Мұстафа Шоқай 1942 жылы белгісіз жағдайда қаза тапқаннан кейін оның серіктері фашистік Германия өкіметінің қолдауымен «Түркістан Ұлттық Комитеті» мен «Түркістан легионын» құру ісін жалғастырды. Кейбір деректерді қоспағанда, зерттеушілердің көпшілігі аталмыш құрылымдардың 1942 жылдың басында құрылғанын баяндайды.
«Түркістан Ұлттық Комитетінің» құрылымы:
Комитет басшылығы. Президент – Вали Каюм-хан, өзбек. Президенттің орынбасары – Һайт Баймырза, өзбек, сонымен бірге «ТҰК»-нің әскери бөлімінің бастығы. Президенттің орынбасары – қырғыз Алманбетов Саттар, сонымен бірге «ТҰК»-нің насихат бөлімінің бастығы, Бас хатшы алғашқы кезде өзбек Карими, кейін – қазақ Қанатбай Қарыс.
Әскери бөлім. Оның мақсаты – «Түркістан легионының» құрылымдары үшін унтер-офицер және офицер құрамын іріктеп, дайындау; барлау мектептеріне қадрлар сұрыптап жинақтау; Орта Азия мен Қазақстан Республикаларына барлаушылар мен диверсанттар тобын дайындауға қатысу, барлау мектептеріне оқытушылар мен аудармашыларды іріктеу.
Насихат бөлімі. Легионерлерге идеологиялық тәрбие беру мәселесімен айналысады. Барлау мектептерінде, тұтқын лагерьлерінде тұрақты үгітшілер мен молдалар болса, бөлімде арнаулы тапсырмамен жүріп-тұратын насихатшылар тобы жұмыс істеген. Тиісті құрылымдарды, барлау мектептерін, әскери тұтқындар лагерьлерін және Орта Азия мен Қазақстанға жіберілетін тыңшыларды баяндама, конспектілермен, рефераттармен, газет-журналдармен және діни әдебиеттермен қамтамасыз етіп отырған.
Насихат деңгейін төмендетпеу мақсатымен «ТҰК» «Милли Түркістан» саяси журналы мен «Милли әдебиет» атты әдеби-көркем журналы айына бір рет, сондай-ақ, «Яны Түркістан» және «Түрік бірлігі» атты апталық газет өмірге келді.
Ғылым бөлімі. Кеңес үкіметінің ұлттық саясатын саралап, оның шын мәнін көрсететін еңбектер шығару бөлімінің міндетіне кірді. «Түркістан проблемасы», «Түркістан тарихы» сияқты елеулі еңбектер жарық көрді. «Болашақ Үлкен Түркістанның» картасы жасалып, жария етілді.
Әскери тұтқын бөлімі. «Түркістан легионына» кадр дайындады.
Бұдан басқа радиохабар, шығыс жұмысшылары, денсаулық сақтау бөлімдері болды (Амантай Кәкен. Түркістан легионы. Деректі толғам. Астана 2000).
«Түркістан лeгионы»
Түркістандық тұтқындардың есебінен құрылған легионының қашан құрылғаны хақында зерттеушілердің көзқарастарында ортақ тоқтам жоқ. Талай жылдан бері осы тақырыпты індете зерттеп жүрген Б.Садықованың жеткізуіне қарағанда, Шығыс министрі А.Розенберг 1941 жылы желтоқсан айында Гитлерге түрік легионын құруды жақтайтын қорытынды-есептік мәлімдеме түсіреді. Бас қолбасшы ұсынысты қабыл алып, осыған орай Cыртқы істер министрі Иоахим фон Риббентроп түрікшілдікті белсенді түрде қолдау туралы нұсқау береді. Осыдан кейін вермахт «Түркістан легионын» құруды қолға ала бастаған (Б.Садықова. Түркістан. 27.05.1998).
Шығыс легиондары туралы ереже бекітілген соң Польша территориясында 1942 жылдың жазы мен күзінде легиондардың құрылуы аяқталды. Амантай Кәкен неміс құжаттарының негізінде мынадай легиондардың құрылғанын жеткізеді: «Түркістан легионы», Әзірбайжан легионы, Солтүстік Кавказ легионы, Грузин легионы, Армян легионы, Еділ-татар легионы. Десек те, шығыс легиондарын әскери тұрғыдан қалыптастыру әжептәуір уақытқа созылған. Әсіресе, кадр дайындап шығару мен легиондардың ішкі құрылымын жетілдіруге бірнеше айлар қажет болды. «Түркістан легионының» жанында офицерлер және кіші офицерлер даярлайтын бір айлық мектеп жұмыс істеді. Діни жұмыстарға да үлкен мән берілді. Осы мақсатпен легионда арнаулы «насихат» бөлімшесі мен өзбек Қары Оқа деген молда басқаратын молдалар тобы құрылды. Әрбір ротаның өз молдасы болды, олар жауынгерлерге Құранды түсіндіріп, насихаттады. Имандылық жайында әңгіме өткізді.
Легионерлерге көбінесе кеңестік қару-жарақ берілді, үстіне неміс әскерінің киімін киді, жеңінің оң жағында «Тәңір бізбен бірге», оның астына «Түркістан» деп жазылып, мешіт суреті салынған таңбасы болды. Әрбір он күнде рота командиріне – 72, взвод командирі мен оның көмекшісіне – 45, бөлімше командиріне – 42, оның көмекшісіне – 36, легионерге 15 злотых берілді. Легионерлер «Түркістан Ұлттық Комитетінің» алдында Құран Кәрім ұстап тұрып: «Герман әскеріне қызметке кірген мен қолымдағы қаруыммен қасық қаным қалғанша большевиктермен және Қызыл Армиямен күресемін. Егер бұл антты бұзсам, мен Алла және герман командованиесі алдында жауап беремін!» – деп, салтанатты түрде серт беретін. Әскери дайындық барысында «Түркістан легионы» Шолпан ақынның «Гөзәл Ферғана, саған не болды?» деген өлеңіне жазылған «Түркістан гимнін» айтатын.
