Сұрақ: Тозаққа түскен мұсылманның жәннатқа кіруге мүмкіндігі бар ма?
Жауап: Пайғамбар түрлі жағдайларға байланысты Алланың құзырына шығып, сәждеге бас ұрып: «Уа Раббым! Үмбетімді кешіргейсің! Уа Раббым! Үмбетімді құтқарғайсың!» – деп мінәжат етеді. Ол кезде Жаратушы Иеміз сұрақ-жауап алынбастан жұмаққа кіретіндерді сол арада жұмаққа алып кетуін бұйырады. Ол сол бір бақытты жандарды алып жұмаққа кіреді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) одан соң тағы да тозаққа кірген мұсылмандар үшін де бірнеше рет шапағатшы болады. Бұл жайында Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деп түсіндірген:
«Алла Тағала маған:
– Қане, жүрегінде зерредей (бидай дәніндей) иманы болғандарды тозақтан шығар! – деп бұйырады. Мен Оның әмірін орындаймын. Одан соң тозақта қалған үмбетімді құтқару үшін Раббымның құзырына қайта шығамын. Ол маған:
– Қане, жүрегінде аз да болса иманы бар пенделерді тозақтан шығар! – дейді. Мен барып Оның бұйырғанын жасаймын. Одан соң қайтадан Раббымның құзырына шығып, енді қалған үмбетіме тозақтан құтқарылуын мінәжат етемін. Сол кезде маған:
– Жүрегінде бидай дәнінен де кіші, тіпті одан әлдеқайда кішкентай иманы болғандарды тозақтан шығар, – деп бұйырады. Мен барып Оның әмірін орындаймын.
Төртінші рет Жаратушы Иенің құзырына шығып:
– Уа Раббым! «Лә Иләһә иллә Алла» дегендерді тозақтан шығаруыма рұқсат бере гөр! – деп өтінемін. Алла Тағала:
– «Лә иләһә илла Алла» деушілерге шапағат ету ісі саған берілмеген. Алайда, құдіретіме, ұлылығыма, кеңдігіме ант етейін! «Лә иләһә илла Алла» дегендерді тозақтан Өзім шығарамын! – дейді (Бұһари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