Ыждағат қойып өткенге назар салсақ, тарих көмбесінен тағылым болар талай жәдігердің қылаң беретіні белгілі. Ерте дәуірдегі алып-ерендерді айтпағанда, күні кеше өмір сүрген бабаларымыз хақында мұрағат ақтарып, тарихи мәліметтерді таразылайтын болсақ, олардың отан, дін, ұлт үшін аянбай күрескеніне куә боламыз. Тіпті, ұлы мақсаттар үшін басын бәйгеге тігіп, осы жолда құрбан болғанына да көз жеткіземіз. Сондай тарихи ұлы тұлғалардың бірі – ХХ ғасырдың басында Түркістан шаһарының мүфтиі болған Алиш Умарқожаұлы еді.
Әлқисса
Өткен жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Кеңес үкіметі тұсында саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жөнінде қаулы қабылдады. Осыған байланысты жер-жерде комиссия құрылып, бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеушілер үшін мұрағаттағы жабық мәліметтерге қол жеткізуге зор мүмкіндік туды. Өткен ғасырлардың қатпарында бүгіп жатқан көптеген тарихи ақпараттарға талдау жасау қолға алынды. Солардың қатарында саяси қуғын-сүргін көрген діни қайраткерлер туралы мұрағаттық мәліметтер де бар еді.
Қадым заманнан Түркістан қаласының діни орталық болғаны баршаға мәлім. Сондау Самани, Ғазнауи, Қарақан дәуірінен бермен Яссы шаһары мұсылман әлемінің шамшырағына айналған-ды. Әсіресе, түркі жұртының рухани темірқазығы – Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістан қаласында дамыл табуы шаһардың атақ-даңқын арттыра түскен болатын. Ясауи тариқаты аситанасының (сопылық орден ордасы) Түркістанда орналасуы да сопылық ілімнің осы атырапта салтанат құруына өз септігін тигізді. XV ғасырдың басында Шағатай империясының билеушісі Әмір-Темірдің Құл Қожа Ахмет Ясауидің басына алып кесене тұрғызуы Түркістанды төрткүл дүниеге танымал етті. Әзірет Сұлтанға зиярат жасауға дүйім жұрт жан-жақтан ағылып келіп жататын.
Түркістанға аяқ басқан зияратшыларға діни қызмет көрсетуді қаладағы «мирлер» (сейіт қожалар), «шайхтар», «нақыбтар», «әзлер», «қаландарлар», «шырақшылар», «әлимшілер», «борақшылар» секілді әулеттер атқаратын. Әрбір әулет Әзірет Сұлтан кешеніндегі өзіне тиесілі қызметтік міндеттерді орындайтын. «Сайд» және «шариф» (Хасан мен Хусейіннен тарайтын қожалар) әулеті келген зияратшыларға ақ батасын беретін ең жоғарғы ақсүйек қожа әулеті болса, «шайхтар», «нақыбтар», «әзлер» діни білім беру мен пәтуа мәселелелеріне жауапты еді.
«Шырақшылар» зиярат тәртібін қадағалайтын, «қаландарлар» қисса айтып, зікір салатын, ал «әлимшілер» мен «борақшылар» ас-ауқат және жатын орынмен қамтамасыз ететін. Түркістанға ағылып келіп жатқан жұрттың зияратына осы әулеттер діни қызмет жасайтын.
Азизан қожалар
Бұл зерттеуге арқау болып отырған ХХ ғасыр басында Түркістан шаһарының мүфтиі болған Алиш Умарқожаұлы «әзлер» әулетінің өкілі еді. Садиқ ибн Сапабектің жеткізуінше, ескіден келе жатқан Әзірет Сұлтан кешеніндегі зиярат тәртібінде әуелі Құл Қожа Ахмет Ясауи, сосын Сағд әулие, одан кейін азизан (әзлер) Ақ Топырақ әулиеге дұға жасалатын.
