Қазақта келін босанып келгенде қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тазартып, қақпа алдына іліп қоятын ырым бар. Бұл қандай ырым десеңіз, егер мойын омыртқаны іліп қоймаса, баланың мойны қалтылдақ болады деп айтады.
Егер бұл нәрсе осыған ғана байланысты болса, онда қалжаға мал соймайтын өзге ұлт, халықтардың балаларының мойны неге қатаймай, қалтылдақ болмайды деген сұрақ туары сөзсіз. Бірақ, бұл ырымды басқа қырынан қарастырсақ, бұл біздің әдептен туындаған ырым екенін көреміз.
Бір адам басқа үйге келгенде есік алдындағы мамағашта (ат байлайтын ағаш) мойын омыртқа ілініп тұратын болса, «мына үйде жақында босанған келін бар екен, мен бейсауат кіріп бармайын» дейді екен. Себебі жаңа туған сәбиді келін омырауын ашып емізіп отыруы, болмаса сәби ұйықтап жатуы мүмкін.
Демек, үйде кішкене бала барынан хабар беретін белгі десек те болады.
Екінші жағы сол үйдегі келіннің төркіні, яғни үйдің құдалары келген кезде көңілі толсын, қызына жағдай жасалды, қалжасы бар, малы сойылды деген түсінік. Яғни ишарамен, ымдап түсіндіру.
Енді қазіргі кезде бұл әдетті ырымға айналдырып басқаша түсініп жүрміз.
Мақала салт-дәстүр ізденуші, этнограф С. Алдашбаевтың әңгімесінің желісінде жазылды.
Мақсат МҰРАТҰЛЫ,
Ақтөбе қаласының дін мәселелері
және қоғаммен байланыс жөніндегі
орталықтың басшысы
Керемет түсіндірме екен! Кейбір теріс діни ағым өкілдерінің салтымызға күйе жағып, ұлттық болмысымыздан ажыратуға тырысып жатқаны өте өкінішті.
Құрметті Мақсат Мұратұлы, елімізде өзіңіздей осылай сауатты түсіндіретін мамандар өте аз. Жалпы қазіргі қоғамдағы дінтанушы мен теолог мамандарының қатысуымен өтіп жатқан кездесулерде осындай қазақтың ырым-тыйым жайында тақырыптар қозғалмайды. Сұрақ қойған кездеріміз болды, бұл жай ырым деп тұшымды ешкім жауап берген емес. Егер пікір оқып отырсаңыз нөміріңізді қалдыра аласыз ба? алдағы уақытта сізбен біздің өңірде ішаралар ұйымдастырып көрсем дегенім ғой. Рахмет.