Тылсым – табиғи жаратылыстар мен құбылыстар әлеміне қарама-қарсы, олардың заңдарына бағынбайтын ерекше нақтылықты білдіретін термин. Дінтануда бұл ұғым адам санасын жаулап алған фантастикалық елес, қасиет, байланыс деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар, тылсым күштің барлығы тек Алла тарапынан білінетінін айта аламыз. Бұған қоса мұсылман тылсым күштерге жататын періште, жын және ібіліс пен нәпсінің бар екеніне иман етеді. Алайда, болашақты бағдарлау мақсатында көптеген пенделік қателіктерге бой алдырады.
Солардың кейбіріне тоқталар болсақ, қай заманда да адамдар сиқыршылар мен арбаушылардың, жалған көріпкелдердің құрбаны болып келген. Біреулер баласы оқуға түсер алдында құмалақ, карта аштырады, енді біреулер кәсібін дөңгелету үшін көріпкелге барады, тағы біреулер дертіне шипа іздеп тәуіп аралайды, біреулер жоғын іздеп балшыға жүгінеді.
Қарап отырсақ, қазіргі кезде жоғары білімді, бай-қуатты, әлеуметтік жағдайы түзу адамдар да Аллаға сенудің орнына адамдарға көбірек сеніп, болашағын көріпкелге болжатып араңдап қалуда. Бұл – үлкен қателік. Өйткені, Ислам дінінде бақсы-балгерлердің ісіне тыйым салынған. Егер тәуіп емдеу шараларында Аллаға серік қоспай, Құран аяттарын оқып дем салатын болса, онда оған рұқсат. Ал жын-шайтандар мен аруақтар арқылы емдеу шариғатта тыйым салынған іс. Аруақтармен сөйлесу, жын-шайтанмен дос болу немесе оның көмегіне жүгіну, ажалдан арашалап қаламын деп Алладан басқа өзгеден медет сұрау, ертеңгіні болжау, сәуегейлік, Алланың атынан басқа біреуге сыйынып бұлт шақырып жауын жаудыру, аспаптар арқылы көңілді әуенмен адамды алдап-арбайтын әуез ойнау, көз алдында ғажайыптар жасап сиқыр көрсету секілді арбаушылық түрлерінің бәріне де исламда түбегейлі тыйым салынған.
Бұл туралы «Жын» сүресінің 26-27 аяттарында «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…» – деп баяндалған. Сондай-ақ, Аллаға серік қосу – кешірілмейтін күнә.
Бұған қоса алғанымызда, вампирлер, қасқыр-адам мен зомбилер, яғни қара күштер мен жын буғандар барған сайын көп адамның назарын жаулауда, сиқыршылар, көрікті жалмауыздар, сымбатты қанішерлер бүгінде кітап, кино мен бейне ойын индустриясын жаулап алған тылсым дүние кейіпкерлерінің кейбірі ғана.
Осы туралы әлеуметтанушы профессор Клод Фишердің айтуынша, “елес пен аруақтарға он америкалықтың ішінде біреуі сенген болса, соңғы бірнеше онжылдықта бесеудің үшеуі сенетін болыпты. Америкалықтардың аға буынына қарағанда, жас буынның елеске және жын-елес үйлеріне екі есе көп сенетіні, бақсыларға екі есе көп баратыны белгілі болды” деп дабыл қағуда. Міне, осы себептен де адамдарға еніп алатын зұлым рухтар жайлы қорқынышты әңгімелер қайта қылаң берді. “Өткен онжылдықтағы зомби, қасқыр-адам мен вампирлер дәурені қайта туып, әлем мәдениетінде жын-перілер тақырыбы жандана түсті”, – деп жазды газет шолушысы Майкл Калиа.
Қорытындылайтын болсақ, дүниежүзі бойынша адамдардың 25-тен 50 пайызға дейін бөлігі елеске сенеді екен және елес тақырыбы көптеген халықтардың әдебиетінің төрінен орын алатыны айқындалды.
Шариғатымызда тылсым күштерге, яғни (жын-шайтан, періште және т.б.) сену – иманнан, алайда тылсым күштердің көмегіне сену және олармен тікелей байланыс орнатуға рұқсат берілмеген. Сонымен қатар, сиқырға, балгерге және нумерологтың айтқандарына шынайы сенуге және оларды жарнамалауға да болмайды.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
PhD