Жалпы, «әзлер» әулетінің шығу тегі туралы тарихи мәліметтер жоқтың қасы. Тарихшы М.Тұяқбаевтың айтуынша «әзлер» әулеті әзіреті Әлидің (р.а) үшінші ұлы Мұхаммед Ханафияның ұрпақтары саналалы. Ал, Түркістандағы әзлер әулетінің ұрпақтарының айтуынша Қожа Ахмет Ясауи өзінің асырап алған қызы Гауһар Хужтажды шәкірті Әл-Қожаға үйлендіріп, олардан әзлер әулеті тараған.
Тарихшы З. Жандарбек өз зерттеулерінде XVII-XVIII ғғ Түркістан өңірінде азизан (әзлер) қожалардың шоғыры пайда болғанын, олардың Ясауи және Нахшбандия тариқаттарының діни идеологиясын қатар ұстанғанын алға тартады. Шынтуайтында, азизан қожалардың рухани шынжыры (силсила) Ясауи тариқатынан бастау алады. Алайда, XVII ғасырда Ясауи тариқатына саяси қолдау азайып, есесіне Қазақ хандары Түркістан аймағында Нахшбандия тариқатының қанат жаюына мүмкіндік жасаған еді.
Екі тариқаттың сыртқы формасында өзгешеліктер болғанымен, мазмұны негізінен сопылық ілімге негізделді. Мысалы, Ясауи мен Нахшбандия сопыларының зікір салу, уағыз-насихат айту, ұжымдасу негіздері едәуір ерекшелікке ие-тін. Дегенмен, екі сопылық қауымдастықтың ішкі мазмұнын – пендешілік қасиеттерден ұзақ тұру, жан-дүниенің тазалығы, рухани ләззаттану, Аллаға деген махаббатқа ие болу, кемелділік т.б діни мұрат-мақсаттар құрады. Осы тұрғыдан алғанда, Ясауи мен Нахшбандия тариқаттары бір-біріне алабөтен емес-ті. Осындай ортақ рухани нүктелердің бар екенін ескерген Ясауи тариқатының азизан тармағының өкілдері Нахшбандия тариқатына да қызу қолдау көрсетті.
Иә, діни алаңда керісуді емес, келісімді жақтаған азизан (әзлер) қожалардың рухани ұстанымы мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуде өте-мөте қажет еді. Осы себептен де, Әз-Тәуке ханның дәуірінде азизан қожалардың Қазақ хандығында беделі күрт өсіп, маңызды діни қызметтерді атқара бастады. Кейбір ұлыстарға пір болғанын былай қойғанда, Түркістандағы Әзірет Сұлтан кешеніндегі діни қызметтердің ең маңыздысы әзлер әулетіне тиесілі болды. Олар «шайхтар» және «нақыбтармен» бірге Қ.А.Ясауи аситанасындағы діни білім беру мен пәтуа мәселелеріне тікелей жауапты еді.
Мұрағат һәм шежіре
Мұрағат деректері бойынша Алиш муфти Умарқожаұлы 1892 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Діни білім алған. Түркістан қаласының мүфтиі болған. Оңтүстік Қазақтан облысы НКВД басқармасы үштігінің пәрменімен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 бабы бойынша 1937 жылы ату жазасына кесілген. Кейін 1957 жылы 17 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының шешімімен ақталған. Мұрағатта басқа қосымша деректер кездеспейді.
Бізді алғаш таңқалдырған жәйт – Алиш Умарқожаұлының мүфти лауазымы еді. Қазақ хандығы дәуірінде дін саласында «мүфти» лауазымы болып-болмағаны белгісіз. Қазақ хандығы ыдырағаннан кейін Түркістан қаласы 1819-1864 жж аралығында Қоқан хандығының құрамында болды. Ф. Атар мен А. Кариевтің баяндауынша Қоқан хандығында дін саласы бойынша «мүфтилер» жұмыс істеген. Бірақ, Қоқан дәуірінде Түркістан қаласында мүфти қызметінің болып-болмағаны тағы беймәлім.
