Алматы қаласындағы «U’mit et» ет дүкені «QMDB Halal» сертификатына ие болды. Сертификатты қаланың бас имамы Төлеби Оспан табыстады. Сертификаттау рәсіміне кәсіпорын басшылығы және жергілікті инспектор-контролер Маратхан Чадаев қатысты.
«Қазақ халқы қашанда дастарқанындағы асының адалдығы мен құнарына мән беріп, малдың семіздігіне ғана емес, адал жолмен бауыздалуына да ерекше көңіл бөлген. Адам баласының қажетіне жаратылған төрт-түлік шариғат жолымен сойылмайынша, еті адал және таза болмайды. Бүгінгі қаланың қарбалас өмірі мен адамзаттың қауырт күйбең-тіршілігінде өз үйінде мал соятындар аз. Сондықтан да осындай адал мал етін сататын, шариғат талаптарына толықтай сай халал ет дүкендері қоғамымызға ауадай қажет. Астың адалдығы – имандылық, денсаулық һәм салауатты өмір салтының басты шарты. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан адал кәсіптеріңізге Алла берекесін бергей!» – деген Төлеби Дәділұлы “U’mit MARKET” кәсіпорны иесіне отандық халал индустриясын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.