Басы алдыңғы материалда…

Әлқисса, (Әзірейілдің Адамды жасауға жерден алып келген топырағын Алла Тағала) ол топырақты Мекке менен Тайифтің арасындағы Дахна атты жерге қойды. Ол топыраққа Байт-ул ахиран дариясының суынан бірі кем қырық жыл жаңбыр жауды. Бір жыл шаттық жаңбыры жауды. Осы себепті адам перзентінде бейнет пен қайғы көп, қуаныш, шаттық аз.

Қырық жылдан соң ол топырақ балшық болды. Одан кейін Хақ Тағала хазірет Адамның кейіп бейнесін (денесін) жасауға өзі мүсіншілік етті. Қырық таң бойы ол балшықты іске қосты. Қырық таң дегеніміз бұл – ғаламның мың жылы. Бірде-бір мақұлықты бұл іске араластырмады. Құдірет қолымен өзі жаратты.

Бұл жолдар Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» кітабының «Жер бетінен топырақ алу тарихы» бөлімінде жарияланған. Яғни, мұнда адамның көп мақұлықаттың бірі емес, Тәңірінің тікелей назарымен сомдалғаны ишараланған. Ал ғалымның оны XIV ғасырдың ескерткіші – Рабғузидің «Қисас-ул анбийа» атты кітабынан аударып бергенін айрықша айта кеткен жөн.

Бұл жерден біз нені көреміз?

Біріншіден, осыдан үш ғасыр бұрын «адам – ғаламдағы ең мінсіз тіршілік иесі, эволюцияның тәжі, демек – дүниенің қожасы» деп жариялаған жаңа заман философиясындағы тұжырымның діни-экзистенциялық та негізі барлығын пайымдаймыз.

Екіншіден, адамның топырақтан жаралғанын және де анау-мынау емес ең кемел жаратылыс болғанын ұғамыз.

Дәл осы тұста адамзаттың арғы атасы – Адам ата туралы дерек бермей кетпеуге де болмайды. «Адам» делінетін алғашқы ақылды жан иесі Ибраһимдік діндердің ескі киелі кітаптарында адамаһтан, яғни «adamah» – қазақшалағанда «топырақтан» жаратылды деп келеді. Осы орайда «адам» сөзінің ежелден есімдік ретінде жалпы адам баласының нәсілдік ұғымы ретінде айтылып келе жатқанын ескерсек керек-ті. Сонда бүгінгі өркениетке өң берген «адамзат» дегеніміздің өзі этимологиясы жағынан «топырақзат» болып шықты.

Ғаламды айнытпай бейнелейтін айна, мидың түсі немесе адамның бет-бейнесі неге әралуан?

Қош, сонымен, Б.Сағындықұлының аталып өткен кітабындағы қасиетті қиссалық тәмсілді кіріспеде келтірілген жерінен әрі қарай қаз-қалпында жалғастырсақ. Мархабат:

«(Алла) Жебірейіл алайһи с-саламға әмір етті: «Біздің жақсы лебіз, махаббатымыз, мейірімділік, қайырымдылығымыз желінен самал әкел». Исрафилге: «Сен пәк рахметіміз суынан су әкел». Мекайілге: «Сен бәле мен апат көрігінен от әкел», – деді.

Әлқисса, әрқайсысы бұйырылған нәрселерді әкелді. Олардың барлығын әлгі балшыққа араластырды. Әр түрлі реңді топырақты даяр етті. Осы себепті әрбір бөлек рең, бөлек сурет болды. Және де бөлек мінез, бөлек құлыққа негіз болып қаланды. Адамды, ғаламды айнытпай бейнелейтін айна етіп жасады. Көздің жауын алғандай сұлу, жап-жас, жайнаған гүл шоғы сияқты кемеліне келген, түпкі тек етті. Жер бетіне қойды. Аспан халқының баршасы адамға қызметші болды. Қараңғы әлем жарық болсын деп, осылайша жиһанды арайландырған күнді шырақ қылып берді.

Адамзаттың денесінде Алла Тағала төрт түрлі зат пайда етті. Бірі – ақыл, бірі – рух, бірі – нәпсі, бірі – көңіл. Олардың әрқайсысын әр нәрседен алды. Көңілді судан алды, сол себепті, ол – тап-таза, мөп-мөлдір, құпия және жария жаһанның айнасы. Рухты самал желден алды, оны құпиялап, өзіне бенделік жасауға қойды. Ақылды топырақтан алды, осы себепті, топырақ қандай реңде болса, ми да сондай реңде болады. Ақыл не нәрсе үйретсе, үйренеді. Нәпсіні оттан алды. Осы себепті кімде-кім нәпсінің жалынына түссе, оны машақат, әурешілік айналдырады, ақырында жазаға кіріптар болғанын білмей қалады.

