, бірегейлігін сақтау қажеттілігі туындаған кезеңде ҚМДБ тарапынан 2020 жылға дейінгі діни білім беруді дамыту тұжырымдамасының қабылдануы құптарлық қана жәйт емес, куантарлық жағдай. Оның үстіне, қазірге дейінгі елімізде жүргізіліп келген медреселер мен діни білім беру орталықтары таза діни бағытта болып келсе, бұдан былай мамандардың бойына діни білім беру және ғылым компоненттерін барынша үйлестірген, бакалавр, магистратура мен докторантураның (PhD) бағдарламалары арқылы, діни білім мен зайырлы ғылымның нақты ықпалдасуына негізделген ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа моделі іске асырылмақ. Сондықтан діни білім беру жауапкершілігін сезіне отырып, оның үстіне зайырлы біліммен де қаруланған дін білгірлері мен мамандарын даярлау еліміздің руханиятына қосар үлесі орасан болмақ.

Енді, осы қолға алынған бастаманың толыққанды жүзеге асуына алғашқы тетіктер де қарастырыла бастағандай. Ол – медреселердің колледж деңгейіне көтерілуі және Ханафи бағытында терең діни білім бере алатын мамандардың да қалыптаса бастағандығы. Осы үрдістің дамып, бұрынғы зиялылар мен дін ғалымдарын даярлаған медреселердің қызметін қазіргі заманға сай толық жабдықталған діни білім беру мекемелері атқаратындығына сеніміміз зор. Тек Алла тағала бастаған іске сәттілік берсін деп тілейік!

Кеңшілік ТЫШХАН,

дінтанушы, ф.ғ.к., доцент

 

Пікір жазу