Сондай-ақ, XVIII ғасырдың аяғында Кіші жүз және Орта жүз қазақтары Ресей патшалығының құрамына енгеннен кейін Орынбор мүфтилігіне қаратылды. Аталған діни басқарманың төрағасы ғана «мүфти» лауазымын иелене алды. Ал, Ресей үкіметінің 1867 жылғы әкімшілік реформасынан соң Бөкей Ордасынан басқа қазақтардың барлығы Орынбор мүфтилігінен шығарылды. Олай болса, ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен Алиш Умарқожаұлы қалайша «мүфти» атағына ие болған?
Алиш Умарқожаұлы туралы мұрағаттық мәліметтерді саралай келіп Ш. Керім «Түркістанда да мүфтилік жүйе жұмыс істеген болуы мүмкін», – деген жорамал айтқан еді. Мұрағат бойынша ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне жататын деректерді қанша қарасақ та, Түркістан қаласында мүфтилік жүйенің болғаны жөнінде ешбір мәлімет таппадық. Сосын амал жоқ, Түркістанда тұратын шежіреші ақсақалдарды іздестіріп, фольклорлық деректерді қарап шығуға тура келді.
Алиш мүфти кім болған?
Бізге түркістандық шежіреші ақсақал Жарылқасын Шалбаев ХХ ғасырда қалада діни білімі зор Алиш баба атты молданың өмір сүргенін хабарлады. Сұрастыра жүріп, Алиш молданың туыстарын таптық. Алайда, бұл Алиш баба біз іздеген Алиш мүфти болмай шықты. Оның фамилиясы Сұлтанов әрі ол 1902 жылы туып, 1996 жылы қайтыс болған екен.
Тағы бір түркістандық шежіреші ақсақал Үсен Тоқтаев біз шарқ ұрып іздеген мүфти Алиш Умарқожаұлы туралы там-тұм мәліметтер білетінін айтып, сүйінші сұрады. Бұл кісінің баяндауынша, Алиш Умарқожаұлы Түркістандағы әзлер әулетінің өкілі, діни білімді ХХ ғасыр басында Түркістандағы Тоқта қалпе медресесінде алғанын жеткізді. Және Алиш мүфти Умарқожаұлының немересі Абдалихан Алишев пен күйеу баласы Әбсадық Абдразақовты танитынын айтып, оларға жөн сілтеді.
Түркістан қаласында тұратын Абдалихан Алишев пен Әбсадық Абдразақов бабасы Алиш мүфти Усманқожаұлы туралы зерттеу жасап жатқанымызды естігенде, бізді ақжарылып қарсы алды. Қолымызға осы күнге дейін Алиш мүфти Усманқожаұлы жөнінде жергілікті «Жануби Қозақистан» және «Туркистан» газеттеріне жарияланған мақалаларды және Алиш мүфти Умарқожаұлыға тиесілі қолжазбалардың көшірмесін ұстатты. Түркістанның соңғы мүфтиі жөнінде қызық хикаялардан сыр шертті. Аталған мәліміттерді қанжығаға бөктеріп, арқа-жарқа болып қуандық.
Иә, Алиш мүфти Усманқожаұлы 1892 жылы Түркістандағы әзлер әулетінің өкілі Умарқожа қалпенің отбасында дүние есігін ашқан. Алғашқы діни білімді өз әкесінен алған. Өсе-келе Түркістанның мәшһүр мудәрісі Тоқта қалпенің медресесінде діни білім алуды жалғастырады. Бұқараға аттанып, ондағы ғұламалардың діни мәжілістеріне қатысып, білімі мен тәжірибесін толықтыра түседі. Шамамен 1915 жылдары елге оралып, Түркістандағы әзлер әулетіне тиесілі «Әл-Қожа ата» мешітінде бас имам болып қызмет атқарады.
