Уәсуаса дегеніміз не?

    703

    «Уәсуаса» араб тілінде «сыбырлау», «күбірлеу», «жаман ниетте болу», «аралас сөздерді айту», «тұспалдау» мағыналарын білдіреді. Шариғи анықтамасына келер болсақ, «уәсуаса» – «адам ішіндег жаман пиғыл», «теріс ниет», «жаман ой», «күмәндану», «азғыру», «арбау» деген ұғымға саяды.

    Яғни, шайтан мен нәпсінің адамды жамандыққа қарай азғыруы, арбауы, итермелеуі және адамның көңіліне жаман ойды салуы, теріске бұруы, шүбәландыруы «уәсуаса» болып табылады.

    «Уәсуаса» сөзі Құран-кәрімде бірнеше сүреде өткен. Төрт жерде шайтанның азғыруы мағынасында қолданылған. Мысалы:

    «Сонда Шайтан, екеуін ол жерден тайдырды (уәсуаса). Ондағы нығметтерден де шығарды. Оларға: «Бір-біріңе қас болып, түсіңдер: Сендер үшін жержүзінде тұрақ және бір мезгілге дейін пайдалану бар» дедік» («Бақара», сүресі 36-аят).

    (Алла): «Әй Адам! Сен және жұбайың жаннатқа орналас. Екеуің қалағандарыңша жеңдер. Алайда осы ағашқа жоламаңдар. Сонда залымдардан боласыңдар. Сонда шайтан, ол екеуінің ұятты жерлерінің ашылуы үшін азғырды (уәсуаса) да: «Раббыларың сендерді осы ағаштан, екеуің періште болып кетеді немесе мәңгі қалып қояды деп ғана тыйған» деді» («Араф» сүресі, 19-20 аяттар).

    «Ақыр шайтан оған азғыру (уәсуаса) жүргізіп: “Әй Адам! Саған мәңгілік ағашын және таусылмайтын салтанатты көрсетейін бе?”,- деді. Сонда екеуі, одан жеді. Дереу ұятты жерлері көрінді. Сондықтан екеуі де үстеріне жаннаттың жапырақтарын жаба бастады. Адам (Ғ.С.) Раббына күнәкар болып, жолдан тайды» («Таһа» сүресі, 120-121 аяттар).

    «Сондай адамдардың көкейлеріне салатын» («Нас» сүресі, 5-аят).

    Ал, Құран-кәрімде бір жерде «уәсуаса» нәпсінің сыбырлап азғыруы мағынасында қолданылған:

    «Расында адамзатты жараттық. Оған, нәпсісінің не сыбырлағанын (уәсуаса) білеміз. Өйткені Біз, оған күре тамырынан да жақынбыз» («Каф» сүресі, 16-аят).

    Имам Табари жоғарыдағы аяттарды талдай келе, Құран-кәрімде өткен «уәсуаса» сөзі «азғыру», «алдау», «ауытқу», «жаңылыстыру», «тайдыру» мағыналарын береді (Табари, V, 449) деп тұжырымдайды.

    Алла Елшісі (с.ғ.с) хадистерінде «уәсуаса» сөзі шайтанның адамды азғыруы, иманнан айнытуы, шүбәландыруы, арандатуы мағыналарында қолданылған. Мысалы, Хақ Елшісі (с.ғ.с) Арафат кешінде: «Аллам! … уәсуасадан сақтанып сыйынамын» (Тирмизи, Дұға, 78) деп дұға жасаған.

    Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с) келесі бір хадистерінде: «Аллаға хамд болсын! Шайтан сіздерге уәсуасадан басқа бір зиян берген емес» (Ханбал, Муснад, І, 340) және «Аллаға хамд болсын! Шайтанның тұзағын уәсуасаға бұрды» (Әбу Дәуіт, Әдеп, 109) деп, «уәсуаса» сөзін шайтанның азғыруы, арандатуы, тура жолдан тайдыруы мағыналарында қолданған.

    Мұхан ИСАХАН

    Пікір жазу