Әлқисса, адамның әрбір ағза мүшелерін бір-бірінен бөлек суретте жаратты және әрқайсысын бөлек қызметке қойды. Мысалға, көз Алла Тағаланың жаратқандарын көруге, құлақ Құдай Тағаланың қасиетті есімдерін естуге, мұрын хазірет Алланың махаббатпен өмірге келтірген заттарының хош иісін иіскеуге, тіл Құдай Тағаланы еске алып, зікір айтуға, қол Құдай Тағаланың ісін істеуге, аяқ Құдай Тағаланың жолымен жүруге, маңдай сәжде жасауға, арқа шариғаттың жүгін көтеруге арналған еді. Әрқайсысы бір іске бұйырылды, әрқайсысы өз ісін атқаруға тиіс болды. Бірінің ісін бірі атқара алмайтын етіп мүсіндеді («Ғаламның ғажайып сырлары» Алматы, 1997. 240-243 бб.)».

Ібілістің өзін артық санауының себебі немесе сұқ саусақты адамға қарата неге шошайтуға болмайды?

«Ұлық Алла Адамды топырақтан жаратып, барлық мақұлыққа орынбасарын тамашалауды бұйырды» деп тарқатады «Әлдиден эпосқа дейін» кітабы авторлары. Ол кітаптың желісі бойынша періштелер осыдан кейін жиналып, адамды айналып қарап көреді. Сол кезде Ібіліс «лып» етіп адамның мұрнынан кіріп, оның бүкіл дене-мүшесін, ағзаларын, қан тамырын аралап қайта шықты дейді.

Ол періштелерге:

– Бұл мақұлық ұлық Аллаға орынбасар болуға лайық емес, – депті.

– Неге? – деп сұрайды періштелер.

– Себебі, бұның тәні ас-ауқатқа, ұйқыға, қызық-рақатқа, тәуелді. Тез шаршап, тез қартаяды. Суыққа тоңғақ, ыстыққа қаталағыш. Қарны ашып, ұйқы қысқанда жыртқышқа айналады. Одан бөлек, көңілі атақ-даңқ, мансап-билікке тез мас болады екен. Жылтыраққа көрсеқызар, дүние-мүлікке тойымсыз. Әйелге шыдамсыз. Құмарлығын қандыру үшін күнә жасап, қылмысқа тез ұрынады. Шектен шыққанда қан төгіп, соғыс ашады. Мұның бізден артық жерін байқамадым. Тек түсініксіз бір нәрсе бар, – деген екен Ібіліс. Періштелер:

– Ол не? – деп тағы сұрайды. Ібіліс:

– Кеудесінің сол жақ тұсында жұдырықтай жүрегі бар. Сол жүрекке кіре алмадым. Ішінде не бары белгісіз. Құпиясын бір Алла өзі біледі, – десе керек.

Осыдан соң күллі періште Құдайға арыз айтып, жалынады. (…) Сол кезде Ұлық Алла:

– Сендер менің білгенімді білмейсіңдер. Оны қандай хикметпен жаратқанымды Ұлы жаратушы – Өзім ғана білемін. Сендер білгіш болсаңдар, мына заттардың сырын ашып, табиғатын түсіндіріп беріңдер, – деп ғайыптан бір әлем шығарады. Бұрын-соңды білмейтін беймәлім әлемді көргенде періштелер ауыздарына құм құйылып, тосылып қалады. Сол кезде Құдай тағала Адамның тәніне өзінен рух деген затты үрлеп, жүрек көзін ашады.

– Қане, орынбасарым, мына заттардың атын атап, түсін түсте! Ғылымыңды паш ет! – деп Адамға әмір береді. Жүрек көзі ашылған Адам іркілместен табиғаттың бүкіл ғылымын жайып салды. Періштелер Адамның ғылымына қайран қалады. Сосын Құдай:

– Енді менің орынбасарыма сәжде жасап, оған құрмет көрсетіңдер! – деп әмір етеді. Ілім-білім сайысында Адамнан жеңіліп, пұшайман болған періштелер жапа-тармағай сәждеге бас қояды. Адамнан мін іздеп, Алланың шеберлігіне шәк келтірген Ібіліс қана іркіліп қалады. (..)