Фиқһ ілімін терең меңгергендіктен, түркістандық дін ғұламалары оны шаһардың мүфтиі етіп сайлайды. Осы жылдары Қожа Қалан мақсұмның қызы Ықлимамен отбасын құрады. Екеуінің некесінен Ғұлам (1921-1985) атты ұл және Афтаб (1919-1972) атты қыз бала дүниеге келеді.
Түркістан – Құл Қожа Ахмет Ясауидің аситанасы орналасқан, сондай-ақ, Алаштың игі-жақсылары дамыл тапқан жер болғандықтан, жыл он екі ай қалаға зияратшылар ағылып келіп жататын. Халық көп келетіндіктен, шаһарда керуен-сарайлар, сауда-саттық орындары мен қолөнер орталықтары жұмыс жасайтын. Қара-құрым жұрт бас қосқан соң ел арасында түрлі мәселелер орын алатын. Ірілі-ұстақты осындай мәселелерді дауға ұластырмай мүфтилер шариғи үкімін беріп, шешіп отыратын. Абдалихан Алишевтің айтуынша бабасының «Муфти Түркистан Алиш ибн Умарқожа» деген арабша жазуы бар мөрі болған. Даулы мәселелерді қарап, шешім шығарғанда үкім мәтініне осы мөрін басады екен.
Сонымен қатар, Алиш мүфти дін ғұламасы ғана емес, таңдайы тақылдаған сөзге шешен, кітаби ақындарша өлең жазатын шайыр болған. Ол өмір сүрген алмағайып дәуірде оның жазған илаһи жырларын сақтап қалу мүмкін болмағанға ұқсайды. Дегенмен, бүгінге күнге өз қолымен жазған кейбір ғазалдары жетіп отыр. Әсіресе, өлеңдерінің ішінде қуғын-сүргінде жүріп шығарған «Мүбарак мекен – Түркістанды іздедім» деген өлеңі өте әсерлі жазылған.
Алиш Умарқожаұлы – Түркістан қаласының мүфтиі болғандықтан, мұсылмандар арасында өте жоғары беделгі ие-тін. Қарапайым бұқара жұрт құрмет көрсеткендіктен, билік өкілдері де онымен санасып отырды. Мысалы, Кеңес үкіметі пантүрікшілдік және панисламдық қозғалыстардан үркіп, 1924 жылы Түркістан Республикасын таратып, Орталық Азия халықтарына межелеу саясатын жүргізді. Осы кезде бұрын Түркістан Республикасына қарап келген Жетісу және Сырдария губерниясын қай республиканың құрамына қосамыз деген мәселе туындады. Сырдария губерниясына қарайтын Түркістан қаласының атырабында қазақтар көп болғанымен, шаһардың өзінде өзбектер мен сарттар көп тұратын. Түркістан қаласының тағдыры таразыға салынғанда, Алиш муфти Умарқожаұлы «Түркістан шаһары Қазақстанда қалуы тиіс» деп табандылық танытады. Межелеу саясатына жауапты комиссия өкілдері Түркістан мүфтиінің ұстанымын негізге алып, көне шаһарды Өзбекстан Республикасының құрамына қоспауға шешім қабылдайды.
Жалпы, Алиш мүфти Умарқожаұлының қызметтік ғұмыры Кеңес үкіметінің орнауымен тұспа-тұс келді. Әдепкіде, Кеңес билігі Түркістан Республикасының үкіметінің құрамынан «Мұсылман бюросын» ашып, жергілікті діни қауымға сенім бостандығын бергенімен, өңірде коммунистік идеологиянының өрге баспауына байланысты, оған бәсекелес рухани күштерді күйретуге шешім қабылдады. Алғашқыда 1928 жылы діни оқу орындарының жұмысына шектеу қойса, 1929 жылы РСФСР Халық комиссарлар кеңесі «Діни бірлестіктер туралы» қаулыны қабылдап, жаппай мешіттер мен медреселер және уақыптық қорлардың қызметіне тоқтау салды. Қанды-қасап бұл қаулыға қарсы келген діни қайраткерлер мен ғұламаларды қатаң жазалауға шешім қабылдайды.
