Жуырда ғана Мемлекет Басшысы әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесте «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде бұл өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырамын», – деп қадап айтты.
Көптің көкейінде жүрген келелі ойларға Президент сөзі көпшілікке, әсіресе мемлекеттік орган басшыларына қозғау салады деп сенемін.
Мемлекет басшысының тапсырмасынан көптен бері толғандырып жүрген сұрақтарымның жауабын тапқандай болдым. Себебі ел ішінде дәстүрлі исламға қатысты кертартпа пікір айтып жүргендерге нақты жауап болды.
Сондай-ақ тұтастай қоғамды дәстүрлі исламның мәнін түсінуге және оны дұрыс түсіндіруге тоқталғаны көптің көкейінде жүрген күдікті сейілткендей болды.
Адамзат қоғамымен бірге жаралып, бірге жасасып келе жатқан, адам болмысымен табиғаты етене, көнермейтін рухани құндылықтар жүйенің негізгі реттеуші күштерінің бірі – дін. Сондықтан адамзат руханиятын дінсіз елестету қиын.
Әрқашан ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, тарихымыз және ең бастысы дәстүрлі ислам құндылықтары рухымызда мәңгі қалуы тиіс.
Қазақ халқы ғасырлар қойнауынан бастау алатын талайлы тарихында тәуелсіздік таңы атқанға дейін аумалы-төкпелі, қилы заманды басынан өткергенін жақсы білеміз. Дегенмен, қандай қиындық көрседе ұлтымыздың рухани санасын қалыптастырған тұлғаларға қарыздармыз. Олар қазақ топырағында дүниеге келіп, халқының қамын ойлаған хандар, аузы дуалы, сөзі өткір ақын-жыраулар, күрмеуі қиын дауларды екі ауыз сөзбен шешкен билер, ел тағдыры таразыға түскенде тайсалмаған батырлар, қалың бұқараны хақ жолына шақырған ғұлама ғалымдар мен ойшыл тұлғалар ұлттың рухани санасын қалыптастырды.
Біз енді осы қалыптасқан дүниені ұрпаққа саф, таза күйінде жеткізу мәселесі тұр. Ендігі жерде жастарды ешкімге алданып қалмауға, ұлттың ұлы жолынан адаспауға шақыруымыз ләзім.
Тамыры тереңде жатқан дәстүрлі діни танымның халық санасында қалыптасу жолдарын зерттеп-зерделеу ұлттық рухани құндылықтардың бастау көздерін айқындауға, қоғам алдындағы дәстүрлі исламның құндылықтарына терең бойлап, тиянақты тұжырымдар қалыптастыруға елімізде мүмкіндік мол.
Жаһандану үдерісіне дендеп енген қазіргі қоғам мүшелеріне, әсіресе, өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған жас буынға дәстүрлі исламның құндылықтарын дәріптеудің маңызы өлшеусіз.
Бүгінде өткен даналарымыз бен ізгі жандардың көңілге түйген ұлағатты ойларын кейінгі ұрпаққа жеткізу, оларды дәріптеудің орнына, кейбір керітартпа ағымдардың өкілдері дәстүрлі дініміздің негізінен жастарды ажыратқысы келеді.
Осы ретте менің ең жақсы көретін мақалым – «ит үреді, керуен көшеді» деген халық даналығы. Уақыт өткен сайын халқымыздың көнермейтін рухани байлығы, дәстүрлі исламы адамзат қоғамын ілгері сүйреп, ортаймай, тот баспай ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып келеді.
Қай заманда болмасын ұлттың санасын сілкіндіретін, рух беретін дәстүрлі исламның имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері ислам ғұламаларының негізгі қызметіне айналған.
«Бір ғана Сыр бойда ағартушылық бағытта халыққа қызмет еткен ишандар мен ахундар, оқымысты ғұламалар халықты мұсылман дінінің басты ұстанымы имандылыққа тәрбиелеген, мешіт салдырып, медреселер ашқан. Сыр елінен шыққан ағартушы ұстаздар философия, грамматика, лингвистика, шығыс тарихы мен әдебиеті, астрономия және т.б. жаратылыстану салалары бойынша кәсіби білікті болған. Бұлар негізінен Мекке, Медине, Бағдат, Шам, Ыстанбұл, Каир, Кабул, Герат, Хиуа, Хорезм, Үргеніш, Самарқанд және т.б. мәдениет орталықтарында оқыған. Өңір халқын ағартуда Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінің орны ерекше болды. Медресе түлектерінің қатарында Сыр өңірінде өздерінің дербес мешіт-медресесін ашқан ағартушы-ұстаздар көптеп саналады. Олар Сыр өңірінде ағартушылық қызмет жүргізу арқылы ұлт мүддесін қорғаған мемлекет, қоғам және руханиат қайраткерлері», деп жазады Абай.кз ақпараттық порталына География ғылымдарының кандидаты, доцент Қали Омаров.
Бұлардың көпшілігі ұлтымыздың белгілі ағартушы-ұстаздары ретінде танылды. Олардың еңбектері, ұлттың мүддесі мен руханиятына қызмет жасады. Тіпті халқымызды рухсыздық нәубетінен құтқарды десекте болады.
Бұдан бөлек қазақ қоғамын ғасырлар бойы имандылыққа баулып келген аңыз-әпсаналар, ертегілер мен жырлар, қисса-дастандар секілді туындылар бүгінгі күні де өзінің маңызын жойған емес.
Туған топырағымыздан шыққан ғұламалардың шығармалары халықтың ділінің дұрыс қалыптасуына, дәстүрлі исламның кең қанат жаюына үлкен әсер етті. Бүгінгі таңда бұларды тек жас ұрпаққа жеткізе білуіміз керек. Егер жастар дұрыс танып-түсінбесе, бабалар жолынан адасып, түрлі теріс ағымға бой алдырады. Соңында тарихи тамырынан алыстап, рухани дағдарысқа ұрынып, ұлтының саналы азаматы бола алмайды.
Сондықтан өскелең ұрпақтың бойына дәстүрлі исламды терең танытып, ғасырлар бойы жинақталған ізгілік тағлымдарын санасына сіңіру баршамыздың ортақ атқарар қызметіміз болып қала бермек. Еліміз аман, ұрпағымыз адаспасын.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ,
kazislam.kz