Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында елімізді тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет деп атап өткен болатын. Тұтастығымыз бен бірлігімізді сақтап қалу басты қағидатымыз болып қалу керектігін қадап айтты.
«Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз» деген Мемлекет басшысының сөздерінен ел бірлігінің маңыздылығын аңғарамыз.
Сондай-ақ қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұрғандығын баса назарға алуымыз керек.
Осы ретте Білім және ғылым министрлігіне қарасты Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің басшысы Гүлзат Ізбасарқызының айтуынша, жастардың сапалы білім алуы халықтың басты факторы болып қалады және ол үшін барлық жағдай жасалуда.
– Президент 2025 жылға дейін мыңға жуық мектеп салу тапсырмасын берген болатын. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеуге шақырды. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдауына мүмкіндік жасалуда. Өз кезегінде оқытушылар да біліктіліктерін арттырып, оқушылардың жан-жақты білім алуына бар күш-жігерін салуда. Әрине, бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Ұлт болашағы үшін аянбай қызмет істесек, соның жемісін көретініміз белгілі,- деді комитет басшысы.
Осы ретте педагог Айнұр Есенғазықызы жастардың бойына ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық құндылық, таным, салт-дәстүрді сіңіру қазіргі заманның талабы деді. Себебі ұлттың іргесін берік ұстап қалуда білімді болумен қатар патриоттық құндылықтадың да болуы маңызды.
– Шыны керек, қаңтар айында елімізде болған жағдай бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қай жерден қателік кетті, жастар тәрбиесінде не кем қалып жүр деген сан түрлі сауалдар ойымыздан кетпеді. Болашақ ұрпақ үшін алаңдадық. Бұған дейін талай рет айтылып жүрген «білім мен тәрбие қатар жүру керек» деген сөздің мағынасына тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Себебі біз кейбір жастардың арасына бүлік салу тез жүзеге асып кететінін өз көзімізбен көрдік. Еліміздің бірлігін, татулығын бір күнде жоғалтып алу қаупін сезіндік. Мұндай жағдайды алдын алу үшін қазір жеңімізді түріп, өскелең ұрпақ тәрбиесіне бұрынғыдан да қызу кірісуіміз керек деп ойлаймын. Бұл тек мектеп қабырғасындағы мұғалімнің ғана міндеті емес, үйде тәрбиелеп отырған ата-ана да үлесін қосу керек,- деді педагог.
Ал психолог Динара Болат жастар – елдің мәдени, рухани және саяси өміріне белсенді атсалысатын топ болғандықтан, олардың қоғамдағы алатын орны ерекше екендігін айтты.
– Жастарға ежелден ерекше сеніммен қараған. Бүгінгі жастың ертеңгі ел басшысы болатынын білген ата-бабамыз тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлген. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын сол заманда айтып кеткен.
Бала күнінен бастап ұлттың дәстүрін, құндылықтарын бойына сіңіріп, халық ауыз әдебиетін қанығып оқыған бала өскенде ұлттың алдындағы жауапкершілігін сезінетін, елін қорғай алатын азамат болатыны сөзсіз. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жастар тәрбиесінің әлсірегені байқалады. Себебі, бала атасы мен әжесінің құшағында емес, ғаламтордың шырмауында байланып қалған. Әлеуметтік желінің кесірінен ұлт табиғатына қарсы келетін әрекеттер жасалып, халықтың азғындалуына алып келуде,- дейді психолог маман.
Сондай-ақ тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болсын десек, «бүліктердің шырмауында» жұтылып кетпей, өзіндік бірегейлігімізді сақтап қалуымыз керек. Ол үшін балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне ерекше мән беруіміз керек. Осы мақсатта баланы жас кезінен ұлттық құндылықтарға сәйкес, болашақ тұлға ретінде тәрбиелеу үшін қолда бар құралдар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланған дұрыс. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтау – әрбіріміздің міндетіміз.
Балжан ӘБДІРАШ