Құдайсыздандыру саясатына көндікпеген Алиш мүфти Умарқожаұлы да тұтқынға алынып, ол имам болған «Әл-Қожа ата» мешіті жабылып, өзін 1932 жылы итжеккенге сүргінге айдайды. Алиш мүфти Сібір түрмесінен қашып шығып, Өзбекстан ауып, Тәшкент барып, одан ары Ферғана өңіріне өтіп, сонда бірнеше жыл жасырынып өмір сүреді. Түркістанға деген сағынышын баса алмай, ол 1937 жылы туған жеріне оралады. Алайда, жасырынып жүргенін НКВД қызметкерлері байқап қалып, тұтқынға алады. Бірнеше ай тергеуден кейін 1937 жылы 1 желтоқсанда Түркістанның теріскей бетіндегі Қосдиірмен деген жерде атып өлтіреді.
Түйін: Нағында, біздің бұл алғадай мақаламыз Алиш мүфти Умарқожаұлы туралы ізденістің басы ғана. Терең ізденіс жасау үшін алдағы уақытта Шымкент, Алматы, Ташкент, Мәскеу мұрағаттарын жан-жақты қарап шығуымыз керек. Ел ішінде көненің тәбәрігі ретінде сақталынып келе жатқан көне қолжазбаларды да іздестіріп, ғылыми зерделеу қажет. Ерінбей ізденсек, бір Түркістанның өзінен Алиш мүфтидің үкім айтып, мөрі басылған талай құжаттарды табуға болады. Әзірге қолда бар мәліметтердің негізінде Алиш мүфти Умарқожаұлын халқымен қайта қауыштыруды жөн санадық. Алла тағала Алиш мүфтидің арғы дүниесін жарық қылғай!
Мұхан ИСАХАН
Мүбәрак мекен – Түркістанды іздедім!
Ғұрбатта күн кешіп, өз шаһарымда жүз көріскенді іздедім,
Жол табатын досым жоқ, жолдасымды іздедім,
Өмірдің ашысы менен тұшысын татқанды іздедім,
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Өзімдей отансыз, ошақсыз кезбені іздедім,
Мүбарак тұрағым – Түркістанды іздедім.
Жүрмін ғұрбатта Ташкент пен Ферғанада,
Аңтарылып не істеуді де білмеймін,
Қайда барсам да қайғы болды маған серіктес,
Дертімді кімге айтып, кімге жылайын,
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Жүрегім толды қасіретке,
Отанға жету болды арман.
Біреудің жұмысын істеп қалмады әл-ауқатым,
Құдайдан сұрағаннан басқа жоқ амалым.
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Ас та, тамақ та у болды маған өзге елде,
Дүниенің кемері толатындай ақты қанды көз-жасым,
Күннен-күнге жауды басыма апат,
Қу дүние мен сұлулық айырды Отанымнан,
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Біле алмадым туған шаһарыма тағы бір бара аламын ба,
Ұл-қыз туысымды көре аламын ба,
Отан деп жылаймын бар қиындыққа шыдап,
Жүрегім өртенуде күндерді санап.
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Тағы бір рет туған жерде өмір сүре аламын ба,
Қожа Ахмет Ясауиге бара аламын ба,
Қара бетімді оның топырағына сүрте аламын ба,
Басымды табалдырығына қоя аламын ба,
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Көрінбейді көзіме бұл жердің ешбір қызығы,
Ертелі-кеш ойымда Түркістан шаһары.
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Өз жұртыңда құл бол, тек өзге жұрттың болма сұлтаны,
Көрінбейді көзге адамның бау-бақшасы
Соңына жетпейді Алиш айтқанымен ғурбат дастаны,
Нәсіп болсын саған Қожа Ахмет Поруш мекені
Ұлы бабам Қожа Ахмет Ясауи Сұлтанды іздедім,
Мүбарак мекенім – Түркістанды іздедім.
Алиш мүфти Умарқожаұлы