Сұрақ: Үтір намаз уәжіп пе, сүннет пе?
Жауап: «Үтір» сөзі арабтың وتر – тақ деген сөзі. Үтір намазы – дәстүрлі Исламда құптан намазынан кейін түнгі уақытта оқылатын намаз. Үш рәкаттан тұрады. Үтір намазын оқу жайында көптеген хадистер келген. Ханафи мәзһабының ғалымдары хадистерді саралай келе үтір намазын оқу уәжіп (міндет) деген. Басқа мәзһабтар сүннет деп санайды.
Дәлелі: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан мына хадисі: «Расында Алла бес намаздарыңызға (тағы) бір намазды қосты, ол – үтір (намазы), оған бейғам қарамаңдар». Тағы бір хадисінде «Шынында, Алла сендерге (бес уақыттан басқа) бір намазды қосты. Ол – үтір. Оны құптан мен таң намазының арасында оқыңдар: Үтірді. Үтірді!».
«Алланың Елшісі үтір намазын үш рәкағат етіп оқитын. Сәлемді тек соңында беретін. Омар ибн Хаттаб та осылай оқыды. Мәдине қаласының мұсылмандары осыны үлгі етті» деген хадистер.
Оқылуы: Алдымен үтір намазына ниет етеді. Үш рәкағаттың үшеуінде де «Фатиха» және қосымша білетін бір сүреден оқылады. Үшінші рәкағатында «Фатиха» және қосымша сүреден кейін рукуғқа бармай «Аллаһу әкбәр», деп қолды (әйел азаматша өзінің рәсімен орындайды) құлақ тұсына көтеріп тәкбір алады да, қолды қайта байлап, «Құнұт» дұғасын оқиды. «Құныт» дұғасын білмейтін адам «Раббана атина фи-дуния хасанатан уа фил-ахирати хасанатан уа қина азаба-ннар», немесе үш рет «Раббиғфирли» деп айтуға болады. Бұл жеңілдік Құнұт дұғасын әлі жаттап үлгермеген немесе жаттай алмай жүрген кісілерге қатысты. Білетіндер Құнұт дұғасын оқығаны абзал.
Икрам АЙТАЕВ