– Әй, Ібіліс, сен неге менің әмірімді орындамайсың, – дегенде, Ібіліс:

– Ол топырақтан, мен оттан жаралдым. Мен одан артықпын, – деген көрінеді. Сол кезде Ұлық Алла қаһарланып:

– Шық менің дәргейімнен, – дейді. Ұлық Алла Ібілісті шығарып тастауды Жебірейілге тапсырады. Сол кезде Жебірейіл сұқ саусағын қадап тұрып:

– Мына малғұнның мойнына қарғыс қамытын кигізіңдер, – деп періштелерге бұйырады. Жебірейілдің сұқ сауғағы Ібілістің жүзіне тігінен қадалғанда оның барлық бұрынғы періште сипаты ағып түскен екен. (…) Періштелер оны тырп еткізбей ұстайды да мойнына қарғыс қамытын қинап кигізеді. (…) Осыдан бастап, «сұқ саусақты адамға қарата шошайтуға болмайды» деген тыйым қалады. Куә болып қарап тұрған періштелер шүкіршілік етіп, екінші мәрте сәждеге бас қойыпты. Осылайша, намазда екі рәкат сәжде жасау періштелер сүндеті екен.

(Ықшамдалған нұсқа. Әлдиден эпосқа дейін. Алматы: «Орхон» Баспа үйі. – 2013. 193-194 бб.)

Қорытынды орнына немесе «Адам ата қай топырақтан жаратылды?»

Дәл осы сауалға да қазақ халқының діни танымы «Мың сұрақ» айтқан Мәлике қызбен жауаптасқан Әбілданың аузымен жауап бергендей көрінеді. Тіптен, бұл мәселеге географиялық идентификация тұрғысынан келген бе дейміз.

Өз кезегінде Әбілда: «Адамның бет-әлпетін Меккенің топырағынан жаратты. Сол себепті иманға ұйыған адам Меккеге қарап бет түзеп, құлшылық ету парыз болды. Бір қолын батыстың, бір қолын шығыстың топырағынан жаратты. Сол себепті адам баласы қалаған тарапынан ұнатқан бұйымына қол жеткізе алады. Екі аяғын мәңгі тоң қатып жататын солтүстік тараптың топырағынан мүсіндепті. Адам аяғының мықты әрі суық болатыны содан қалыпты. Бағдат пен Шамның топырағынан кіндік пен қарын тұсын пошымдады. Сондықтан Бағдат пен Шам ілім-білімнің ошағына айналды. Адамның кеудесін таудың топырағынан жаратты. Тәкаппарлыққа ұрынғанда көкіректің көтеріліп кететіні содан екен. Ал арқа балшығы сахараның шағыл құмынан иленді. Адамның жон арқасы өте төзімді болыпты. Білегін Тұран даласының топырағынан жаратты. Сол себепті білекке қайрат пен күш молынан дарыды» деген, дейді халықтық діни фольклор.

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, топырақтекті ретінде адамзат физикалық болмысы жағынан жердің де перзенті іспетті. «Жер шарының өнімі» десек те болғандай. Сондықтан да тек топырақтан өніп шығатын тамақты ғана азық етеміз. Ал періштелердің жасалған материалы басқа болғандықтан, яғни әсілі нұри болуы себепті, үздіксіз жад ету арқылы Алланың көркем есімдерін ғана қорек қыла алатын көрінеді.

Діни сенімге сәйкес адам да Жаратқанның аттарын қайталап айта берсе, жүрегі нұрға толып, періште сипатқа ауысуы мүмкін делінеді. Былайша айтқанда ғайыптық өсу потенциалымыз зор. Бұл орайда «Топырақ» атты өлеңі арқылы осынау транцедентті табиғатымызды жырға қосқан ақын қандасымыз, әрі замандасымыз Бауыржан Қарағызұлынан асырып айта да алмаспыз. Сөзіміздің түйіні осы ғазал болсын:

Қара тәнім – қара топырақ кәдімгі,
Қаһарман қазақи Рухыма оранған…
…Ғаламның Раббысы – Рахымды Алланың,
«БОЛ!»  деген жалғыз-ақ Сөзінен жаралған,
Ғарыштың…
Ғарыштың көзінде жұлдыздай нұрланып,
Көк Аспан мен саған Рухыммен беттедім.
Қара Жер төсінде қақ жарып жартасты,
қарағай сияқты көктедім!
Топырақтан жаралдым,
топырақтан нәр алдым,
Топырақ – обалым,
Топырақ тылсымды тамырым,
Топырақ – о дүние демінде жылынар Тағдырым!

Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист

Пікір жазу