Сұрақ: Тырнақ өсірсем бола ма?
Жауап: Ислам тазалыққа қатты көңіл бөледі. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Тазалық – иманның жартысы» деген (Бұхари). Тырнақты алу тазалыққа жатады, себебі тырнақ астында көзге көрінбейтін түрлі ауру мен ішкі ағзаларда құрт тудыратын зиянкес микробтар болады. Сол үшін пайғамбар: «Бес нәрсе адамның болмысынан: сүндетке отыру, ұятты жерді түктен тазарту, мұртты басу, тырнақ қысқарту және қолтық түгін алу», – деп айтқан (Бұһари).
Кейбір азаматтар сән үшін деп шынашақ саусағының тырнағын өсіреді. Бұл да сүннетке жатпайды. Исламда орта саусақтың немесе шынашақ саусақтың тырнағы деп айтылмайды. Дін тазалық үшін барлық тырнақ саусақтарын алып отыруға шақырады. Анас ибн Мәлик есімді сахаба: «Біз мұртты қысқартуды, тырнақ және қолтық пен әурет түктерін алуды қырық күннен асырмауға бұйырылдық», – деп айтқан. Риуаятта айтылғандай, тырнақты алу үшін қырық күн күтіп отырудың қажеті жоқ. Әдетте тырнағын алып, мұртын басып жүрген адам бір-екі аптадан асырмай алып отырады. Сауаптысы да сол болмақ.
Жалғас САНДЫБАЕВ