– Зәуреш Ғалымжанқызы, сіз саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттейтін арнайы комиссияның құрамында екенсіз. Қазіргі таңда қандай зерттеулерді жүзеге асырып жатырсыздар?
– Мен тарих ғылымдарының профессорымын. Аталған мәселе кеңес өкіметі кезеңімен байланысты. Соның ішінде мен әлеуметтік және экономикалық мәселелермен айналысамын. 2020 жылы құрылған комиссияның құрамына кеңесші ретінде жұмыс тобына шақырды. Онда саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттейтін арнайы ғалымдарға арналған топ болды. 2020 жылғы Президент Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қажеттігі жөніндегі жарлығы болатын. Әрине мен келістім, себебі бұл әр азаматтың борышы деп есептеймін. Сол кезеңде ақталмай қалғандар көп болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жарты ғасыр бойы жүзеге асырылып келеді. Айтқым келгені, мен ГУЛАГ лагеріндегі қазақстандық тұтқындарды, яғни саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды оңалту бойынша жұмыс жасадым. Үш жыл бойы мен осы тақырыпты белсенді түрде зерттеп келемін. Біз қазақстандық және ресейлік архивтерде де жұмыс жасадық.
– Қазақстанда бұл мәселелермен кімдер айналысқан?
– Қазақстанда бұл мәселемен толыққанды ешкім айналыспаған. Бұл өте қиын тақырып. Қазақстандық лагерлердің санына әртүрлі баға беретін зерттеушілер бар. Қазақстан бұл туралы неге білмейді деп менен жиі сұрайды. Ол Қазақстан ғана білген жоқ деген сөз емес. Кеңес өкіметі кезінде 1930-60 жылдар арасында ГУЛАГ пайда болғанда республикаға бағыну болмаған.
– Сонда олар кімге бағынған?
– Барлығы Мәскеуде ГУЛАГ-қа бағынған. Онда теміржол, құрылыс түрлі салалар болды. Совет одағына бағыну болғандықтан, Қазақстанда материалдар қалмады. Тарих ғылымдарының докторы Дильманов саяси қуғын-сүргін құрбандары жатқан түрлі бөлімдерге қатысты 60-қа жуық лагерлер мен колонияларды атайды. Манаш Қозыбаев тарих ғылымдарының докторы, академик ол 27 лагер болғандығын айтады. Карлак-тың бірінші зерттеушілерінің бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Шаймұханов 25 түрін атайды. Бүгінгі күні Ресей жинағындағы мұрағат материалдарына сүйенсек, Қазақстанда нақты 22 лагер болғандығы жазылған. Тіпті бұл жинақта 90-шы жылдардағы бүкіл одақ бойынша жұмыс лагерлерінің 497 түрі бар болған. Ал авторлар бұл толық, нақты мәлімет емес екендігін жазады. Дильманов, Қозыбаев, Шаймұханов берген мәліметтердің сілтемесі жоқ. Олар мәліметтерді алған көздерін көрсетпеген. Ал біз 1998 жылы шыққан архив жүйесіне 22 лагердің сілтемесі көрсетілген ақпаратты жібердік.
– Сол лагерлерде жатқан жазықсыз құнбандар қазіргі таңда бәрі ақталды ма?
– Үлкен аспектілер бірінші кезекте толық ақтаумен, құпия құжаттармен байланысты. Егер Ресейде архивтік құжаттар 90-шы жылдары басталса, бізде қазір архивтік революция жүріп жатыр. Ондаған емес жүздеген құпия құжаттар тексерілуде. Жабық архивтер ашылды. Екіншіден – ведомстволық және кәсіподақтық бағыну. Сондықтан Алматыдағы орталық мемлекеттік архивке немесе ҚР Президенттік архивіне барып жүйеленген мәліметтер табу мүмкін емес. Олар облыстар бойынша бөлінген. Осы уақытқа дейін Қарағанды облысында 7 лагерь болған. Кейбір лагерлер 3-4 ай ғана өмір сүрген. Қазақстаннан Ресейге одан кейін қайта қалпына келтірілген лагерлер болған. Біздің орталық Қазақстанда толық зерттелген лагерлердің бірі – біз қазір тұрған Қарағанды жұмыс тобының бірегей лагері. Зерттеу бойынша осы лагерден 1 миллионға жуық адам өтті.
