Түркияның бірнеше қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Талаба» студенттер қауымдастығының атынан жылдағы дәстүр бойынша ауызашар дастарқаны ұйымдастырылды. Рамазан айындағы игі шараға ұйытқы болып жүрген ҚМДБ-ның Түркиядағы өкілі Абдурашид Қарабаевпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Абдурашит Зиядинұлы, «Талаба» студенттер қауымдастығының негізгі мақсатына қысқаша толтала кетсеңіз?
– «Талаба» қауымдастығының негізгі мақсаты бауырлас Түркия мемлекетінде дінтану және исламтану бағытында оқитын қазақстандық студенттермен жүйелі жұмыс жүргізу. Әрдайым қазақстандық студенттермен байланыста болып, олармен тығыз қарым-қатынас орнату. Кәсіпкерлердің демеушілігімен студенттерімізге мүмкіншілікке қарай әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ түрлі дін атын жамылған жат ағымдардың уағызына алданып қалмауын қадағалау, түрлі бағытта игі шараларды ұйымдастыру негізгі мақсатымыз болып табылады. Осылайша, «Талаба» студенттер қауымдастығы ҚМДБ мен Түркияда діни білім алатын студенттер арасында алтын көпірге айналып келеді. Осы бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс жүргізіп келеміз.
– ҚМДБ-ның Түркиядағы өкілі болып тағайындалғаныңызға көп уақыт бола қоймады. Дегенмен қазақстандық студенттермен кездесе алдыңыз ба?
– Қызметке келуіміз Рамазан айының келуімен тұспа-тұс болды. Әуелі, Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиевпен кездесіп, білім алушы қазақстандық шәкірттердің жайын сөз еткен болатынбыз. Елші мырза қызметімізге сәттілік тілей отырып, бұдан әрі де бірге қызмет етуге шықырып, әрқашан қолдауға дайын екенін жеткізді.
Рамазан айында атқарған үлкен шаруамыз қазақстандық студенттерге арнайы ауызашар ұйымдастырып, көптеген қаладағы қазақ жастарымен кездестім. Олармен етене танысып, сұхбаттасу нәсіп болды. Атап айтар болсам, Түркияның Анкара, Ыстамбұл, Кайсери, Кония, Болу, Бурса, Карабұқ, Қожаелі және Денизлі қалаларындағы қазақ жастарымен жолықтым. Жалпылай алғанда Түркия оқып жатқан мыңнан аса қазақстандық студенттерге ауызашар берілді. Олармен кездесіп, мақсатымызды айтып, әрдайым байланыста болатын болдық.
– Мыңнан аса студентті қамтып, әрбір қалада ауызашар дастарханын жаю оңай шаруа емес екені белгілі. Қаражат мәселесін қалай шештіңіз?
– Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің тапсырмасымен ұйымдастырылған қайырымдылық ауызашар дастарханына демеушілік танытқан ҚМДБ-ға қарасты өңірлердегі өкілдіктерге алғыс айтқым келеді. Біздің бір ауыз сөзімізді ескеріп, шетелде оқып жатқан студенттерге ауызашар беруге қолдау білдірді. Атап айтар болсам;
Алматы қаласы орталық мешіті, Қонаев қаласы орталық мешіті, Шымкент қалалық орталық мешіті, Маңғыстау облыстық орталық мешіті, Атырау облыстық «Иманғали» мешіті, Жетісу облыстық орталық «Иман» мешіті, Костанай облыстық «Марал Ишан» мешіті, Павлодар облысы «Мәшһүр Жүсіп» мешіті, Қарағанды облыстық «Әнет Баба» орталық мешіті, Шығыс Қазақстан облысы «Халифа Алтай» мешіті, Ұлытау облысы және Жезқазған қаласы «Ахмед Ишан Оразбай» облыстық орталық мешіттерінің ұжымына, бас имамдарына және де осы игі шараға атсалысқан жамағатқа, кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.
– Рамазан айында басқа да қандай сауапты іске ұйытқы болдыңыз?
– Арнайы Қожаелі қаласына іссапар барысында Ихтисас Діни академиясының президенті, доц.др. Енвер Осман Каан мырзамен және Қожаелі Діни академиясының директоры Шенол Тирякимен кездестім. Кездесу барысында білім алып жатқан қазақстандық студенттердің жайы сөз болды. Қазақстандық діни білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсеткен Түркия мемлекетіне өз ризашылығымды білдірдім. Кездесуден кейін аталмыш академияда ұйымдастырылған «Дәстүрді тану және оны болашaққа жеткізу» тақырыбы аясындағы конференцияға қатысып, баяндама жасадым.
Бұдан бөлек «Талаба» студентер қауымдастығы жылдағы үрдіс бойынша, Рамазан айы басталғалы күнделікті Құран Кәрімді хатым етіп, қадір түнінде дұғасын жасадық. Қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты момын-мұсылман марқұмдардың рухына бағыштап, еліміздегі су апатынан зардап шеккен жерлестерімізге сабыр мен шыдам, жеңілдік сұрап, елдің амандығын тіледік.
– «Талаба» студентер қауымдастығының Түркиядағы басқа да ұйымдармен немесе мемлекеттік органдармен байланысы бар ма?
– Әрине, атап айтар болсам,
Қазақстанның Түркиядағы Елшілігімен,
елшілікке қарасты Ыстамбұл консулдығымен,
Түркия Дін істері басқармасы және оған қарасты Уақыф қорымен,
Жоғарғы оқу орындарымен,
қазақстандық имамдарымыздың білім алып жатқан Хасеки академияларымен,
Имам Хатиб лицейлерімен,
сондай-ақ, Халықаралық зағиптарға арналған Құран қызметі қауымдастығымен тығыз әріптестік байланыстамыз.
– Абдурашит Зиядинұлы, уақыт тауып сұхбат бергеніңізге үлкен рахмет. Алла Тағала баршамызды оразадан оразаға аман-есен жетуімізді жазсын!
– Әмин, сіздерге рахмет. Әрдайым «Талаба» студентер қауымдастығының атқарған қызметіне ақпараттық тұрғыдан қолдау білдіріп келесіздер. Қызметтеріңізге абырой тілеймін!
Сұхбаттасқан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