Әсілі, Захирия мәзһабының бастауында Хашабия ағымы тұр. Өкінішке қарай біздің қолымызда Хашабия туралы бірді-екілі там-тұм дерек болмаса, терең мәлімет жоқ. Атақты ибн Рушт өз шығармаларының бірінде: «Хашабия мазхабы Алланың барлығын тануда ақыл ешқандай бір жол бола алмайды. Себебі, Хашабия өкілдері; «Хақты тануға тек «насс» (Құран мен Сүннет) қана негіз бола алады. «Насспен» ғана Аллаһқа иман келтіре аламыз. Иман мәселесіндегі Ұлы Жаратушы, ақырет мәселелерін тек «насс» қайнар-көзінен ғана білуге болады. Бұл мәселелерде ақылдың ешбір ролі жоқ» деген пікірді ұстанғанын айта келіп, «Барлық мәселені «захирмен» (формамен) шешкісі келген Хашабияның ұстанған жолында Аллаһтың барлығын білуде, шариғаттың мақсатын ұғынуда кемшіліктер бар. Шариғаттың мәнін ұғынуда Хашабияның бар түсінігі осындай», деп сынға алған. Мысырлық Әбул Вепа әл-Тафтазани Хашабияның ұстанымын Захирия мазхабының жалғастырғанын сөз етеді. Захирия мазхабын Давут б. Али әл-Исфахани әл-Захири (ө.ж. 892) негізін қалаған. Бірақ, Захирия мәзһабын одан арықарай дамытушы Испания мұсылмандарының атақты реформаторы ибн Хазм болып табылады. Негізінен фикһтық мәзһаб саналатын Захирия сенімдік мәселелерде жоғарыда айтылған Хашабияның көзқарасын жақтады. Бұл екі тұлғаның пікірінше ең алғаш рет ақылды қолданған Ібіліс болатын. Ібіліс ақылын қолданамын деп, жаннаттан қуылған. Сондықтан, мұсылмандарға ақылды қолдануға болмайды деп білді. Давут б. Али әл-Исфахани алғашқыда Бағдаттың хадисші ғалымдарынан, кейін Нишапурдағы хадисші ғалымдардан дәріс алады. Оның хадисті зерттеуге терең мән беруінің соңы өзінің дербес фикһтық мазхап құруына әкеп соқты. Мұхамед Әбу Захра Давуттың фикһтық және каламдық мәселелерде тек қана нассқа мән беруіне Имам Шафийдің ықпалы болғандығын айтады. Себебі, Имам Шафий пәтуа мәселесінде негізінен нассқа арқа сүйейтін. Бірақ, Давут пәтуа мәселесінде нассқа жүгінуде Имам Шафийден ары өтіп, насстың тысында ешқандай бір ілім жоқ деп білді. Сондықтан, Давут пәтуа мәселесінде Құран мен Сүннет және Ижмадан өзге қияс, истихсан, истислах, сәдди-зария, урф үкімдерін жоққа шығарды. Захирия өкілдері тек истисхаб (бір үкімді жоққа шығаратын дәлел табылғанға дейін, бұрынғы үкім сақталады) үкімін ғана қабылдады. Олар, истисхаб үкімдерін терістемеуіне Құранның «Жер мен көкте не бар болса, сіздер үшін жаратқан» (Бақара, 2/29) деген аятын негізге алды. Давутқа кейбір адамдар: «Шафий қиясты мойындағанда, сен неге қиясты мойындамайсың?» деп сұрайды. Ол: «Мен Шафийдің истихсанды қабылдамаған дәлелдерін қиясқа салғанымда, қияста негізсіз болып шықты» деп жауап береді. Захирие мазхабын дамытушы Ибн Хазм (1006-1078) Испанияның Кордова шығысында дүниеге келіп, жастық шағында осындағы ілім орталықтарында біліммен сусындаған. Әкесі Кордова мемлекетінің мансаптыларының бірі болғандықтан, ол жас шағын тек білім алуға жұмсайды. Алайда, ибн Хазм он бес жасқа толғанда Кордова тағына отырған Омаяттардың жаңа билеушісі Хишам әл-Муеийдтің кезінде әкесі қудаланып, көп ұзамай қайтыс болады. Ибн Хазм отбасымен Кордовадан Мәрияға қоныс аударады. Ол бұдан кейін фикһ мәселелерімен шұғылданады. Алғашқыда Малики, одан кейін Шафий, бір уақыттары Ханафи өкілдерінен білім алады. Ол осы мазхаптардың ішінде Шафий мазхабын жақтайды. Бірақ, кейіннен бұл мазхаптардың барлығынан бас тартып, Давут негізін қалаған Захирия мазхабын дамытуды қолға алады. Ибн Хазм негізінен фикһ саласының өкілі болғанмен, ол сенімдік мәселелерде Давут секілді ақылды жоққа шығарды. Ибн Хазм сенімдік мәселелерде тек Құран мен Сүннетке ғана арқа сүйеу керектігін алға тартты. Ол, өлгеннен кейін, Испаниядағы саяси жағдайға байланысты, оның шәкірттері дүниенің төрт бұрышына тарап кетеді. Захирия мазхабын белгілі бір саяси күштер қолдамағандықтан, бұл мазхап XIII-XIV ғасырларда Мысыр, Солтүстік Африка, Испанияның әр жерінен бой көрсетіп жүрді. Бірақ, Захирия мазхабы Ислам әлемінде кең көлемде қанат жая алмады. Қазір захирилер секілді «тек Құран мен Сүннетті ұстану керек» деп білетін, сондай-ақ, үкімдердің тек сыртқы мағынасын негізге алатын мұсылмандар болғанымен, «Захирия мәзһабын ұстанамыз» дейтін шоғыр жоқ.