Сұрақ: Тозақ пен жәннатты көріп келген адам бар ма?
Жауап: Негізінде бұл сұрақ дін пайда болғаннан бері дінге қызығушылық танытқан немесе керісінше дінге сенбеушілердің жиі қоятын сұрақтарының бірі. Сондықтан да мұндай сұрақтарды дінмен бірге иық тіресіп келе жатқан сұрақтардың қатарына жатқызамыз. Бұған қатысты мұсылман ғалымдары түрлі нақли де ақли де жауаптар берген. Бірақ адам баласы әрбір ұрпақ, қоғам жаңарған сайын осы сұраққа қайта-қайта оралып, ақли дәлелдер сұрап отырады.
Барлық нәрсе осындай сұрақ қойған адамның ниетіне байланысты. Егер ол адам расында дінді әлі де жетік білуді қалап қойған болса, онда әрине, Алла оның зейінін ашады. Ал егер сұрақты дінді әлсіз немесе сенімсіз бір аңыз етіп көрсету мақсатында қойса, онда оған Құран мен хадистен тыс қаншалықты ғылыми және ақли дәлел келтіргенмен, ол адам жауаппен қанағаттанып қоймайды. Себебі оның мақсаты және ниеті мүлдем басқа.
Мұсылман адам жәннат пен тозақтың бар екеніне иман келтіреді. Бұл тұралы Құран аяттары мен пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан хадистері көп:
«Сондай-ақ қарсы болғандар үшін дайындалған оттан қорқыңдар. Әрі Аллаға және Елшісіне бой ұсыныңдар, әлбетте мәрхаметке бөлеңесіңдер. Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар» (Әли Имран:131-133). Сол сияқты және т.б.
Ақли дәлелге келер болсақ, ақыретке иман келтірмейтін «тозақты кім көріпті?», «жәннатты кім көріп қайтыпты?» дейтін адамдардың сұрақтары өзендегі майшабақ балықтарға ұқсайды.
Балықшы өзенге қармағын тастаған уақытта майшабақ келіп қармақты жиі-жиі қабаты. Сонда өмір көрген, көп нәрсені түйген тәжірибелі ірі балықтар келіп, оларға: «Ей балалар, абай болыңдар! Бұл қармақ деген алдамшы құрал. Ол сендерді шап беріп ұстап алады. Жоғарыда екі аяқты мақұлық бар. Қасында лаулап жанған от, оттың үстінде суы қайнап тұрған қазан бар.
Байқамасаң, сол қазаннан бірақ шығасың!», – деп есекртетін көрінеді. Олар болса: «Ей, шал! Сенің айтып тұрған екі аяқты мақұлығың қайда, жанып тұрған отың қайда, суы қайнап тұрған қазаның қайда? Оларды кім көріпті?» деп әлгі балықтарды мазақ етеді екен. Негізінде кәрі балықтың айтып тұрғаны рас есмес пе? Жағада тұрған адам, қасында жанған оты, оның үстінде қазаны да бар емес пе? Балықшы балықты ұстап от үстіндегі қазанға салады.
Дәл сол сияқты «тозақты кім көріпті?» немесе «жәннатқа кім барып келіпті?» іспетті сұрақтарды қоюшылар әлгі кәрі балықтың сөзіне құлақ аспай балықшының қармағына үймелеген майшабақтар сияқты. Пайғамбарлар мен Алланың жақын құлдары басқаларға о дүниенің бар екенін, ондағы марапат пен жаза, есеп-қисаптың болатыны туралы айтып кеткен.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Мақала нақты дәйектер арқылы өте сапалы жазылған екен. Әрі тақырыпта қызықты.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (С.А.С) мираж түнінде Алланың әмірімен сегіз жәннатты және жеті тозақты көріп келген. Құранда бұл өмір туралы да ол жақтағы өмір туралы да жазылған. Қазір ғалымдар құрандағы бұл өмір туралы жазылған дәйектердің бәрін ғылыми түрде дәлелдеп жатыр . Мысалы әйелдің жатырындағы нәрестенің қалай пайда болатынын қанша күнде ет болатынын, қанша күнде рух берілетінін және де екі мұхиттың қосылып бір біріне араласпайтынын т.б. мыңдаған дәлелдерді 14 ғасыр бұрын айтып кеткен, ал оны ғалымдар жиырмасыншы ғасырда ғана білді. Егер Құрандағы бұл өмір туралы жазылғандарды ғылыми түрде дәлелдеп жатқанда ахирет туралы жазылғандарды қалайша жоққа шығарасын?!