Жалпы, адам қатынастарының даму тарихы белгілі бір әлеуметтік күштердің радикалды экстремистік идеялардың қоғамдағы барлық салаларына енуге және осы қатынастардың әрқайсысында экстремизмнің нақты көрініс табу формасы мен шиеленісу деңгейіне дейін көтеріле алатынын көрсетіп отыр. Осы ретте, экстремизмнің табиғатына, қолданатын әдіс-тәсілдеріне байыппен қарай отырып, қоғамда туындайтын әлеуметтік қайшылықтарды шешуге мүмкін екенін көруге болады.
Шағын мақала барысында, экстремизм ұғымына көл-көсір анықтама беруге ұмтылмай-ақ, оның біржақты көзқарастар мен әрекеттерді ұстануды білдіретіндігін айта кеткен жөн. Сондай-ақ оның көріністері:
- экономикалық қатынастар саласындағы экстремизм ұйымдасқан қылмыстың заңды кеңістіктегі экономикаға ықпал етуге ұмтылуынан,
- мәдениет саласындағы экстремизм зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен өшпенділікті насихаттаудан,
- ұлттық игілік болып табылатын тарихи ескерткіштер мен бұйымдарды жоюдан және азаматтарды тәрбиелеу процесіне кері әсер ететін басқа да теріс әрекеттерден,
- ұлтаралық қатынастар саласындағы экстремизм қоғамдағы этникалық топтар арасында өшпенділік пен жек көрушілікті қоздыру мен қарулы қақтығыстардан,
- нақты елде өмір сүріп отырған басқа халықтарға қатынаста қысым көрсетуді жүргізуден,
- діни саладағы экстремизм басқа дінді ұстанатын адамдарға қатынаста төзімсіздікті өршітуден көрініс табады.
Жоғарыда қарастырылып отырған белгілерден:
Экстремизмге әлеуметтік қатынас субъектілерінің қоғамдағы белгілі бір салаларында өз мақсаттарына қол жеткізу мақсатында тым біржақты радикалдық көзқарастар мен іс-әрекеттерді қолдануы деп анықтама беруге болады.
Осы тұрғыдан алғанда қоғамның нақты бір салаларында орныққан шынайылықты қабылдамайтын, өз ұстанымдарын әрекетке көшірген адамдар мен топтардың өз мақсаттарына қол жеткізу жолында күш көрсету әдістеріне бейімділігі экстремизмді анықтауда маңызды орын алады.
Елімізде экстремистік іс-әрекетке құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыда қарсы тұрудың негіздері айқындалған Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 1-бабында экстремистік іс-әрекеттердің (экстремизм) мынадай ұғымдары берілген:
- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын, егемендігін күшпен өзгерту, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзу, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, өкіметті күшпен басып алу немесе өкіметті күшпен ұстап тұру, заңсыз әскерилендірілген құрылымдарды құру, оған басшылық жасау және қатысу, қарулы бүлік ұйымдастыру және оған қатысу, әлеуметтік, тектік-топтық алауыздықты қоздыру (саяси экстремизм);
- Нәсілдік, ұлттық және рулық алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру (ұлттық экстремизм);
- Діни өшпенділікті немесе алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немеес құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез-келген діни практиканы қолдануды (діни экстремизді) көздейтін іс-әрекет ұйымдастыру және (немесе) жасау.
Тақырып экстремизмнің құқықтық саладағы көрінісі туралы болмағандықтан, оның діни салада көрініс беру мәселесін қарастырайық. Осы орайда діни экстремизм мәселесі бұл құбылыспен қатар көрінетін діни фанатизм, догматизм, фундаментализм, радикализм және терроризм ұғымдарымен тығыз және өзара байланыста көрініс табатындығын ескеру қажет.
Қазіргі таңда ислам радикализм немесе ислам дінін ұстанушыларға тән фундаментализм мәселесі жиі қозғалатынын, көп жағдайда, қазіргі әлемде діни себептерден орын алатын лаңкестік оқиғаларда ислам дінінің атынан және осы дінді ұстанушылар тарапынан жасалатын шетін әрекеттермен байланыста көрініс тауып отырғанымен түсіндіруге болады.
