Мемлекет пен дін қарым-қатынасына тарихи тұрғыдан көз шолар болсақ, секулярлық дүниетаным Орта ғасырда Европада жүздеген жылдар бойы салтанат құрған діннің үстемдігіне наразылық ретінде пайда болған.
Осы кезеңдегі діни қайшылықтар мен қақтығыстар заманауи дамуға бет алған Еуропа үшін айтарлықтай қатер төндіргендіктен шіркеуді мемлекеттен бөлектеу арқылы қалыптасқан тығырықтан шығудың бірден-бір дұрыс жолы ретінде қарастырылды.
Қазіргі таңда Батыста туындаған және одан кейін басқа елдерге тамыр жайған заманауи құбылыс ретіндегі секуляризмнің басты мәні мемлекеттің қандай да бір дінге қолдау көрсетуіне жол бермеуге және мемлекеттік органдар тарапынан дінді қудалаушылыққа жол бермеуге тұғырланды. Батыс ойшылдары мемлекеттегі басқарушы таптың өз қолдарындағы құзіреттерін өздері ұстанатын бір дінді бүкіл қоғамға таңуына және бір діннің өкілдерінің екінші бір діндердің өкілдерін үгіттеуі үшін діни рәміздерді пайдалануына жол бермеу үшін саяси билікті діннен тәуелсіз ету мақсатын көздеді.
Осы ойды шынайы жүзеге асатын нақтылыққа айналдыру үшін Еуропа ойшылдары сол кезеңдегі еуропалық сананы қайта құруға негіз болған теңдік, ой және сенім еркіндігі, заң үстемдігі тәрізді саяси идеологиядағы жаңа ұғымдар мен қағидаттарды айналысқа ендірді. Осы орайда, діннің қоғамдық институттарға үстемдік етуіне жол бермеуге ұмтылу секулярлық мемлекеттің міндеті болып табылғанымен, бұл мемлекеттің тұрғындардың діни санасын басып-жаныштауды мақсат етпейтіндігін де айта кету керек.
Жоғарыда айтып өткендей, мемлекеттің бұл мәселедегі негізгі мақсаты бір діни топтың басқа діни топтарға өз құндылықтары мен дүниетанымдарын таңуға жол бермейтін қоғам құруына тұғырланды.
Тұжырымдап айтқанда, Орта ғасырдағы христиан теократиясы мен догматикалық дүниетанымды басшылыққа алатын мемлекетке балама ретінде пайда болған заманауи зайырлы мемлекет түсінігі еуропалық қоғамдағы секулярлану үдерісінің заңды нәтижесі болып табылады.
Зайырлы дүниетаным бірде бір дінді ресми дін ретінде мойындамайды, ол үшін барлық діндер тең. Мемлекеттік және діни институттар бір-бірінен дербес қызмет атқарады және бір-бірінің істеріне араласпайды.
Осы ретте, мемлекетте өмір сүріп отырғандықтан діннің мемлекеттен толық тәуелсіз бола алмайтынын, ол тек дербес мәртебеге ие болатындығын айта кету керек. Зайырлы мемлекеттің қазіргі әлемдегі өміршеңдігі дінге сену мен ұстануға толық еркіндік беретіндігімен, діни институтар мен діндарлардың құқықтарын қорғауды кепілдендіруімен және діндарлардың заңда көзделген шеңберде өздерінің барлық жоралары мен рәсімдерін толықтай өтей алуын қамтамасыз ете алатындығымен анықталады.
Уақыт өте келе Еуропада орныққан секулярлық үрдістер бірте-бірте әлемдегі басқа өркениеттер өмір сүретін аймақтар мен елдерге кеңінен тарай бастады.
Жалпы, ислам діні қоғамдық өмірдің анықтаушы факторы ретінде көрініс табатын қазіргі күндегі көптеген мұсылман елдерінде секуляризм ұғымына қатынаста белгілі бір секем алушылықтың бар екенін айта кету керек. Олардың басым көпшілігі үшін секулярлық мемлекет діни мұраны жою және діннен бастау алатын моральдық құндылықтардың қоғамдық өмірдегі рөлін терістеу құралы ретінде көрінеді. Әрине, мұндай түсініктер батыстық секуляризмнің негізгі мәнін көрсете алмайтыны анық, өйткені мұндай түсінікке, бір жағынан, оның батыс қоғамында пайда болуының алғышарттары мен тарихи жағдайларды түсінбеушілік ықпал еткен болса, екінші жағынан, ислам әлеміндегі жекелеген елдердің басынан өткерген секулярлық догматизм тәжірибесінің де әсер еткені анық.
Осы жерде қазіргі замандағы ислам әлемінде секуляризм идеясының негізінде жатқан мемлекеттің діннен бөліну идеясының ислам дінінің ережелерімен қаншалықты үйлесетініне қатысты әртүрлі пікірлер бар екенін айта кету қажет.
Бірқатар ислам ойшылдары мемлекетті басқарудағы зайырлы-секулярлық қағидаттардың исламдық дүниетанымға сәйкес келмейтіндігін алға тартады. Олардың бұл мәселедегі негізгі дәйектері зайырлы қағидаттар адамдардың қалауы мен мүдделерінен туындайтын заңдарға тұғырланады, ал адам ақылы кемел болмағандықтан мұның бәрі қателіктер мен адасушылықтарға алып барады деген біржақты пікірге негізделеді.
Мемлекет пен діннің бөлектігіне негізделген зайырлылықты қолдайтындардың пікірінше, мұсылман әлемінде алғашқы ізгі халифтардың заманынан соң басталған исламның дәстүрлі негіздерінен шегініс жасау үдерістері ақыр соңында христиан әлеміндегі тәрізді мемлекеттің теократиялануы мен монархиялық режимдердің орнауына, мемлекеттік және қоғамдық институттардың догмалануына алып келді.
Сондықтан олар зайырлы билік пен секулярлануды ізгі халифтер басқарған замандағы дәстүрлі ислам мемлекеттілігінің бастапқы қағидаттарына сәйкес келмеген монархиялық-теократтық мемлекеттіліктің дағдарысының заңды салдары ретінде қарастырады. Осы орайда ислам әлеміндегі ең алғашқы зайырлы және секулярлық доктрина ретінде түріктік лаицизм танылған болса, «коммунизм құру» тұсында секулярлықтың тым шеткері тәжірибесінен өткен посткеңестік Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан елдерінде зайырлылық конституциялық қағидат ретінде бүгінгі күнде табысты қызмет атқарып отырғанын айта кету керек.
Секулярлық дүниетаным берік орныққан біздің аймақтағы елдер үшін тұрғындардың басым бөлігі мұсылмандық дәстүрлерді жаңғыртып отырған бүгінгі кезеңде мемлекеттің зайырлы сипатын сақтап қалу мәселесі өте өзекті.
Сондықтан зайырлы мемлекеттің, бір жағынан, азаматтардың діни сеніміне кепілдік беретінін, екінші жағынан, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен көрініс тауып отырған діннің радикалдануына жол бере алмайтынын түсіне отырып, қоғамның діндар бөлігінің билікке діни талаптарды таңбауы мемлекет пен діннің үйлесімде дами беруінің кепілі деп топшылауға болады.
Мейрам Иманбаев,
сарапшы, с.ғ.к.