Сұрақ: Уатсапқа келген дүниенің барлығын чатқа сала беру дұрыс па?
Жауап: Бұлай жасау адамның қаншалықты әдепті немесе әдепсіз екенін яки болмаса жауапты, ұқыпты немесе керісінше жауапсыз, немқұрайлы адам екенін көрсетеді. Себебі парасатты жан өзіне келген мәліметті басқасына жібермес бұрын оның қаншалықты рас немесе өтірік екеніне көз жеткізуі қажет. Адамшылдық осы нәрсені талап етеді. Әйтпесе, ондай адамды дінде өтірікші деп атайды. Себебі адам естіген кез келген нәрсесін айта берсе, ол да өтірікке жатады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пендеге естіген нәрсесінің барлығын айта беру өтірік үшін жеткілікті», – деп айтқан (Мүслим).
Әсіресе, кейінге кезде діни тақырыптағы фейк (ойдан құралған, жалған) исламофобтық түрлі бейнероликтерді вастсап арқылы бөлісу немесе ортақ чаттарға салу үрдісі жиі кездеседі. Осылай жасайтын адамдардың ниеті қара болса, онда Құдайдың алдында өзі жауапты. Ол адам бұл дүниеде өзінің көздеген пайдасына жетуі ықтимал, бірақ ақыретте сол үшін сұралады. Құдай Тағала «Бақара» сүресінің 10-аятында: «Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар», деп хабар берген.
Сондықтан «өтірік сөздің жақсысы жоқ» демекші, адам «өтірікші» немесе «жеңіл сөзді» атанудан сақ болғаны дұрыс. Хазіреті Әли: «Алланың қасындағы қателердің ең үлкені – өтірік айту. Ал өкініштің жаманы – қиямет күніндегі өкініш», – деп айтқан екен.
Жалғас САНДЫБАЕВ