– Зәуреш Ғалымжанқызы, тұтқындарды қандай себептермен ұстады?
– Лагерлерде, сондай-ақ КарЛаг-та қылмыстық және саяси тұтқындар болған. Саяси тұтқындардың бір артықшылығы – олар 58-бап контрреволюциялық қылмыс бойынша отырған. 58-бап мемлекетке қарсы, 59-шы басқармаға қарсы т.б. Осы баптар бойынша сотталғандар – саяси қуғын-сүргін құрбандары. Қазіргі мәселе – осы адамдарды ақтау. Бұл өте ұзақ уақытты қажет етеді, себебі кеңес кезеңі 70 жылға созылған. Біз өз зерттеуімді сондықтан 5 кезеңге бөлдік. Бірінші кезең – Хрущевтық 10 жылдық, яғни КСРО кезеңінде жарты миллион адам ақталса, ал қазақтар арасында 7 мыңнан ғана асады. Екінші кезең де Кеңес өкіметі кезінде, 1989-90 жылдары болды. Осы кезде жаппай құрбандарды ақтау жүріп жатты, бірақ Қазақстанда ондай көп болмады. Көбінесе ұрпақтары іздеп келгендерді ақтады. Олардың қатарында қазақтар болған жоқ. Неміс, орыс, украин ұрпақтары прокуратураға ақтап алу жөнінде жеке хаттар жолдап жатқан. Ал негізгі 3 кезең ол Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан басталды. Өздеріңізге белгілі 1993 жылы саяси қуғын-сүргіндерді ақтау туралы жарлық шықты. Қазіргі кезеңде барлық құрбандарды жаппай ақтау туралы мәселе тұр. Ал депортацияланған адамдар толық жүз пайыз ақталды. Басқа баптар бойынша сотталғандың ісі өте қиын өтті. Мұнда бірнеше мәселелерді ескерген жөн. Зерттеушілер барлық істерді зерттейді, бірақ бұл заңгерлердің де жұмысы. Олар мұрағаттағы істер бойынша түбегейлі адам ақтауға жатады ма, жатпайды ма соны тексеру керек.
– Қазір заңгерлер бұл істерді тексеруді бастады ма? Жалпы саясаттың құрбанына айналғандар қаншалықты көп болды?
– Әрине, 2 жыл бойы барлығы осы мәселені зерттеуде. Көбінесе қылмыстық істер көп болды. Әртүрлі уақытта, әртүрлі кезеңде айтарлықтай көп. 1937-38 жылдар үлкен террор болған кезде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың сандық пайызы өте жоғары болды. Оған қоса 58-59-шы бап бойынша отырған саяси тұтқындардың істерін комиисия құрамында жұмыс істейтін заңгерлер тексеріп жатыр. Бұл өте маңызды процесс.
– Жазықсыз құрбандардың барлығын ақтау қаншалықты ұзақ болады?
– Сіз қалай ойлайсыз, 70 жыл бойы Кеңес үкіметі өмір сүрсе, 1917-18 жылдары қызыл террор басталғаннан бастап қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау үшін қанша уақыт керек? Бұл процесс ұзақ уақытты талап етеді. Комиссияның жұмыс жасап жатқанына 3 жыл ғана өтті, бұл мәселені көтеріп, толық зерттеу үшін әлі көп жылдар қажет. Бұл бірнеше жылдың ішінде шешіле салатын мәселе емес. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, қорқынышты тоталитарлық жүйенің істерін анықтау үлкен процесс. Бұндай жұмыстарды асығыс істеуге болмайды. Менің ойымша, бұл мәселемен тек тарихшылар емес журналистер де, заңгерлер де, тіпті барлық халық көңіл бөлуі керек. Қоғамның қатысуынсыз, жастардың қызығушылық танытпауынсыз демократиялық мемлекет құру мүмкін емес деп ойлаймын. Ал қоғам бұндай жазықсыздардың ісі бірден ақталса екен деп ойлайды, бірақ 70 жыл бойы болған мәселені екі-үш жылда шешуге болмайды. Ондай ойдан арылуымыз керек. Бұл процесс жүйелі және ғылыми жолмен зерттелу керек.
– Маңызды ақпарат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен – Балжан ӘБДІРАШ