Жалпы, қазіргі әлем исламындағы діни радикализммен байланыста көрінетін шеткері идеялар мен әрекеттерді түсінуде діннің ішкі қабаттарына үңілген жөн. Әрине, мұны ислам дінінің тарихи сахнаға шыққан кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта туындаған бөлінушіліктерді терең ой елегінен өткізіп, радикализмнің діни астарын заманауи үдерістермен байланыста қараумен айналысып жүрген ғалымдардың еңбегінсіз іске асыру мүмкін емес.
Десек те, осы жерде ислам дінінің атынан жасалатын лаңкестік әрекеттерді қазіргі әлемдегі, жаһандық саясаттағы үлкен ойыншылардың әділетсіздігімен, мұсылман елдерінің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуындағы салыстырмалы тұрғыдағы артта қалушылығымен немесе ислам дінінің мұндай әрекеттерге еш қатысы жоқ бейбіт дін екенін алға тартатын үйреншікті дәйектермен түсіндірудің мүмкін еместігін де ескеру керек. Бұл, қысқа айтқанда, діни радикализмге, экстремизм мен осыдан туындайтын террористік әрекеттерге тым оңай қарағандық болған болар еді.
Өйткені, бүгінгі қоғамдық ортада көрініс тауып отырған исламдағы радикализм идеялары кеше-бүгін пайда болған құбылыс емес, керісінше оны ислам дінінің даму тарихының бастапқы кезеңінде туындаған және циклдық тұрғыдан қайталанып отыратын құбылыс деуге болады.
Яғни, нақты тарихи жағдайларда мұсылман қоғамында қалыптасқан әртүрлі мүдделі топтардың, әулеттердің, аймақтардың, ағымдар мен партиялардың арасындағы араздықтар мен бөлінушіліктер, көп жағдайда, діни мәселелерден емес саяси, әлеуметтік, экономикалық мүдделерден туындағанын айтуға болады.
Сәйкесінше, ислам әлемін құрайтын елдердің қоғамдық алаңындағы бұрыннан бар діни, саяси, құқықтық, әлеуметтік және басқа да мүдделердің үздіксіз қақтығысы бүгінгі таңда радикализмге, экстремизм мен тероризмге сеп болатын алғышарттарды тудырып отыр деуге болады.
Демек, исламдағы радикализм мәселесі көп жағдайда діннің ішіндегі әртүрлі бағыттар мен ағымдарға бөлінушіктен туындайтынын түсіну оның қазіргі күндегі идеологиялық және саяси көрініс беру заңдылығын түсінуге мүмкіндік береді.
Осы орайда, Қазақстанның конституцияға сәйкес зайырлы мемлекет болып табылатыны бізге діннің ішкі мәселелеріне дендей енуден сақтандыратын маңызды өлшем екенін түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда біздің қоғамымызда да ислам тарихында пайда болған діни айтыс-тартыстар бой көтеріп, бұл үрдіс ультраконсервативтік исламдық ағымдардың демократия мен зайырлылық идеяларын мойындамайтын риторикасынан көрініс табуда.
Әрине, бұл өте қауіпті құбылыс. Егер заманауи дамуды басшылыққа алған зайырлы мемлекет тарапынан дінді біржақты түсінетін теріс діни ағымдардың идеяларын ешқашан мойындалмайтыны туралы анық ұстаным болмаған жағдайда немесе ол өте әлсіз көрініс тапқан жағдайда, мәселе ушыға түседі. Бұған алысқа бармай-ақ ислам кеңістігінде жатқан бірқатар елдердің бүгінгі тарихы дәлел бола алады.
Сондықтан зайырлы мемлекеттерге қоғамның бірлігі мен тұтастығына қауіп түсіретін деструктивті діни идеяларға тойтарыс беруден басқа жол жоқ.
Мейрам Өткелбайұлы,
Мәдениеттанушы