1942 жылдың аяғына таман «Түркістан легионы» құрамында әрқайсысы 1100-1200 адамнан тұратын 9 батальон және «Түркістанның жеке СС ротасы» (270 адам) кірді. Бұдан басқа «Тимур атындағы Түркістан батальоны», «СС-тың шығыс мұсылман дивизиясы», «СС полкы», «СС-тың дала ротасы», қазақтың «Алаш» отряды, түрік тектестердің бригадасы сияқты құрылымдар болған көрінеді (Амантай Кәкен. Түркістан легионы. Деректі толғам. Астана 2000).
Әсілі, еріктілердің негізгі дені фашистік Германияның азап лагерьлерінен аман шығу үшін «Түркістан легионының» құрамына кіргендер болатын. Сондықтан Қызыл Армиямен болған қиян-кескі ұрыстарда Түркістан легионы шешуші күш бола қойған жоқ. Сөйте-тұра соғыс кезінде түрікшілдік идеясына берік түркістандықтар Кеңес үкіметіне қарсы аянбай айқасты. Дегенмен Германия үшін «Түркістан легионының» пайдасынан зияны көп болды. Гаага және Женева конвенциясы бойынша соғыс тұтқындары қылмыскер болып саналмауы тиіс болғанымен, Сталин соғыс тұтқындарын «сатқындар» деп бағалады. Осыны көре-тұра Түркістан легионерлері ретін тапса, Қызыл Армия жағына шығып кетіп отырды. Себебі легионерлер қанды шеңгел коммунизмді иттің етінен жек көргенімен, қарсы беттегі өз бауырларына қарсы оқ атуына ары мен дәті жібермеді. Мысалы, NN 1, 3, 4, 6, 8-батальондар Қызыл Армия жағына өз еріктерімен берілді.
Легионерлер Кеңес Одағына қарсы соғыста Германияның үмітін ақтамағаннан кейін, Фюрер билігі 1943 жылдың 29 қыркүйегінде «Түркістан легионын» Батыс Еуропаны окуппациялау ісіне пайдалануға шешім қабылдады. Ал арнайы дайындықтан өткен Түркістан легионерлерін диверсия ұйымдастыру және көтеріліс жасау үшін Қазақстан мен Орта Азияға жіберді. Көккөзов, Төлегенов, Басқараев және Нартайлақов басқарған парашютистер тобы діттеген аймаққа келіп жеткенімен, берілген тапсырманы орындай алмай, бәрі қырылып-жойылды. 1943 жылы Мельничук десант тобы Түркіменияға келді. 1944 жылы Хошиевтің тобы Орта Азияға жіберілгенімен, олар Бұхараға келген соң, тапсырманы орындаудың қажеті жоқ деп шешті. Осы жылы Ағаев басқарған 14 адам Қазақстанға жіберілді. Іле-шала онымен байланыс орнату үшін Капсаламов тобы да жөнелтілді. Бірақ елге келген соң қолма-қол ұсталады. Көбі жергілікті өкіметке келіп өз еріктерімен беріледі.
Батыс Еуропадағы соғыстарында да «Түркістан легионы» Германияға опа әперген жоқ. Фюрер бұл бағыттағы соғыста «Түркістан легионын» партизандарға қарсы соғыста пайдаланбақшы болған-ды. Бірақ, керісінше, легионерлердің көпшілігі партизандарға айналып кетіп отырды. 1944 жылдан бастап неміс әскерінің соғыс майданында жеңіліске ұшырауымен «Түркістан легионының» құрамы сұйыла түсті. Тіпті, ІІ Дүниежүзілік соғыстың аяқталар шағында «Түркістан легионы» біржолата жойылып тынды. (Амантай Кәкен. Түркістан легионы. Деректі толғам. Астана 2000).
Түйін: Жалпы, легионерлердің фашистік Германияның үдесінен шықпауының бірнеше себептері болды. Біріншіден, «Түркістан легионы» құрылмастан бұрын тұтқындар лагерьлерінде немістер түркістандықтарды қынадай қырып салды. Яғни, легионерлер кешегі күні қандастарын баудай қырған фашистермен бір болғысы келмеді. Екіншіден, қарсы беттегі өз бауырларына қарсы оқ атуға, дәлірек айтсақ, Кеңес өкіметінің құрамындағы өз Отанына опасыздық жасауға ар-иманы жібермеді. Үшіншіден, 1943 жылдың орта шенінен бастап Қызыл Армия әскері неміс әскерлерін тықсырта түсті. Тіпті, 1944 жылы Қызыл Армияның жеңіске жететіндігі анық белгілі бола бастады. Яғни, түркістандықтар түбінде жеңіліске ұшырайтын неміс әскерінің құрамында болғысы келмеді. Төртіншіден, әскери жалдамалы болған тұтқындар қанша жерден үгіт-насихат айтылса да, өздерінің саяси ойынның құрбаны екенін іштей сезді. Сондықтан легионерлер фашистік Германия немесе коммунистік Кеңес өкіметіне емес, қасиетті «Түркістанға» адал болып қалуды таңдады.
Мұхан Исахан